Тағдырға сенім
Тағдырға сенім

Басқа мұсылман жұрттары сияқты қазақ халқы да иман шарттарының бірі жақсылы-жаманды тағдырдың бір Тәңірден болатындығына шүбәсіз сенеді. Сондықтан осынау нанымның белгісі тілде көрініс тауып, кейінгі ұрпаққа ұлағат болып қалыптасты. Мысалы, қазақ мәтелінде «Құдайсыз қурай сынбас» делінеді. Мұның мәні төмендегі аяттың мағынасымен дөп келеді. 
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَمَا تَسْقُطُ مِنْ وَرَقَةٍ إِلا يَعْلَمُهَا﴾

Алла Тағала былай дейді: «...Қандай да бір жапырақ жерге түспесін, (Алла) оны да біледі...»

Тағы бір мәтелде «Қуған жетпес, бұйыртқан кетпес» делінеді. «Құлдың қалағаны болмайды, Құдайдың дегені болады» дейді тағы бір нақыл сөзде. Бұл сөздердің мағынасы мына аяттардан алынғандай.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَمَا تَشَاءُونَ إِلا أَنْ يَشَاءَ اللَّهُ رَبُّ الْعَالَمِينَ﴾

Алла Тағала былай дейді: «Бірақ әлемдердің Раббысы Алла қаламаса, сендер оны [туралықты] қалай алмайсыңдар».
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَيَفْعَلُ اللَّهُ مَا يَشَاءُ﴾
Алла Тағала былай дейді: «..Әрі Алла қалағанын жасайды» .

Құдайдан қорықпағаннан қорық

Қазақ халқы Жаратқан Иеден жасқануды, әміріне бойсұнып, тыйымынан тыйылуды жете түсінген һәм жүзеге асырған жұрт. Ел аузында сақталған сөздерден санаға сіңісті болған тура танымды танимыз. «Құдайдан қорықпағаннан қорық», «Киімі жаманды ит қабады, пейілі жаманды Құдай табады», «Қорық Құдайдан, қайт райдан». Осы сияқты мақал-мәтелдер қазақ халқының Алла Тағаланы лайықты ұлықтағандығын дәлелдейді. Халқымыз жаман іске бой үйреткен, тура жолдан тайып, азғындаған жанды көргенде «Құдайдан қорықсаң, нетті» деп тезге салып, тежеген.
Бұл сенімнің түп-негізі Құран Кәрім мен хадистерде жатыр. Раббы Тағала білімнің көзі Жаратқаннан қорқу екендігін баяндаған.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَاتَّقُوا اللَّهَ وَيُعَلِّمُكُمُ اللَّهُ﴾
Алла Тағала былай дейді: «..Әрі Алладан қорқыңдар, сонда Алла сендерге үйретеді..»
Даналардың данасы ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) білім-ғылымның, данышпандықтың түпкі негізі Жаратушыдан қорқу екендігін жеткізген.
عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «رَأْسُ الْحِكْمَةِ مَخَافَةُ اللهِ». رَوَاهُ الْبَيْهَقِيُّ.
Абдулла ибн Масғұд (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Даналықтың басы – Құдайдан қорқу», – деген .

