Қазақ халқының имани дәстүрлері
Қазақ халқының имани дәстүрлері

Ұлттық сана

Қазақ кеше көшпелі, бүгінде отырықшыланған өркениетті халық. Яғни отырықшылық мәдениетке көшкеніне бір ғасырдан астам уақыт болған жаңа қанды ұлт. Жалпы сайын далада, тұмса табиғаттың ортасында тіршілік жасаған номад халықтардың ұлттық санасы белгілі бір қорғанның қабырғасының ішінде қым-қуыт тіршілік еткен отырықшы жұрттардан өзгеше болған. Ол туралы тарихшылар мен әлеуметтанушылар айтып кеткен. Көшпелілер адамизат болып жаратылған әу бастағы жаратылыстық саф сипаттарға жақынырақ болса, отырықшыларға өркениеттенген мәдениет пен қу саудагерде болатын құбылмалы сипаттар тән. Бұл тақырып байланысты әлеуметтану ғылымының түп атасы Ибн Халдун өзінің әл-Муқаддима атты еңбегінде арнайы бір бөлім жазған. Ол былай дейді: «Дала жұрты қала жұртынан қарағанда фитраға[1] жақын. Адам жаны алғашқы жаратылыстық таза қалпында яки фитрада болғанда өзіне жеткен сөзді, үгітті қабыл алуға әзір тұрады, жақсылық пен жамандықты тез сезіп, ажыратады. Алла Елшісі (с.а.с.): «Әрбір нәресте әу бастағы жаратылыста, фитрада туылады. Алайда ата-анасы оны не яһуди етеді, не христиан етеді, не мәжуси етеді», – деген. Адамға жақсы, жаман сипаттың қайсысы бірінші жеткенде екіншісінен алыстайды да, оған қол жеткізу бара-бара қиынға айналады. Ізгілік иесі өзіне ізгілік әдеттері жеткенде бойында зұлымдықтан аулақ болу қасиеті қалыптасады да, жамандықтан ұзақтап, оған оралу қиын іске айналады. Керісінше, зұлымдық иесі де жамандыққа бой үйретіп алғаннан кейін жақсылықтан мүлде жырақ кетеді.

Қала халқы жайлы тіршілік, рахат өмірге, дүниеқұмарлыққа, өркениет қызықтарына көп бой үйреткендіктен жан дүниелерінде теріс мінездер, жаман қылықтар көп болып, соның себебінен ізгілік жолдарынан алыстайды. Олардың бойларынан қымсыну, ұялу сипаттары кетеді де, отырыстарында  былапыт сөздерді жиі айтатын болады. Үлкендері мен әйелдері мұндай теріс қылықтарға тәйт деп тоқтау салмайды. Сөздері мен істерінде бұзықтық белгілері байқалған соң олардағы ұялу сезімі жойылады.

Ал дала жұртында қалалықтар сияқты дүниеге құмарлық сипаты аздап болғанымен, тұрмыс жағдайларына қарай жайлы өмірдің шектеулі бөлігіне ғана қол жеткізеді. Қызықтар мен рахатшылықтың көріністері мұнда аз. Сондықтан жайлы тіршіліктен туындайтын теріс сипаттар да, бұзық мінездер де қала жұртына қарағанда азырақ. Сол себепті де олар фитраға жақынырақ...»[2].

Әрине, Ибн Халдунның бұл пікірін жоққа шығарғандар да болған. Олар мына аятты дәлелге келтірген.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿الأعْرَابُ أَشَدُّ كُفْرًا وَنِفَاقًا وَأَجْدَرُ أَلا يَعْلَمُوا حُدُودَ مَا أَنْزَلَ اللَّهُ عَلَى رَسُولِهِ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ

Алла Тағала былай дейді: «Бәдәуи арабтар күпірлік пен екіжүзділікте қаттырақ әрі Алланың Елшісіне түсірген шектеріннен мақұрым қалуға лайықтырақ. Алла Білуші һәм Дана»[3].

Алайда осы аяттан кейінгі аяттарда көшпелі арабтардың жақсылары да, жамандары да болатындығы жайлы айтылған. Сондықтан бұл мәселеге сыңаржақ көзқараспен қарауға болмайды.

