Рамазан айы жайында «жұлдыздар» не дейді?

Жүсіп Ислам (бұрын Кэт Стивенс деген атпен белгілі болған әнші әрі сазгер):

«Ораза ұстау және ас-судан тыйылу – бұл өзіміздің таңдауымыз. Ауыз бекіту арқылы мына өмірде талай адамның аштықтан, аурудан және соғыстан қалай азап шегіп жатқанын Рамазан айында сезінесің. Дубай секілді дәулеті шалқыған ортада немерем екеуміз өмір сүріп жатсақ та, ораза арқылы қайырымдылық пен оразаның ішкі мәнін түсінесің». 

Джермейн Джексон, әнші, Майкл Джексонның бауыры (АҚШ):  

«Мен үшін Жаратқан Жаппар Иеге жалынып-жалбарынудың, ораза ұстаудың, Ислам дінідегі барлық парыздарды орындаудың және иләһи ақиқатты жүрекпен қабылдаудың маңызы зор. Бұл өз дүниемізден садақа беріп, жолы болмағандар жайлы ойлауға, солардың жағдайын түсінуге мүмкіндік береді. Біз қайта күндіз ораза ұстап, кешкісін міндетті түрде ауыз ашамыз ғой. Ал күні бойы аш, кешкісін де жүрек жалғайтын ештеңе таппайтын жандар да бар емес пе?! Егер сіз өмірде жолы болмаған, бағынан соры көп жандар жайлы ойлансаңыз, қайырымдылықпен айналысыңыз – бұл сізді Құдайға бір табан жақындата түседі. Мен шоу-бизнестің адамымын. Алайда, мен үшін ең алдымен дінім қымбат, қалғандары – одан кейінгі мәселелер болып табылады». 

Фредерик Кануте, футболшы:

«Рамазан айы мұсылмандар үшін қайырымдылық айы және мұқтаждарға көмектесіп, ауыз бекіту – исламда әмір етілген бұйрық».

Шахрукх Кхан, актер:

«Мен қасиетті Рамазан айында ораза ұстағанды жақсы көремін. Мен Рамазан айы кезінде ары кетсе үш рет, төрт рет қана ораза ұстаймын. Жұмыс кестем тығыз болғандықтан, бір ай бойы ораза ұстаудың реті келмейді». 

Мұхаммед Рифи, әртіс (Марокко):

«Мен Рамазан айын жақсы көремін. Бұл ай қайырымыдылық пен мейірімділік айы. Әрбіреуімізге тек жақсылық әкеледі. Ай бойы концерт қоймаймын. Бұл уақытта өз-өзімді рухани жетілдірумен айналысамын». 

Заин Бикха, нашидтер орындаушысы:

«Рамазан айы – Аллаһтың сыйы. Күйбең тірліктің қамытынан бір қадам болсын артқа шегінетін кезім. Мен намаз және Құран оқу арқылы көп ойланып-толғанамын. Рамазан айында ізгі істерді істеуге  саналы түрде күш саласыз. Есейген сайын мұны терең сезінетін болдым. Рамазан айының қажеттілігін түсінесің». 

Сумаййах әл Суваиди, суретші (БАӘ):

«Мен үшін Рамазан айы – бұл отбасы айы. Бұл ерекше ай. Басымыз қосылып, бір жасап қаламыз. Кешірімділік қасиеті аса маңызды екенін ұмытпау керек. Әсіресе, көңіліңізді қалдырған адамның кешірім сұрағаны қандай ғанибет».

 

date16.07.2013readCount4924printБасып шығару