Дінді білмеген дымды білмейді
Дінді білмеген дымды білмейді

Діни сауаттылық дала халқы үшін киелі міндеттердің бірі саналды. Қандай жағдайда да діннен дәріс тыңдап, балаларын шынайы иманға баулуға айрықша көңіл бөлді. Төл сенімінде берік тұрғандықтан сырттан келетін рухани басқыншылыққа тегеурінді түрде төтеп бере алды. Ұлттық болмысын қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа жеткізе білді.

Қазақ халқында өзінің қажыр-қайраты мен ақыл-парасатының тереңдігіне сенімді нағыз жігіттерден бірнеше өнерден хабардар болу талап етілетін. Қайраты мен ақылы сай жігіт сұлтандарын «сегіз қырлы, бір сырлы» деп сипаттайтын. Сол «сегіз қырдың» бірі мұсылманша білімді болу еді. Сондықтан әрбір талапты ер мұсылмандық қағидаларын басқалардан гөрі жетік білуге тырысты. Арабша, парсыша, түркіше оқып, жазып үйренді. Ал діни білімнен мағлұматы мардымсыз, сауатсыз жандарды былайғы жұрт «әліпті таяқ деп білмейді» деп әжуалайтын. Расында да,  араб әліпбиінің алғашқы қарпі әлифтің жазылуы тік тұрған таяққа ұқсайды. Ал мұны білмеген жан нағыз надан деп танылған.

Абай заманында намаздың шарттарын дұрыс білмейтін, дұғаларын жөндеп оқи алмайтын адамдар қазақ қоғамында ең қор, надан адамдардың қатарына жатқызылған. Өйткені сол кездегі қазақ қоғамында діннен бейхабар болу, намазды, Құранды дұрыс оқи алмау, парыздарын білмеу үлкен айып саналған. Оны Абайдың Абыралы деген досына жазған әжуа өлеңінен аңғаруға болады.

Мен жасымнан көп көрдім,
Мұсылман мен кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды.
Қырағатын оқытып
Көріп едім, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді?!

Осылайша Абай Абыралы деген досының намаз оқығанын әжуа етеді. Оның Кәусар сүресін қате оқып, намаздың парыздарын дұрыс білмейтіндігін сынайды. Намаздың парыздарын толық білмеген кісі үшін нәпіл оқып тақуасынудың жөні қалай деп айыптайды.

«Дінді білмеген дымды білмейді» деген қағиданы білім алуда басты назарда ұстаған қазақ халқының бұл ұстанымы шариғат дариясынан алынған. Ислам діні мұсылмандарды білімді болуға шақырады. Нағыз байлық білім екендігін нақтылайды. Құдай туралы ілімнің, шариғат ілімінің Жаратқанның таңдаулы құлына беретін баға жетпес тартуы екендігін айтады.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَقُلْ رَبِّ زِدْنِي عِلْمًا﴾

Алла Тағала былай дейді: «Раббым! Білімімді арттыр» деп айт»[1].

Пайғамбардың (с.а.с.) да білімнің артықшылығы хақында айтқан өсиеттері көп.

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «فَضْلُ الْعِلْمِ أَحَبُّ إِلَيَّ مِنْ فَضْلِ الْعِبَادَةِ، وَخَيْرُ دِينِكُمُ الْوَرَعُ». رَوَاهُ الْحَاكِمُ وَالْبَزَّارُ وَالطَّبَرَانِيُّ.

Алланың Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Мен үшін ғибадаттың артықшылығынан гөрі білімнің артықшылығы сүйіктірек. Діндеріңнің ең қайырлысы – тақуалық», – деген[2].

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا قَالَتْ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: «إِنَّ اللهَ عَزَّ وَجَلَّ أَوْحَى إِلَىَّ أَنَّهُ مَنْ سَلَكَ مَسْلَكًا فِي طَلَبِ الْعِلْمِ سَهَّلْتُ لَهُ طَرِيقُ الْجَنَّةِ». رَوَاهُ البَيْهَقِيُّ.

Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Даңқты һәм ұлық Алла маған: «Кімде-кім білім алу үшін жолға шықса, Мен оның жұмаққа баратын жолын жеңілдетемін», – деп уахи түсірді»[3].

عَنْ مُعاوِيةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَال رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ يُرِدِ اللهُ بِهِ خَيْرًا يُفَقِّهْهُ فِى الدِّينِ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ، وَمُسْلِمٌ، والتِّرْمِذِيُّ.

Муғауиядан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Алла кімге бір қайырлылық қаласа, оның діни білімін арттырады», – деген[4].

عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ اللَّهَ يُعْطِي الدُّنْيَا مَنْ يُحِبُّ وَمَنْ لاَ يُحِبُّ وَلاَ يُعْطِي الدِّينَ إِلاَّ لِمَنْ أَحَبَّ». رَوَاهُ أَحْمَدُ.

Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Шындығында, Алла дүниені сүйген құлына да, сүймеген құлына да береді, ал дінді тек сүйген құлына ғана береді», – деп айтқан[5].



[1] Таһа сүресі, 114-аят.
[2] Хаким, Баззар, Табарани риуаят еткен.
[3] Бәйһақи риуаят еткен.
[4] Бұхари, Мүслім, Термези риуаят еткен.
[5] Ахмет риуаят еткен.

date21.04.2014readCount4079printБасып шығару