Дала халқы табиғатқа етене жақын тіршілік ететіндіктен жандары да тазалыққа, фитралық қасиеттерге бай. Тілдері де, дәстүрлері де қала халқынікіндей көп бұзылмаған. Сондықтан ертедегі арабтар салт-дәстүр мен таза араб тілін үйрету үшін балаларын көшпелі туыстарының арасында тәрбиелеуге тырысқан. Ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) өзі де араб тайпаларының арасында өсіп, олардың салт-дәстүрлерінен, тілі мен ділінен, шежіресінен жете хабардар болған. Әрбір тайпаның өкілімен өз тілінде ескі танысын көргендей емен-жарқын сұхбат құрған. Соның арқасында олармен ортақ тіл табыса алған. Мұның өзі жаратылыстың ең қайырлысына деген Жаратушының ерекше мейірімі, хикметі.

Қазақ халқы да сол арабтар сықылды көшпелі ел болды. Оған соншалықты көп уақыт өте де қойған жоқ. Сондықтан қала мәдениетімен тіршілік еткен көршілес туыс халықтарға қарағанда әлі де болса фитралық сипаттарға жақынырақ. Қазақстанда бірнеше жыл жұмыс істеген араб ғалымынан қазақ қандай халық екен деп сұрағанда, ол қазақтың нағыз фитраға жақын таза пейілді ұлт екендігін айтып, пікірін білдіріпті.

Расымен де, халқымыз ата-бабасының жолынан ауытқи қоймаған фитраға жақын ел. Ал мұндай сипаттағы халықтардың бір қайнауы ішінде, болашағы әлі алда. Тарих парақтарынан осы сипаттағы халықтардың елеулі жаңалықтар жасап, өркениет дөңгелегін алға жылжытуға үлкен үлес қосқандығын білеміз.

Құдай Тағала туралы таным
Қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан діні – Ислам, шариғаттағы іс-амал мазһабы – ұлы имам Әбу Ханифаның мазһабы. Ал діни дүниетанымдық ұстанымы Исламның негізгі қайнар бұлақтары – Құран мен Пайғамбардың (с.а.с) сүннетіне негізделген Сүннет және жамағат жұрты, оның ішінде Әбу Мансұр әл-Матуридидің мектебі болып табылады. Қазақ халқының да ұлттық бет-бейнесі, ділі мен тілі осы идеологиялық мектептің негізінде қалыптасты. Оған айғақ боларлық айшықты дәлелдер жетіп-артылады. Бұхар жыраудан бастап Абай, Шәкәрімге дейінгі ойшылдар мен ақындардың мұраларынан нағыз мұсылмандықтың үлгісін көреміз. Мысалы, Абылай ханның ақылшы абызы Бұхар жырау (1668-1781):

Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас! – деп Құдай деген құлдың медетсіз қалмасына нық сенімді екендігін білдірсе, ал кейінгі ғасырларда ғұмыр кешкен Мәшһүр Жүсіп таухид іліміндегі иләһи сипаттарды жалпақ жұрттың құлағына үйреншікті өлең жолдарымен былайша өрнектеген:

Ол – Алла жисм, жауһар, ғариз емес,
Боларға басқа басқа бөлектенбес.
Алланы еш нәрсеге ұқсатуға,
Еш нәрсе Оған ұқсап жөні келмес.
Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес,
Мекенін бір Алланың ешкім білмес.
Сипаты сегіз болған, бірі – кәләм,
Сөйлейді құдіретімен Алла Тағалам
Сөйлеуі біздей тілмен, жақпен емес,
Тіл, жаққа мұқтаж емес секілді адам
Алды-арты, асты-үсті, оң-солы жоқ,
Ауыз, мұрын,аяқ, бас, көз, қолы жоқ.
Еш нәрсеге ұқсамайды Ол, еш нәрсеге,
Кітаптың айтқанынан ойлама көп.

Бұл жерде Мәшһүр Жүсіп «Мекенін бір Алланың ешкім білмес» деп Жаратқанның кеңістіктен орын алмайтындығын, жаратылыс сияқты мекені болмайтындығын меңзеп тұр. Бұл Құдай Тағаланың Құран Кәрімде айтылған сипатымен дөп келеді.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ وَهُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ﴾

Алла Тағала былай дейді: «Оған (Аллаға) ұқсас ештеңе жоқ! Әрі Ол – Естуші һәм Көруші!» (Шура, 11).

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿فَإِنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ﴾

Жаратқан Ие былай дейді: «Ақиқатында, Алла әлемдерге мұқтаж емес» (Әл Имран, 97).

