Бас мүфти: ОРАЗА ҚАБЫЛ БОЛСЫН!
Бас мүфти: ОРАЗА ҚАБЫЛ БОЛСЫН!

Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкіршілік айтамыз.

Құрметті мұсылман бауырлар!

Иман бұлағынан сусындай бастаған халқымыз мүбәрәк Рамазанда Алланың рақымына бөленуді үміт етіп, сауабы мол ізгі амалдарды атқаруға ниеттеніп отыр. Сіздерді бір ай бойы жалғасатын мұсылмандардың ұлық мерекесі – Рамазанның келуімен құттықтаймын!

Алла тағала өз мейірімі әрі кеңшілігімен белгілі күннің, түн мен айдың қадірі мен қасиетін һәм артықшылығын арттырып қойды. Қасиетті Құранда айтылған Рамазан айының ерекшелігі сол, бұл мезгілде жасалған кез келген игі істің, Жаратушыға жақындататын жақсы амалдың сауабын санау мүмкін емес.

Ораза – Алла мен адамның арасындағы риясыз құлшылық, тек Раббымыздың разылығын көздейтін ұлық ғибадат. Оразаның теңдессіз сауабын Жаратушы Иеміздің жасырып қоюында үлкен сыр бар. Көзбен көріп, қолмен ұстап, түйсікпен түсініп алмайынша көп нәрсеге сене бермейтін адам баласының санасына салмақ болатын сауапты жасыруда біз біле бермейтін даналық көп. Бұл – ұлық ғибадатты кіршіксіз орындап, ұлы мақсатқа ұмтылуға жетелейді. Хадис-шәріпте Алла тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөліркегеннен шыққан аузының исі мен үшін мисктен де артық», - дейді. Алланың уәдесі – хақ.

Рамазан – рухани жаңару айы. Жерді мекен еткен аң мен құстың, барлық тіршілік иесінің жыл мезгілдерінде жаңару, түлеу, өзгеру үдерісінен өтетіні белгілі. Ал Алланың адам баласына берген шексіз нығметі, теңдессіз сыйы саналған ораза – тікенді жерге табан тигізбей, сақтанып жүретініміз секілді, күнәға бетпе-бет келуден сақтайтын, жан-дүниемізді, мінез-құлқымызды жақсылыққа тәрбиелейтін, рухани түлеп шығатын құлшылық. Ауыз бекітудің адам өмірін ізгілікке бастайтынын білген пенде одан бас тартуы мүмкін емес.

Ораза – сабыр мектебі. Еліміз егемендігін алып, еңсесін тіктеп, рухани құндылықтарымен қайта қауышқан сонау 1991 жылдары Рамазан айы күннің қысқарған, түннің ұзарған, яғни ораза ұстауға қолайлы қыс мезгіліне тұспа-тұс келді. Расында да, бұл енді ғана иманға ден қойған халқымыздың деңгейіне дөп келген мезгіл еді. Енді, міне, Аллаға шүкір, кешегі кеңес кезінде үзіле жаздаған рухани жібімізді «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа» деп жырлаған батагөй бабаларымыздың алтын арқауын жалғауға мүмкіндік туды. Жұртымыз Ислам құндылықтарымен қайта қауышып, рухани қазығын қайта айналып тапты. Жүрекке бекіген сенімге селкеу түспейді. Аспан жерге айналып түсетін шіліңгір шілдеге тұспа-тұс келген Рамазанда ораза ұстауға күннің аптабы немесе басқа да себептер әсер етпейді деп сенеміз. Себебі, иманның бал дәмін татқан жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні хақ.

Иман жолы сабырлық пен тақуалықты талап етеді. Ораза нағыз, шынайы тақуалыққа жетелейді. Құранда Алла тағала: «Ей, иман келтіргендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), - дейді.

Қымбатты отандастар!

Қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла тағала елімізге, жерімізге береке жаудырғай!

date02.07.2013readCount3878printБасып шығару