Пайғамбарға (с.а.с.) құрмет

Ұлтымыз Ұлы Пайғамбарды (с.а.с.) өз дәрежесінде құрметтеп, қастерлей білді. Сүннетіне амал етіп, өсиеттерімен өмір сүрді. Халық арасында Пайғамбардың (с.а.с.) өмірбаяны, сипаты, қадір-қасиеті жайлы әңгімелер мен қиссалар, жалпы мәліметтер көп болды. Сондықтан қазақ арасында Алла Елшісіне (с.а.с.), әулетіне, туыстары мен сахабаларына қатысты адам аттары көп кездеседі. Мысалы, Әмина, Абдулла, Ахмет, Мұстафа, Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли, Хадиша, Айша, Зейнеп, Фатима, Күлсім, Ұрқия, Асан, Үсен, Сәдуақас, Сыддық, Әбутәліп, Әшім, Қосай, Әбдімүтәліп, Әбдіманап, Манап, Назар, Әбдірасул, Әбдінәби сияқты адам аттары көп кездеседі. Сонымен қатар, адамзат ардақтысының (с.а.с.) өзінің есімі ерекше көп кездескен. Бір қарағанда мұндай пікір қисынсыз болып көрінуі ықтимал. Алайда, тереңірек зерделесек, тегі Мұхаммед сөзіне тірелетін есімдердің көптігіне куә боламыз. Ондай аттардың бір парасының өңі қазақ тілінің үндестік заңына байланысты өзгерген болса, екінші бір бөлігі Пайғамбар (с.а.с.) есіміне деген ерекше құрметке сай әдейі өзгертілген. Мысалы, Мұхаммед, Мұхамбет, Махамбет, Мәмбет, Мәмет, Ормамбет, Баймағанбет, Бейімбет, Ақмағанбет, Ақпамбет, Жалмағамбет, Жайымбет, Нұрмағанбет, Құлмағамбет, Қалмағамбет, Мұқан, Мұқажан, Мұқағали, Мұқасан, Мұқаш, Маханбет, Махан, Мағжан және тағы басқа да нұсқалардан көз сүрінеді.

Сондай-ақ, Пайғамбар (с.а.с.) әулеті деп есептелетін ишандардың тұқымдарын айрықша құрметтеуді де Алла Елшісін (с.а.с.) қастерлеудің ерекше бір үлгісі деуге болады.

Жалпы адамзаттың ең ардақтысы Алланың Елшісіне (с.а.с.) деген құрмет өте ерекше болғандығын аңғарамыз. Оған (с.а.с.) титімдей қатысы бар дүниенің бәрі қасиетті саналған. Мұның өзі Пайғамбардың (с.а.с.) өсиетімен сай келеді.
عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لاَ يُؤْمِنُ أَحَدُكُمْ حَتَّى أَكُونَ أَحَبَّ إِلَيْهِ مِنْ وَالِدِهِ وَوَلَدِهِ وَالنَّاسِ أَجْمَعِينَ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

Әнес ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Сендердің қайсыбіреуің қашан мені өзінің әкесінен, баласынан және барлық адамдардан артық жақсы көрмейінше толық иман келтірген болмайды» .
عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «ثَلاَثٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ وَجَدَ بِهِنَّ حَلاَوَةَ الإِيَمَانِ: أَنْ يَكُونَ اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَحَبَّ إِلَيْهِ مِمَّا سِواهُما، وأَنْ يُحِبَّ الْمَرْءَ لا يُحِبُّهُ إِلاَّ لِلَّهِ، وَأَنْ يَكْرَه أَنْ يَعُودَ في الْكُفْرِ بَعْدَ أَنْ أَنْقَذَهُ اللَّهُ مِنْهُ، كَمَا يَكْرَهُ أَنْ يُقْذَفَ في النَّارِ». مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ.
Әнес ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Кімде мына үш нәрсе болса ол иманның тәттілігін сезінеді: Алла мен Оның Елшісін ол екеуінен басқа нәрсенің барлығынан артық көріп сүю; бір адамды жақсы көрсе, тек Алла үшін жақсы көру; күпірді, Алла оны одан құтқарғаннан кейін, құдды отқа түсуді қаламағанындай қатты жек көру» .

Білімдіге, ұстазға құрмет

Қазақ халқында әрбір ауылда, әрбір руда өзінің молдасы, діни жетекшісі, пірі, ұстазы болды. Олардың біразы Орта Азияның діни медреселерінде, одан ары араб елдерінде діни оқу орындарында, медреселерде көптеген жылдар бойы Ислам дінінен терең білім алып келген ұстаздар болатын. Ондай ұстаздарға деген сый-құрмет ерекше болды. Ел жақсылары оларды алдын ала шақырып, үй-жайымен, мал-дүниемен қамтамасыз етті. Айрықша ардақтап, қызмет көрсетті. Білімін балаларға, қауым-жұртқа үйрету үшін барлық жағдайын жасап, дүниелік жағынан мүлде алаңдамайтындай жағдай туғызды. Алаш жұртындағы білімге, діни адамдарға деген құрмет сондай болды. Бұл нағыз мұсылманшылықтың көрінісі. Ислам тағылымында ұстазды құрметтеу үлкен сауапты іс болып саналады. Қазақ халқында ұстаз туралы мынадай қанатты сөздер қалыптасқан. «Ұстазсыз шәкірт тұл». «Ұстазы жоқтың ұстазы шайтан». «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы». «Ұстаздан ұлағат».