Сондай-ақ, қазақтың данасы Абай Құнанбайұлы да қазақтың Тәңір туралы танымдық тұжырымын қара өлеңмен өрнектейді:

Мекен берген, халық қылған Ол – лә мәкән,
Түп Иесін көксемей бола ма екен?
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

Ақындар мен оқымыстылары анықтап берген Құдай Тағала туралы қазақтың ұстанымы Сүннет пен жамағат жұртының ұстанымымен бір. Оның ішінде әл-Матуриди мектебінің ізбасарлары екендігін білдіреді. Мысалы, ғұлама ат-Тахауидің мұсылманның наным қағидаларын тұжырымдап берген еңбегінде былай делінеді.

وَتَعَالَى عَنِ الْحُدُودِ وَالْغَايَاتِ، وَالأَرْكَانِ وَالأَعْضَاءِ وَالأَدَوَاتِ، لاَ تَحْوِيهِ الْجِهَاتُ السِّتُ كَسَائِر الْمُبْتَدَعَاتِ

«Алла шекаралардан, шектерден, тіректерден, мүшелерден, құралдардан асқақ, Оны жаратылған нәрселер сияқты алты жақ қамтымайды».

Түсіндірмесі: «Алла Тағала уақыт, кеңістік, өлшемдерге мұқтаж емес. Өйткені ол материя емес. Ол ұғымдарды, құбылыстар мен заттарды, заңдылықтарды жаратқан. Ал Өзі ол жаратылыстарға, заңдылықтарға бағынбайды. Алла Тағала ондай жаратылыстық қасиеттерден пәк. Дүниедегі нәрселердің барлығы белгілі бір кеңістікте мекен, орын алып орналасқан. Олардың асты мен үсті, алды мен арты, оңы мен солы бар. Жаны барлардың жүретін тіректері, яғни аяқтары, сезетін мүшелері, ұстайтын қолдары болады. Бұл жаратылғандардың сипаты. Ал Алла Тағала ондай сипаттардан ада. Жаратқанға жаратылыстың қасиетін таңған адам күпірлік келтіреді»[4].

Тәңірден тіле тілекті
Қазақ халқы тілек-қажетін бір Құдай Тағаладан сұраған. Дұғасының қабыл болуы үшін тәуәссүл жолдарына жүгінген. Басты тілек Құдайдың қаһарына ұшырамау деп түсінген қоғам Жаратқаннан сұрап, Оған тәуекел еткен жан түбінде мақұрым қалмайды деп иланған. Мысалы, Бұхар жырау былай дейді:

Алла деген ар болмас,
Алла деген пенделер,
Еш нәрсеге зар болмас.

Сонымен бірге халық жадында сақталған оралымдар, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер қазақтың Құдайшыл ел болғандығын білдіреді. Мысалы, тілекке тек Тәңірдің жауап беретіндігін мынадай мақал-мәтелдермен білдірген. «Құдайдан сұрасаң, кешірер, кісіден сұрасаң, үніңді өшірер». «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады». «Құдайға сиынған құстай ұшады,  адамға сиынған мұрттай ұшады». «Алла деп барсаң аман келерсің». 

Мұндай сөздер шынайы мұсылман танымының болғандығын дәлелдейді. Қасиетті аят-хадистерде тілекті бір Алладан ғана тілеу керектігі баса айтылған.

وَلَقَدْ جَاءَ رَجُلٌ إِلَى النَّبِيِّ فَقَالَ: أَقَرِيبٌ رَبُّنَا فَنُنَاجِيهِ، أَمْ بَعِيدٌ فَنُنَادِيهِ، فَسَكَتَ عَنْهُ، فَأَنْزَلَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُواْ لِي وَلْيُؤْمِنُواْ بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ.

Бірде бір кісі Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: «Уа, Расулалла! Раббымыз жасырын дұға қыларлықтай жақын ба, әлде дауыстап шақырарлықтай алыс па?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.а.с.) үндемей қалады. Көп ұзамай Алла Тағаладан жауап ретінде мына аят түседі: «Егер сенен пенделерім Мен жайында сұраса, Мен жақынмын, дұға етуші Маған қайырылса, дұғасына жауап беремін. Сондықтан да Маған (жолдауыма) жауап қатсын, Маған иман келтірсін. Сонда тура жол табар»[5].

