Автобустағы сынақ немесе мен қалай тәубеме келдім?
Автобустағы сынақ немесе мен қалай тәубеме келдім?

Біз ҚазҰУ-ға оқуға түскен жылы Рамазан қыркүйек айына келген еді. Сосын қарыз боп қалмайын деп парызға кірістім. Ниетім бір Алланың разылығы.

Алғашқы күндері қатты қиналдым. Бұрын ауыл жігіттерімен ойламаған жерден түйе бағуға шығып кетіп бір жұтым суға бола шыдамай шөлден құлап қалғаным есімде. Содан бері бұлай тамағым құрғап көрмеген еді. Уақыт өткен сайын әлсіреп барамын. Тағы да шөл. Қуырдақ жемеп едім ғой. Бұ не болды екен. Қиын-ай. Өзімше суреттеп көрейінші деген мақсатпен есіме түсіріп отырмын. Пернетақтам арқылы түртіп отырмын. Сол қыркүйек шілде айындай ыстық болып еді ғой…

Төле би көшесінің бойымен келе жатырмыз. Келе жатқан жоқпыз, тоқтап тұрмыз. Алдымызда қаншама көлік. Күн болса жанып тұр. Автобустың іші толып қалған, ауа жоқ. Мен шөлдеп барамын. Тамағым құрғап кетті. Бас айналды. Отырған жоқпын. Сыртқа шығып кеткенім дұрыс па? Бірақ одан шөл қанады деп кім айтты? Такси ұстасам ба екен? Кептеліс қой, бәрібір жүрісіміз мандымайды емес пе?! Не істесем екен. Шылқып терлеп кеттім.

Қайткен күнде де Ақсай-4 шағын ауданына жетіп алуым керек. Жалдамалы пәтер сонда. Көзім шалып қалды. Квас! Мұздай шығар. Жоқ! Қарауға болмайды, Азамат. Қараған сайын нәпсің сұрай береді, тынышыңа қоймайды. Одан да көрмеген болып тұра бер, қайтесің. Осыдан үйге жетіп алсаң салқын бөлмеде біраз тынығып аларсың. Шыдай түс, шыда.

Бір кезде Сайран көлін көріп қалдым. Адамдар шомылып жүр. Мәссаған! Рахат-ай, мыналардың қуанышында шек жоқ шығар. Ал біздің тұрысымыз мынау. Не ары жүрмейміз, не бері жүрмейміз. Күтіп-күтіп шаршадым. Мұрным айналамдағы қолтық иістерінен әбден таяқ жеп бітті. Амал не, күтесің. Жағажай у да шу.

Көлік бір кезде қозғалды. Қуандым. Бәрі қуанды. Бір кезде ұшты. Ыстық леп ұрып тұр. Мейлі, тезірек жүрсе болды. Сөйтіп аялдамадан түсіп қалдым. Хәлім нашар. Басым ауырды. Пәтерге қарай жүгірдім.

Үйге кірдім де ваннаға мұздай су толтырдым. Дүниені ұмыттым. Түстім. Баттым. Салқынын-ай!

Біраз жаттым. Шыққым келмейді. Ауызашарға әлі көп бар. Сосын ойға баттым. Мұздай суды денеңмен сезіне білу де Аллаһ тағаланың мейірімі екен ғой. Кәдімгідей жеңілдеп қалады екенсің. Жер бетінде бір жұтым суға зәру қаншама ел бар. Ал менің жатысым мынау. Қатты ұялып кеттім. Адамда қанағат деген болушы еді. Автобустың ішінде 2 сағат тұрамын деп есімнен тана жаздадым. Жаным тәтті екен. Сабырсыздық. Ақылсыздық. Қайта автобустың төбесі жабық. Әйтпегенде не болады?..

Қарап тұрсам Оның маған беріп қойған нығметтеріңнің санында есеп жоқ. Сөйте тұра кішкене бір сынағына сынып кете жаздадым. Кешір, Жаратқан Ием. Ұмытшақ екенмін. Астамшылық жасаппын.

Азамат Битан
date10.07.2014readCount6534printБасып шығару