old.muslim.kz Тарих сахнасындағы әйел тағдыры - Muslim.kz
Тарих сахнасындағы әйел тағдыры

Әйел тарих сахнасында түрлі сындарлы кезеңдерден өтуге мәжбүр болды. Көбінесе әйелдің қуанышынан қайғысы, үмітінен күдігі басым еді. Әйелді шайтанға, тіпті, еркектің ермегіне айналған күнделікті қолданатын затқа теңейтін. Әйел жансыз бір тіршілік және басты міндеті – үй шаруасының қызметшісі деп бағаланды. Әйел әлмисақтан қарғысқа ұшыраған жаратылыс, күнә мен жамандықтың көзі деген наным да болды. Сонымен бірге, әйел әрі қасірет әрі құмарлық, әрі сүйікті әрі сұмдық ол тозақтың және шайтанға алып баратын қақпа деген ұғым бар еді. Күйеуіне қызметші болғандықтан, еркек қайтыс болса әйелді тірідей өртейтін діндер және мәдениеттер тарихтан білеміз. Тіпті, қуаңшылық сияқты табиғи құбылыстан құтылу үшін Құдайға арнап әйел құрбандық ретінде өлтіріледі. Міне, мұның барлығы – нәзік жанды әйелдің тарихта көрген қасіреті. Әйелге деген мұндай көзқарас барлық дерлік дінде және мәдениеттерде көрініс тапты. Әйелдің құқығын шектеу батыс елдерінде ХХ ғасырларға дейін жалғасын тапты.

Ислам дініндегі әйел құқығы

Ислам дінінде әйелге деген көзқарас мүлдем басқаша. Әуелгі мәдениеттердегі ұстанымдарға ұқсамайды. Исламның шуағы шашыла бастаған шақта әйелдің тарих тепкісін көрген бейнесі өте қорқынышты еді. Әйелдің – перзент, бауыр, ана екені мүлде ескерілмейтін. Туған әкесі қызын тірідей көметін. Тіпті, еркек әйелден қарағанда мінетін атын жоғары бағалайтын, есігінің алдындағы төбетіне тамақ беруді ұмытпайтын бірақ әйелді сол иттен төмен көретін.

Мұсылманшылықпен әйелдің мерейі өсті. Ислам әйелді айрықша құрметтейді. Жаратушы Алла әйелге арнайы періште арқылы сәлем жолдады. Ол – Хадиша анамыз еді. Күйеуі талақ еткенде пайғамбарға шағымданып келген Хәулаға Құдай Тағала жауап берді. Әйелге бала күнінде әкесі, тұрмыс құрғанда күйеуі ал ана болғанда баласы қамқорлық жасайды. Осылайша, өмір жолында еркек атаулыны әйелге қызметші етті. Қызын ибалы да иманды етіп тәрбиелеген әкеге және анасының разылығын алған перзентке пайғамбар (с.ғ.с.) жәннатты уәде етті. Ал, нағыз ер азамат әйеліне жақсы қарай білген еркек екені де хадисте айтылған. Бұған қоса, әйелін қызғанбайтын, ар-намысын қорғап аяламайтын еркекке жәннат тұрмақ, оның иісі де бұйырмайтындығы айтылған.

Исламда жауапты жағдайларда әйелдің куәлігі тек екеу болса ғана есепке алынады. Мұның сыры әйелге еркекке жүктелгендей ауыр жауапкершілік бермеу. Десе де, бұл әйелдің еркектен қарағанда құқығы шектеулі деген сөз емес. Керісінше, еркек пен әйелді құқығы да, жауапкершілігі де тең. Алайда, бұл теңдік нәзік жандыларды ауыр жұмысқа жегумен жүзеге асырылмайды. Барлық жағдайда тіпті құлшылықта да әйелдің нәзік болмысы шариғатымызда толыққанды ескеріледі. Ислам дінін ата діні деп білген бабаларымыз да әйел затын ардақтап, қорғаштаған.

Бүгінгі бейнесі

Бүгінге әйелдің жағдайы сонау орта ғасырлардағы жағдайға қайта оралғанын көруге болады. Біздің заманымызда әйел – қуыршақ. Көрінгеннің ермегі. Теңдік деген ұранмен әйелге көптеген зұлымдық жасалуда. Бүгінде әйел – тауар. Кез келген өнімді жарнамалауда жартылай жалаңаш әйел бейнесі жүреді. Ең өкініштісі ер азаматтар әйел затына қатысты ата дініміз бен дәстүрімізге жат әрекеттер жасауы жиілеп кетті. Бүгін сол надандық дәуіріндегідей әйелге үйлену де, онымен ажырасу да оп-оңай әдеткі құбылысқа айналып барады. Әйелді ұнамай қалса басқасына айырбастай салатын көлік сияқты қарайтын болды. Әйел ұлттың анасы, тәрбиешісі екенін ұмытып барамыз. Әрине, бұл біздің ұлтымызға төнген қауіп. Тексіздік пен арсыздықтың белең алуына септігі тиетін құбылыс.

Нәзікжандылар жайлы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан ескертулерін ұмытуға құқығымыз жоқ. Әйел тағдырына немқұрайлық – ұлтымыздың тағдырына деген немқұрайлық, әйелдің ар-намысы – ұлтымыздың намысы екенін, сонымен қатар әйел құқығының аяқ асты болуы – ұлтымыздың аят асты болуы екенін ешуақытта ұмытпаңыз!

Қуат Ерғалиұлы
date30.03.2018readCount1934printБасып шығару