Білім мен ұстазға деген осындай игі дәстүр Құран Кәрім мен хадистердегі өсиеттерден алынған.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَمَا كَانَ الْمُؤْمِنُونَ لِيَنْفِرُوا كَافَّةً فَلَوْلا نَفَرَ مِنْ كُلِّ فِرْقَةٍ مِنْهُمْ طَائِفَةٌ لِيَتَفَقَّهُوا فِي الدِّينِ وَلِيُنْذِرُوا قَوْمَهُمْ إِذَا رَجَعُوا إِلَيْهِمْ لَعَلَّهُمْ يَحْذَرُونَ﴾
Мысалы, Алла Тағала мүміндерге: «Мүміндерге жорыққа бүтіндей аттануларына болмайды. Дінді үйренулері үшін әрі қауымдарына қайтып оралған кездерінде оларды ескертулері үшін әрбір қауымнан бір топты (білім алуға) неге аттандырмасқа? Бәлкім, сонда олар (қауымдары) сақтанар» – деп бұйырған .
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَلاَ إِنَّ الدُّنْيَا مَلْعُونَةٌ مَلْعُونٌ مَا فِيهَا إِلاَّ ذِكْرَ اللَّهِ وَمَا وَالاَهُ وَعَالِمًا أَوْ مُتَعَلِّمًا». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ وَابْنُ مَاجَه.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Шындығында, бұл дүние опасыз және оның ішіндегінің бәрі де опасыз (терістелген). Тек Алланың зікірі мен соған қатысы барлар, білімді не үйренуші ғана олай емес», – деген .

Діни рәсімдерге құрмет

Халқымыз ежелден дініне берік болды. Құдайға құлшылық ету жолдарын жақсы білді. Ғибадат рәсімдеріне ерекше көңіл аударып, құрметтеді. Сондықтан мінәжат, намаз, ғибадат ұғымдары халық жадында айрықша сақталды. Оның біразын тарихтан жеткен мағлұматтар және жайнамаз, діни кітаптар сынды жәдігерлер арқылы білсек, енді бірін тілдегі айғақтардан аңғарамыз. Ел арасында діни рәсімдерге құрметті дәлелдейтін мынадай сөз оралымдары сақталған. «Аллаға жағам десең азанды бол, ағайынға жағам десең қазанды бол». «Бейнамаздан кейнамаз жаман».

Тарихи жәдігерлерден, Алаш даласын зерттеген шетелдіктердің еңбектерінде қазақ халқының мұсылманшылықты жақсы ұстағандығы жайында айтылады. Соның бірі 1879 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Народы России» деген еңбектің қазақтарға арналған шығарылымында дала халқының күні құлшылықпен басталатындығы туралы мынадай қызықты мағлұматтар келтірілген. «Қырғыздардың (қазақтардың – ауд.) күні таң атқаннан басталады. Таң жарығы шығар-шықпастан молда немесе ерте тұрған бір адам даусын созып азан айтады. Сол сәтте бүкіл киіз үйлердің есіктері ашылады. Оянған жандар дәрет алу үшін суға барады. Дәрет алған соң алғашқы намаз үйде немесе үй сыртында оқылады. Әйелдер жағы бұл кезде төсектерін жинап, от жағып, таңғы астың қамына кіріседі. Таңғы астан кейін үй иесі қолдарын жуып, «Аллаһу әкбар» деп сақалын сипайды. Сосын әрқайсысы өз тіршілігіне кіріседі» .