عَنِ بْنِ عَبَّاسٍ قَالَ: كُنْتُ خَلْفَ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَوْمًا، فَقَالَ: «يَا غُلَامَ، إِنِّي أُعَلِّمُكَ كَلِمَاتٍ اِحْفَظِ اللهَ يَحْفَظُكَ، اِحْفَظِ اللهَ تَجِدْهُ تِجَاهَكَ، إِذَا سَأَلْتَ فَاسْأَلِ اللهَ، وَإِذَا اسْتَعَنْتَ فَاسْتَعِنْ بِاللهِ، وَاعْلَمْ أَنَّ الْأُمَّةَ لَوِ اجْتَمَعَتْ عَلَى أَنْ يَنْفَعُوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَنْفَعُوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللهُ لَكَ وَلَوِ اجْتَمَعُواْ عَلَى أَنْ يَضُرُّوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَضُرُّوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللهُ عَلَيْكَ، رُفِعَتِ الأَقْلَامُ وَجَفَّتِ الصُّحُفُ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُ.

Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деді: «Пайғамбардың (с.а.с.) артында келе жатқанда Ол (с.а.с.) маған: «Ей, балақай! Мен саған мына сөздерді үйретемін: Алланы (тіліңде, жүрегіңде) сақта, сонда Ол сені сақтайды. Алланы сақта, сонда оны алдыңнан табасың. Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле. Бүкіл халық жиналып, саған бір пайда келтірмек болса да, тек Алла жазған нәрсені ғана келтіре алатындығын және олар саған бір зиян келтірмекке жиылса да, тек Алланың жазғанын ғана келтіре алатындығын білгейсің. Қаламдар көтерілді, парақтар кеуіп кетті (яғни тағдыр тақтасына бәрі жазылды)», – деді[6].

Пайғамбар (с.а.с.) егер құлдары ықыласпен тілек тілесе, Құдай Тағаланың олардың тілектерін жауапсыз қалдырмайтындығы туралы айтқан.

عَنْ سَلْمَان رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَعَلَى آلِهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ رَبَّكُمْ حَيَّيٌ كَرِيمٌ يَسْتَحِي مِنْ عَبْدِهِ إِذَا رَفَعَ إِلَيْهِ يَدَيْهِ أَنْ يَرُدَّهُمَا صِفْرًا». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُ وَأَبُو دَاوُدَ وَابْنُ مَاجَه وَأَحْمَدُ.

Салман Фарисиден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Ақиқатында, Раббыларың ұят Иесі және Жомарт, пендесі Өзіне екі қолын көтеріп дұға қылғанда ештеңесіз қайтарудан ұялады», – деген[7].

Ғаламдардың Иесі Хақ Тағала Өзі ғана жасайтын істі жаратылыстан сұраған пендесіне ашуланады.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ لَمْ يَسْأَلْ اللَّهَ يَغْضَبْ عَلَيْهِ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُ وأحمد.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Алла Өзінен сұрамаған жанға ашуланады», – деген[8]. Осы хадистің мағынасын бір шайыр мынадай шумақтармен айшықтаған екен.

لاَ تَسْأَلَنَّ بَنِي آدَمَ حَاجَةً    وَسَلِ الَّذِي أَبْوَابُهُ لاَ تُحْجَبُ

اللهُ يَغْضَبُ إِنْ تَرَكْتَ سُؤَالَهُ    وَبَنِي آدَمَ حِينَ يُسْأَلُ يَغْضَبُ

Сұрамағын пендеден, жағарсың кейде жақпассың,
Тілекті тіле Құдайдан айқара ашқан қақпасын.

Ашуландырар Алланы Өзінен тілеуді тәрк етпек,
Ал, адамнан сұрасаң, сараңданар, шарт кетпек.


[1] Фитра – адамзаттың алғашқы жаратылыстағы бұзылмаған таза қалпы, ділі.
[2] Әл-Муқаддима, 4-бөлім.
[3] Тәубе сүресі, 97-аят.
[4] Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Таным тұғыры» кітабы, 39-бет.
[5] Бақара сүресі, 186-аят.
[6] Термези риуаят еткен.
[7] Термези, Әбу Дәуіт, Ибн Мәже, Ахмет риуаят еткен.
[8] Термези, Ахмет риуаят еткен.

date26.03.2014readCount5267printБасып шығару