old.muslim.kz Екі қыздың оразасы - Muslim.kz
Екі қыздың оразасы

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні сахабаларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай деп қатаң ескерту жасады:

– Мен рұқсат етпейінше кешке ешкім ауыз ашпасын!

Елдің бәрі жаппай ауыз бекітіп, ораза ұстады. Кеш түскенде жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алып жатты. Дәл осы тұста бір кісі жақындап келіп:

– Уа, Расулалла! Екі қызым күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, ауыздарын ашса жақсы болар еді, – деп өтініш білдірді.

Алайда рұқсат берілмеді.     

Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрады. Үшінші рет келгенде пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Өкініштісі, олар бүгін ораза ұстаған жоқ.. Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбаттаған) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып тастасын, – деді.

Әлгі кісі айтылғандарды қыздарына айна-қатесіз жеткізді. Олар бұйрықты орындап, өздерін күштегенде кесек-кесек қан құсып жіберді. Әлгі кісі келіп бұл жайды пайғамбарымызға білдіргенде, ол:

– Құдіреті күшті Алла Тағалаға ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамағанда, тозақта күйдіретін от асаған болар еді, – деді. 

Иә, тек тамаққа ғана емес, тілге де, көзге де, аяққа да, қолға да ораза болса, сонда ғана ол нағыз ораза болмақ.

date21.05.2018readCount3941printБасып шығару