Қонақжайлылық – қазақы қасиет
Қонақжайлылық – қазақы қасиет

Қонақжайлық қазақтардың ежелгі қасиеті. Бұл жөнінде XIX ғасырдың аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн былай деп жазған болатын: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет».

Үйге келген қонақ оларда әрқашан үй иесінің қамқорлығы мен қорғауында болады. XIX ғасырда Қазақстанда болып, оны зерттеген неміс зерттеушілерінің бірі Ф. фон Хелльвальд та былай деп жазды: «Қырғыз-қайсақтар барынша қонақжай мейірімді болып келеді. Олардың киіз үйіне кіріп жайғасқан кез келген жатжерлік адамның өзімді біреулер тонап немесе өлтіріп кетеді-ау деп қауіптенбей, алаңсыз ұйықтай беруіне әбден болады».

Қазақтың дархандық, жомарттық қасиеті бұрынғы көшпелі ата-бабаларынан үзілмей келе жатқан дәстүр. Ислам діні келген соң осы дәстүрлерді одан әрі бекітіп, оларға мұсылмандық реңк берді. Ардақты аяттар мен Пайғамбар (с.а.с.) өсиеттері, сахабалардың сөздері ілкіде қалыптасқан ізгілік ұстанымдарын одан әрі нақтылап, олардың басты мақсаты Жаратқанның жарылқауына жету екендігін түсіндіріп, қайта жаңғыртты. Кейіннен қазақтар сақилық қасиет сөз болғанда Атымтай жомартты мысалға келтіретін болды. Ал Атымтай персонажының түп негізі араб дәстүрінде мәшһүр болған Хатим ат-Таи, яғни Таи тайпасынан шыққан Хатим деген кісі. Арабтар оны жомарттықта мысалға келтіретін. Мұсылманшылықпен бірге келген бұл мысалды қазақтар жатсынбай, өзінікіндей етіп өңін келтірді. Хатим ат-Таиға тілі келмегендіктен Атымтай деп қазақыландырып алды. Уақыт өте келе ол адамның араб екендігі ұмытылып, қазақы мысалға айналды.

Кең сахараны жайлаған қазақ халқында қонақ кәдесінің орны ерекше. Әр үйде қонаққа арналған сый-сияпат алдын ала дайын тұратын. Бұл үрдіс қазірге дейін сақталған. Қонақтың сыбағасы әрқашан дайын тұрады. Мейман күту қазақтың заңына айналған. Егер қонаққа лайықты құрмет көрсетілмесе, халық биі үй иесіне айып салатын. Қонаққа деген мұндай құрметтің бір негізі Ислам дінінде жатыр.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – деген[1].

عَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لاَ خَيْرَ فِيمَنْ لاَ يُضِيفُ». رَوَاهُ أَحْمَدُ.

Ұқба ибн Амирден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Қонақ күтпейтін жанда қайыр жоқ», − деген[2].

Қазақтар қонақты арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылқыма қонақ деп төртке бөлген. Солардың ішінде құдайы қонақ үй иесі танымайтын бейтаныс жан, жолаушы. Отағасы оны бұрын-соңды көрмеген адамын «Құдайы қонақпын» десе болды, жылы шыраймен қарсы алып отырған.

Халық нақылында қонақтың құрметін білдіретін «қырықтың бірі – қыдыр», «қонақтың өз ырыс-несібесі, құт-берекесі бар» деген сияқты ұғымдар қалыптасқан. Мейман бейтаныс болса да, үйдің төріне шығарылып қонақ хағы беріліп, құрмет көрсетіледі.

Қазақта қонақ болудың қатып қалған мерзімі болмайтын. Арнайы қонақтар апталап, айлап мейман болатын. Ал «үш күнге дейін қонақ» дейтін қағида көбіне құдайы қонаққа қатысты айтылатын. Оған дейін келген кісінің мақсаты сұралмайтын. Аталмыш қағиданың діннен алынғанына дау жоқ. Оған төмендегі риуаят дәлел болады.

عَنْ أَبِي شُرَيحٍ خُويْلِدٍ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ جَائِزَتَهُ»، قَالُواْ: وَمَا جَائِزَتُهُ؟ قَالَ: «يَوْمٌ وَلَيْلةٌ، وَالضِّيَافَةُ ثَلاَثَةُ أَيَّامٍ، وَمَا كَانَ بَعْدَ ذَلِكَ فَهُوَ صَدَقَةٌ عَلَيْهِ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

Әбу Шурейх Хуейлид ибн Амрдан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күнінен иман келтірсе, қонағының сыйын жақсылап берсін», – дейді. Сахабалар: «Оның сыйы не?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Оның сыйы – бір күн және түн. Қонақ ету үш күн, одан асқаны үй иесінің садақасы», – деген[3].

Ансарлықтың қонақ күтуі

 Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта бірде Алланың Елшісіне (с.а.с.) бір кісі келіп, өзінің аш екендігін білдіреді. Пайғамбар (с.а.с.) оны тамақтандыруды әйелдерінің біріне тапсырмақ болғанда ол жұбайы: «Өзіңді ақиқатпен жіберген Алланың атымен ант етейін, үйде қара судан басқа ештеңе жоқ», – дейді. Сосын басқа бір әйеліне жібермек болғанда, одан да сондай жауап алады. Сөйтіп, Пайғамбардың (с.а.с.) үйінде қонақ күтерлік жағдай жоқтығы анықталады. Ақырында Алланың Елшісі (с.а.с.) сахабаларына қайырылып: «Мына кісіні кім қонақ етеді?» – деп сұрайды. Сонда ансарлардың бірі тұрып: «Мен қонақ етейін, уа, Расулалла!» – дейді. Сөйтіп, оны мейман ету үшін алдымен әйеліне барып: «Үйде бірдеңе бар ма еді?» – деп сұрайды. Әйелі: «Балалардың талғажу етіп отырған азығынан басқа ештеңе жоқ», – деп жауап береді. Күйеуі: «Оларды бірдеңемен алдандырарсың. Қонағымыз үйге кіргенде шамды сөндір. Біз бірдеңе жеп отырғанға ұқсайық. Ал ол тамақ жегенде шамды жақ», – дейді. Сөйтіп, бар тағамын қонаққа беріп, оны разы қылады да, үйде ештеңе жоқ екендігін сездірмейді. Сол ансарлық таңертең алдына келгенде Құдайдың қалауымен оның ісінен хабардар болған Пайғамбар (с.а.с.): «Алла кешегі түні жұбайыңмен екеуіңнің қонағыңа жасаған істеріңе қайран қалды», – деп, ізгі ісінің сауабымен сүйіншілейді[4].



[1] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен
[2] Ахмет риуаят еткен
[3] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен
[4] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен

date04.05.2014readCount8797printБасып шығару