old.muslim.kz Дастархан әдептері - Muslim.kz
Дастархан әдептері
Дастархан әдептері

Қазақ халқында сақталған әдептілік дәрістерінен нағыз мұсылман ұстанымының көрінісін көреміз. Солардың бірі дастарханда отыру, тамақтану әдебі. Енді халық санасында сақталған сол әдептерді хадис шәрифтермен ұштастырып көрелік.

Дастарханға отырғанда Алланың атын ауызға алып, тамақты табақтың жақын жерінен оң қолмен алып жеу ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі әдеп. Бұл Пайғамбардың (с.а.с.) өсиеттерінен алынған өнегелер.

عَنْ عُمَرَ بْنِ أَبِي سَلَمَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ لِي رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «يَا غُلاَمُ سَمِّ اللهَ وَكُلْ بِيَمِينِكَ، وَكُلْ مِمَّا يَلِيكَ». مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ.

Омар ибн Әбу Сәләмә (р.а.) былай дейді: «Маған Алланың Елшісі (с.а.с.): «Уа, бала! Алланың атын атап, оң қолыңмен же. Өзіңе жақын жерден же», – деп айтты»[1].

Асты ала бастағанда Алланың есімін айтуды ұмытып, кейіннен есінен түсірсе, «алдында да, аяғында да Бисмилла» десе болады.

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِذَا أَكَلَ أَحَدُكُمْ طَعَامًا فَلْيَقُلْ بِسْمِ اللَّهِ فَإِنْ نَسِيَ فِي أَوَّلِهِ فَلْيَقُلْ بِسْمِ اللَّهِ فِي أَوَّلِهِ وَآخِرِهِ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.

Мүміндердің анасы Айша (р.а.) былай дейді: «Алланың Елшісі (с.а.с.): «Егер де біреулерің тамақ жесе, «Бисмиллә» деп айтсын. Ал егер басында ұмытса, онда «Басында да, аяғында да «Бисмилла» деп айтсын», – деп айтты»[2].

Асқа сол қолын салған балаға үлкен кісілер оң қолмен жеуді үйреткен. Бұл келесі хадистен алынған тағылым болып саналады.

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «إِذَا أَكَلَ أَحَدُكُمْ فَلْيَأْكُلْ بِيَمِينِهِ وَإِذَا شَرِبَ فَلْيَشْرَبْ بِيَمِينِهِ فَإِنَّ الشَّيْطَانَ يَأْكُلُ بِشِمَالِهِ ، وَيَشْرَبُ بِشِمَالِهِ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Қайсыбірің тамақ жесе, оң қолымен жесін, ішсе де оң қолымен ішсін. Шындығында, шайтан сол қолымен ішіп, сол қолымен жейді»[3].

Осы тұрғыда оң жақ пен сол жақ жайындағы халық ұғымы мен мұсылмандық дәстүрдегі пайымды түсіндіріп өтудің реті келіп тұр. 

Оң жақты жақсы көру

Халқымызда барлық істерді оңшылдықты жақсы көру үрдісі бар. Игілікті іс бастағанда «Іс оң болсын!» деп тілек тілеген. Мейрам-мерекеде «Ұлыс оң болсын!» деп құттықтаған. Әрбір істі оң жақтан бастағанды дұрыс көрген. Адамдармен амандасқанда оң қолмен амандасқан, бірдеңе бергенде немесе алғанда оң қолмен, оң жақтан бастаған. Үйге кіргенде оң аяқпен кірген. Жаңа түскен келінді босағадан оң аяғымен аттатқан. Алғаш қадам басқан балаға, жаңадан келген кісіге «Қадамың оң болсын!» деген тілек айтқан. Жағымды нәрсені «оңды» деп бағалаған. Жалпы, оң жақты жағымды, ал сол жақты теріс, жағымсыз деп ұғынған. Бұл ұғымның мұсылмандық ұстанымға қатысы бар. Құран Кәрімде Уақиға сүресінің 27-аятында жұмақтықтар «оң жақ иелері» деп сипатталған. Хаққа сүресінің 19-шы, 25-ші аяттарында жұмақтық пенденің амал дәптері оң жағынан беріліп, ал тозақтықтың амал дәптері сол жағынан берілетіндігі айтылған.

Сондай-ақ, Пайғамбар (с.а.с.) әрбір істі оң жақтан бастағанды ұнатқан әрі үмбетіне де солай үйреткен.

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا ذَكَرَتْ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ يُحِبُّ التَّيَامُنَ مَا اسْتَطَاعَ فِي طُهُورِهِ وَنَعْلِهِ وَتَرَجُّلِهِ. رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Айша анамыздың (р.а.) айтуынша Аланың Елшісі (с.а.с.) дәрет алғанда да, аяқ киім кигенде де, шашын тарағанда да оң жақтан бастағанды ұнататын[4].

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُحِبُّ التَّيَامُنَ يَأَخُذُ بِيَمِينِهِ وَيُعْطِي بِيَمِينِهِ وَيُحِبُّ التَّيَمُّنَ فِي جَمِيعِ أُمُورِهِ». رَوَاهُ النَّسَائِيُّ.

Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.с.) оң жақтан бастағанды жақсы көретін. Оң қолымен беріп, оң қолымен алатын. Барлық істерінде оңшылдықты жақсы көретін»[5].



[1] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.
[2] Термези риуаят еткен.
[3] Мүслім риуаят еткен.
[4] Бұхари, Мүслім, Нәсәи риуаят еткен.
[5] Нәсәи риуаят еткен.

date12.05.2014readCount5862printБасып шығару