Атам еді Рамазанның берекесі...
Атам еді Рамазанның берекесі...

Әрбір мұсылманның асыға күтетін қасиетті де, қадірлі айы – Рамазанның аяқталар шағы таяп қалыпты. Кеудемде Рамазан айы бітпесе екен, әрі қарай жалғаса берсе екен деген қимастық бар. Осы Рамазан айы келгенде оразаны асыға күтетін марқұм атам есіме түседі. Мен атамның тұңғыш немересі болғандықтан, атам мені жанынан тастамаушы еді. Өзі барған ортада мені де ерте жүретін. Атамның бір қасиеті қонаққа барғанды ғана емес, қонақ шақыруды да жақсы көруші еді. Бұл атамның қонақжай болғандығын аңғартса керек. Жыл сайын Ораза айы басталғанда атам ауылдың бүкіл қариялары мен жастарын үйге жинап, Тарауих намазын оқытушы еді. Ел-жұрт ауыздарын ашып болған соң, Тарауих намазын оқу үшін біздің үйге жиналатын. Жамағат толық жиналғанға дейін дастархан басында отырып түрлі ғибратты әңгімелер айтылатын. Ал, әжем келген кісілерге шәй ұсынып, дастарханын жаятын. Кісілер жиналған ортаға шәй тасып мен жүретінмін. Сол кездері ауыл ақсақалдарының ғибаратты әңгімелері мен қызықты әрі діни тақырыптағы хикаяларын тыңдағанды жаным сүйетін. Ауыл жастары да ақсақалдардың әңгімесін бөлмей қызыға тыңдайтынын байқаушы едім. Тағы бір байқағаным, қариялар Ислам дінінің қазақи салт-дәстүрмен біте қайнасып, әдеп-ғұрпымызға сай келетінін жиі тілге тиек ететін. Дастархан басына жиналған ауыл ақсақалдарының сөз саптауы мен әдепке негізделген әңгімелері қандай керемет десеңші. Сол жылдары Ораза айы қыс мезгілінің соңғы айларына сәйкес келетіндіктен, ауыл ақсақалдары мен жастар да «кебіс» киюші еді. Сол ақсақалдардың тартымды бейнесі әлі күнге көз алдымда. Үстілеріне ілген оюлы шапандары, бастарына жараса кеткен тақиялары, қариялардың сәнін келтіріп тұрған кебісі мен қалта сағаттары, иегінен кеудесіне дейін түскен ақ сақалдары мен қолдарында тоқтаусыз айналып тұрған тәспихтері. Бәрі де керемет жарасып тұр. Ең бастысы жүректеріндегі кіршіксіз пәк имандары мен жастарға үлгі-өнеге болған ғибратты әңгімелері.

Намазға келген жамағат толық жианалғанда 20 рәкәғат тарауих намазы басталады. Алдыңғы сапта тұрған қариялардың соңынан біз – жастар қатарласа сап түзеп намазға жығыламыз. Біз намазды бастағанда әжем үйдегі бала-шағаны келіндеріне айтып шулатқызбай, теледидардың дауысын бәсеңдетіп, намазға жиналған қауымға бар жағдайды жасайтын. Отыз күн оразаның кейбір күндері ауылдағы көрші-қолаңдар ауызашар жасайтын. Кей кездері тарауих намазы сонда оқылатын. Ал мен атама қарап: «Ел ауызын ашып, тамақтан дәм татты, енді намазды біздің үйге барып оқысыншы», – деп сыбырлайтынмын, ал атам: «Қарияларды әрі-бері сенделтпей осында оқи берейік, тарауихтың сауабы осы үйдің иелеріне де тие берсін», – деуші еді. Сондай-ақ атамның қалыптастырған өзіндік бір дәстүрі болатын. Әрбір оразаның әр жиырма жетінші күні, яғни қасиетті Қадір түні, бүкіл ауыл тұрғындары мен ағайын-туыстарды жиып үйде ауыз ашар беретінбіз. Сол түні ауызашарға жиналған барлық жамағат біздің үйде қалып Қадір түнін күтетін. Мен үшін әрбір ораза айы сағындыра келетін қадірлі ай болса, Қадір түні мейрам болатын. Ауызашарға жиналған қауымның қолына су құйып алғысын есітіп, батасын аламын. Ауыл ақсақалдарының «Немерең ер жетіп, азамат болып қалыпты. Өркені өссін» деген сөздерді атам естігенде, бір марқайып қалушы еді. Таң атқанша көз ілмей, Алладан медет, Пайғамбардан шапағат тілеп, Жаратқанға құлшылық етіп өткізетінбіз. Қадір түнінің қасиеті жайлы атамның айтқандары әлі жадымда. «Қадір түнінен соң, таң атқан кезде періштелерге Жәбірейіл (ғ.с.): «Кетіңдер-кетіңдер!» дейді. Сонда періштелер: «Әй, Жәбірейіл (ғ.с.) Алла Тағала Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар үмметінің дұға-тілектерін не істеді?», – деп сұрайды. Хазіреті Жәбірейіл (ғ.с.): «Бүгінгі Қадір түнінде кірпік ілмей құлшылық еткен пенделерге Хақ Тағала рахмет назарымен қарап, күнәларын кешірді. Тек төрт кісінің тілегі қабылданбай қалды», – деді. «Уа, Жәбірейіл (ғ.с.), олар кімдер?», – деп періштелер таңдана сұрасты. Жәбірейіл (ғ.с.): «Арақ ішкіш, ата-анасының қарғысын алған, туыстарынан қол үзген, мұсылман бауырымен үш күннен артық араздасып жүрген адамдар», – деп жауап берді», – дейтін. Мен де атамның осы ғибратты өсиеттеріне сай амал еткім келеді.

