Шегенің ізі
Шегенің ізі

Мінезі жаман бір жас жігіт болса керек. Ешкім оны түзей алмапты, қателігін айтқан сайын ызалана түсіпті.

Бір күні әкесі оған іші шегеге толы бір жәшік беріп: «Маңайыңдағы достарыңмен әр жанжалдасып қалған сайын тақтайға бір-бір шегеден қағып отыр», – деп табыстапты.

Алғашқы күні-ақ баласы тақтайға көп шеге қағып тастапты. Келесі күндері де аз болмапты. Осы қарқынымен, әлгі тақтайды толтыруға аса көп уақыт жұмсамапты. Тақтайдың толғанын көргенде әкесі оған: «Енді сол достарыңмен жеке-жеке татулас. Әр татуласқан сайын бір шегеден суырып отыр», – дейді.

Біраз күн өтіпті. Бір күні қараса, қағылған бар шеге суырылып біткен екен. Сонда оны сырттай бақылап жүрген әкесі баласын тақтайдың алдына ертіп әкеліп: «Балам, жарайсың, – депті, – алайда мына тақтайға жақсылап тұрып қарашы? Шегелерді суырғанда қалып қойған орындарын, қарайған көп тесікті көріп тұрсың. Тақта әуелгісіндей таза қалпында, әдемі болып қалмады. Достарыңмен төбелескен сайын арада жаман сөздер айтылады. Әр реніш сөз көңілде мына шегенің орны тәрізді бір-бір қара дақ қалдырып отырады, сондықтан ешкімнің көңіліне кірбің ұялатпағайсың, балам», – деген екен ұлын сабырға шақырып, өмірлік ұмытылмас сабақ ұқтыра. 

date12.07.2013readCount12269printБасып шығару