Әбу Бәкірдің мұсылман болуы
Әбу Бәкірдің мұсылман болуы

 Айша (р.а.) былай дейді: «Бір күні әкем үйден шықты. Расулуллаһқа кеткендігі белгілі еді. Олар бұрыннан бір-бірімен сырлас достар болатын, бір-бірін жақын танитын. Әбу Бәкір жолдасына: «Әбулқасым, қауымыңның жиынына қатыспайтын болдың, сенің жоқтығың әрқашан байқалып жүр. Халық сені «өткенімізді айыптайды» деп кінәлауда» деді.

Расулуллаһ: «Мен Аллаһтың расулымын. Сені Аллаһқа шақырамын» деді.

Аллаһ расулының осы сөзінен кейін Әбу Бәкір (р.а.) дереу мұсылмандықты қабылдады. Әбу Бәкірдің (р.а.) Исламды қабылдағанына Расулуллаһтың қуанышы қойнына сыймады.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтады: «Кімді Исламға шақырсам да, міндетті түрде алдымен ойға шомып, толғанатын. Алайда, Әбу Бәкір олай еткен жоқ».

Тіпті, Расулуллаһ Әбу Бәкірдің бір сәт кідірместен иман келтіргенін қадірлеп, бір күні «Аллаһ мені сендерге пайғамбар етіп жіберді. Мен осыны айтқанымда барлығың маған «Өтірік айтасың» деген едіңдер. Ал Әбу Бәкір болса «Сенің айтқаның шындық» деп мені толық қолдады» дейді де екі мәрте «Бұдан былай сендер менің осы досымды ренжітпейсіңдер, солай емес пе?» деп алдымен қасындағыларға, сосын барша үмбетіне ескертті.

 Әбу Бәкір Османға, Талха бин Убәйдуллахқа, Зүбейр бин Аууам мен Саад бин Әбу Уаққасқа барып, болған жайды айтты. Олар да дереу Ислам дінін қабылдады.  Ертеңіне Осман ибн Мазун, Әбу Убайда ибн Жаррах, Абдуррахман ибн Ауф, Әбу Сәләма ибн Абдуләсәд, Әрқам ибн Әбил Әрқам да мұсылмандыққа өтті.

 

date22.04.2013readCount5166printБасып шығару