Таң ата барша жиналған қауымға әжем арнайы қайта ас әзірлетіп, сәресін беретін. Жиналған қауым біздің үйден ауыз бекітіп, таң намазын оқып үйді-үйлеріне тарқасатын. Арадан үш күн өтіп Ораза айы да соңына жетеді. Ауыл тұрғындары мешітке барып Айт намазын оқып болған соң, ауылдың барлық үйіне айттап баратын. Әдеттегідей мен де атамның жанында ауыл ақсақалдарымен бірге айттайтын едім. Әрбір үйге кіріп, Құран оқып, жақсы тілектер айтысып тарқасатын. Мен де өзге балалар секілді Ораза айтты жақсы көретінмін, алайда Ораза әрі қарай жалғаса берсе екен дейтінмін. Себебі, Ораза уақытында үйде қонақ көп болады, қонақ болса, үйде береке мен мереке қатар келетін. Мен атама: «Неге Ораза бір ғана ай болады, әрі қарай бірнеше ай қатар келгенде, тіпті керемет болушы еді», – десем, атам маған: «Білесің бе, Ораза да бізге жеткенше асығады, байқасаң Ораза жыл сайын он күнге ерте келеді. Сондықтан, балам, сен Оразаны қалай күтсең, Ораза да саған жеткенше солай асығады», – деуші еді. Ораза жыл сайын он күнге жылжып, биыл, міне, жаз мезгіліне де сәйкес келді. Атам мен бірге Тарауих намазында сәждеге бірге бас ұрып, Қадір түнін күткен кездерге, ақсақалдардың қолдарына су құйып, батасын алған сәттерге, Ораза айтта ауыл тұрғындарымен бірге атамның жанында бірге ілесе еріп айттағанымызға да міне бірнеше жылдар өтіпті. Атам дүниеден озған соң бұрынғысынша үйімізде Тарауих намазын оқудәстүрі бір-екі жыл жаласын тауып еді. Кейіннен ол дәстүр қалып қойды. Әзірге жалғасын үзбей тауып келе жатқан бір дәстүр — әр жиырма жетінші ораза күні үйімізде ауызашар берілетіні. Алайда, бұрынғысынша Қадір түнін күтпейді, ауызашардан соң барлығы үйді-үйлеріне тарқасады. Сол кеште атамның есімі ауызға алынып, ол кісіге де арнап Құран бағышталады. Ал Тарауих намазына қайта келер болсам, бүгін де ауыл тұрғындары Тарауих намазын мешітке барып оқитын болған. Алайда, бұрынғыдай намазға жиналатын ауыл тұрғындарының, әсіресе, ақсақалдардың саны азайған секілді. Атаммен бір жайнамазда сәждеге бас ұрған атамның қатарластарының көпшілігі дүниеден озды, енді біреулері егде тартып, қашықтағы мешітке баруға шамалары келмейді. Мен қазір бұрынғыдай үйде шәй ішіп отырып ақсақалдардың айтатын ғибратты әңгімелерін сағындым. Білемін мендегі сағыныш кезінде аталарымызбен бір дастарханда дәм татқан, бір жайнамазда Тарауих оқыған ауыл жастарының бәрінде бар. Бұйыртса, ер жетіп, азамат болған соң, атамның ізгі ісін жалғап, мен де ауыл тұрғындарын жинап, Тарауих оқытуды мақсат еттім. Жаратқан ізгі ниетімізді қабыл етіп, жақсы амалдардан жазсын.

Иманалы Дінмұханмед Темірханұлы
9-шы сынып түлегі

 

Дінмұханмед Темірханұлы
date31.07.2013readCount4063printБасып шығару