Қазақтың ежелден мұсылман халық болғандығына сол замандағы ақын-жыраулардың, би-батырлардың сөздері дәлел болады. Қазақ пен ноғай бөлінбей тұрған кездің өзінде ел ағалары мен ауқатты адамдар қажылыққа барған екен. Оған хан ордасының жырауы Шалкиіз Тіленшіұлының (1465-1560) Темір биге айтқан мына өлеңі дәлел.

Тәңірінің үйі Кебені
Ибраһим Халил Алла жасапты,
Ғазырейіл - жан алмаға қасап-ты,
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңірінің үйі – Бәйтолла,
Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты!

Ал хан ордасының бағдаршысы Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668-1781) ғұмырлық тілек-өсиеттердің қатарына ғибадатты да қосып былай толғайды:

Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз,
Бір шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз,
Үшкілсіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тіленіз,
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз,
Бес уақытты бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа.

Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы (1748-1819 ж.)) әрбір пенденің махшар күніндегі масқаралықтан сақтайтын тек ізгілік, ғибадат екендігін нақтылап нақыл түрінде өлеңдетеді де, келесі бір шумағында қазақ жігіттеріне насихат айтады:

Қараңғы қабірде жатпақ қиын,
Таңла мақшар болады ұлы жиын.
Намаз, ораза, ғибадат бек пайдалы,
Алладан тілек қылып, күнде сыйын.

Жігіттер, өлім – рас маған нансаң,
Ораза ұста, намаз оқы, тілімді алсаң.
Ораза ұстамай, намазды оқымасаң,
Әрине, күнәсі не, өлмей қалсаң.

Қабан жырау (1733-1824) пенде атаулы үміт ететін екі дүние бақытының қайда болатындығын түсіндіреді, парыз ғибадаттың сырын ұқтырады:

− Бақыт қайдан келесің?
− Ораза, намаз оқымас.
Алланың атын тоқымас,
Бейнамаздан келемін.
− Бақыт қайда барасың?
− Тарауық намаз оқыған,
Көңіліне аят тоқыған
Ниетті елге барамын.
…Сәресі, сахар ішетін,
Хақ жолына түсетін,
Ниетті елге барамын.
Шортанбай Қанайұлы (1808-1881) мүміннің ғұмырлық жолын құбылаға бағытталған құлшылықпен қатыстырады:
Құбылаға бас қоймақ –
Мұсылманның тарығы.
Ораза, намаз қаза қылмасаң,
Көңіліңде Құдай барлығы.

Қазақтың данасы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) махаббатпен өрілген иманнан кейінгі ғибадаттардың әрбір мұсылман үшін маңыздылығына тоқталады. Оларды шынайы сеніммен орындау керектігіне баса көңіл бөледі:

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,
Қылғанменен татымды бермес жеміс.

Әбубәкір Кердері бабамыз (Әбубәкір Боранқұлұлы (1861-1903)) ғибадаттың шынайы пайдасы Қияметте көрінетіндігін айтады:

Пайдасын өзің көресің,
Ғибадат қылып Аллаға.
Бір жаныңды нұрласаң.
Жаныңа ғазап хақ болар
Ораза, намаз, зекет, хаж
Атқарып уақыт тұрмасаң.

Сондай-ақ, ізгі істе ыждағат таныту әрбір мұсылманға қажет деп біледі:
Мұсылман болсаң – іждәт қыл,
Иман, руза, намазға.
Ағайын болсаң, тату бол,
Әуес болма аразға!

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) құлшылық түрлеріне ұғынықты мысалдар келтірген:
Оразаң отыз күнгі – отыз кісі,
Бес кісі – бес намазың білемісің.
Жоқ қылып жамандықты жойылтуға,
Бұларсыз дәнемеге келмес күшің.

Мәшһүр Жүсіп бабамыз қазақтың шариғат жолы Әбу Ханифа мазһабы екендігін де нақтылап өткен:
Өзіңе болар махшарда,
Ізгіліктің пайдасы,
Хазіреті Имам Ағзам –
Шариғаттың айнасы.
Солардан табылған,
Шайтанды жеңбек хайласы.
Дұрыс намаз, ораза,
Малғұнның тәніне,
Шанышарлық найзасы!

date04.04.2014readCount4692printБасып шығару