Қадіріңді білмей, қоштасып тұрмыз өзіңмен...
Қадіріңді білмей, қоштасып тұрмыз өзіңмен...

Қасиетті рамазан айының соңғы жұмасы. Мешіттегі имам айт намазының оқылу уақыты, қадір түнінің қасиеті жайлы уағыз айтуда. Көзім жасқа толы, себебі де түсінікті: өзіме берілген үлкен мүмкіндікті мүлт жібердім. Бүкіл өмірін бос әурешілікпен өткізіп, әбден қартайып, басып өткен өткен өмір жолына назар салғанда өнегелі ізді көре алмай, дал болған кісінің күйін кешіп отырмын. Рамазан айы келмей жатып, белімді бекем буып: осы оразада Құранды толықтай хатым етемін, пәлендей амал жасаймын, түгендей амал жасаймын деген мақсаттырымның құр қиялға айналғандығын көріп, көңілім тыныштық табар емес.

Базарда бар дауысымен айқайлап, жанын салып балмұздақ сатып жүрген сатушыларды көргенде: «Еее, жаз мезгілі бұл кісілердің сауда жасайтын мезгілі де» деуші едім... Маған берілген сауап жинайтын мезгіл өтіп бара жатса, менің әлгі кісідей жанымды қинап, сауап амал істеуіме кім немесе не кедергі. Кеше ғана «қош келдің, рамазан» деп сауап үмітімен күтіп алған қасиетті аймен қоштасатын кез де келіп қалыпты.

Алла Құранда: «Дәптерлер ашылған сәтте, Аспан ашылған сәтте, Тозақ қыздырылған сәтте, Ұжмақ жақындатылған сәтте, әркім не әзірлегенін біледі (Тәкуир 10-14)», – деген жоқ па? Ей, өзіне жақсылықты қош көретін нәпсім, бүкіл әлемдердің раббысы болған Алланың алдына барғанда қай бетіңді көрсетпекшісін? Әр адам не әзірлегенін көрсететін болса, ол күнге сен не әзірледің, нәпсім? Сауаптар еселеніп берілетін айдың өзін ғапылетте, ұйқыда өткізіпсің. Айдың алғашқы он күндігі рахмет есіктерінің айқара ашылатын күндері еді, сол күндерде рахметі шексіз болған Алланың рақымына бөлене алдың бе екен? Өзіңе аян болған және жамандықты жазушы періште жазған, екінші періште куә болған, жер жүзіндегі биік таулардың өзі иық тірестіре алмайтын күнәларың рамазанның ортасындағы он күндік – кешірім күндерінде кешірілді ме, жоқ па? Кешірім жауған күндерде ол күнәларың жайында ойланып та көрмедің-ау, сен нәпсім? Пайғамбар (с.а.у.) рамазанның соңғы он күндігін «тозақтан азат етілу» деп айтқан еді. Қайда сенің тозақтан азат болуға үміт ететін амалдарың? Құран түскен айда түндеріңді Құранмен өткізудің орнына ұйқымен дос болып, талай түндеріңді сол досыңмен өткіздің. Ертең әлемдерді жаратқан Алланың алдына барғанда сол талай жылғы жан досың болып кеткен жартылай өлім саналған ұйқы деген досың саған қарсы куәлік бермесіне кім кепіл?

Әсер берер деп уағыздар көп-ті тыңдаған,
Иесін таппай сауаптар кетті мыңдаған.
Қараңғылықтың қамытын киіп ұйықтадым
Таһаджуд үшін берілсе дағы түн маған.

Құраным жатыр, парағы кеткен ашылмай,
Мешітке бару – боп кетті бізге тосын жай.
Құбылаға қарай жүз бұрған құлдың бірінің
Жағдайы міне – осындай.

Шұғыла шашып, кешірім нұры тараған,
Тазартатын бізді, жаңа туғандай анадан.
Қадірің білмей, қоштасып тұрмыз өзіңмен
Кешірші бізді қасиетті болған Рамазан!

Айбек Шегебаев
date05.08.2013readCount4701printБасып шығару