old.muslim.kz Бірлікке бастаған Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы - Muslim.kz
Бірлікке бастаған Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы

Жуырда Астана қаласында Еуразия елдерінің мүфтилері мен ғұламалары бас қосқан «Еуразия кеңістігіндегі Ислам өркениеті: өткені, бүгіні және болашағы» тақырыбында халықаралық форум өтті.

Форумның басты мақсаты – рухани көшбасшылардың бірлесе жұмыс жасау алаңын қалыптастыру. Аталған игі бастамаға мұрындық болған Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы.

Халықаралық форумға жетекшілік еткен ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы кіріспе сөзінде: «Мұндай ізгі жобалар арқылы мәдени-рухани интеграциялар арта түседі. Еуразия мұсылмандары радикализмнің кез келген түрін, оның ішінде дін атын жамылған содырлық әрекеттерді ешқашан қолдамауға тиісті. Керісінше, Исламға қатысты ксенофобия орын алмас үшін діни радикализмге орынды сын айтып, ортақ ұстанымдарды жариялап отыруы керек», -деп атап өтті.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзінде: «Қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап іздеуде мұсылман ғұламалары өз қолтаңбаларын қалдырып, білім мен бейбітшілікке деген сүйіспеншілік туралы қасиетті Құран ілімдерін қайта жандандыруға тиіс. Бұл сын-қатерлердің барлығы да имандылық дағдарысынан және әскери-саяси текетірестерден алып шығатын пәрменді тетіктерді идеологиялық және моральдық әдістерді іздестіруді талап етеді» -деді.  

Форумның тағы бір көтерген өзекті мәселесі – Орта Азияда көнеден қалыптасып келетін діни мектепті жаңғырту. Ол әл-Бұхари, әт-Тирмизи, Қожа Ахмет Иасауи т.б. сияқты алып тұлғалардың салып кеткен сара жолында бой көтеріп, дамыған Ислам өркениетінің рөлін күшейту. Яғни осы аймақтағы ғалымдардың, ойшылдар мен қоғам қайраткерлерінің және рухани көшбасшылардың жұмыс жасау алаңын қалыптастыру. Өз заманында «Мауараннахр» атымен танылған тарихи әрі рухани орталықты қайта жандандырып, оны Еуразия елдерінде дін төңірегінде қаумалаған өзекті мәселелерді шешуге арналған орталыққа айналдыру.   

Бұл ретте кезекті сөз алған еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев былай сөз етті: «Бізге осы мұраны сақтап қалу өте маңызды. Халыққа діннің қағидаларын дұрыс түсіндіру үшін Құран мен хадистерге негізделген білікті ғұламалар мен имамдарды жұмылдырып, бізге жеткен бай мұраларымызды қайта қаңғырту үшін жұмыс жасау керек».

Расында, бүгінде дін төңірегінде талас-тартыс тудырып жүрген көптеген жайттарды шешудің не талқылаудың яки болмаса саралап, зерттеу жасайтын алаңның жоқтығы да осы аталған орталықтың қажеттігін талап еткендей. Өйткені дінге байланысты мұндай жайттар әр елде өздігінен шешімін табу қарастырылған. Бірінің шешімі жүйелі әрі нәтижелі болса, енді бірінде ол шешімін таппақ тұрмақ талқылауға да жол берілмей келеді деуге негіз бар. Кейде оның біршамасы діни тұрғыдан алыстап, заман қажеттілігінен тіптен өзгеше шешімін тауып кететіні де жасырын емес.   

Мұның барлығы форумда мұсылман үмбетінің бүгінгі таңдағы келбеті ретінде қаралатындығы ұсынылды. Себебі жоғарыда аталған мәселелер негізінде Еуразия мұсылман ғұламаларының форумына дайындалған «Бүгінгі мұсылман үмбетінің келбеті» айдарымен арнайы жобада айтылды. Онда: «Күллі ғаламды жаратқан аса Рахымды әрі мейірімді Хақ Тағала күллі адамзат үшін жіберілген соңғы елшісіне «Сені күллі ғаламға рақым ретінде жібердік» (Әнбия сүресі, 106-аят) деп, Ислам дінінің негізгі мақсатын айқындап берді» делінген.

Сондай-ақ жобада қасиетті Құран Кәрімнің аяттарынан келтірілген үмбеттің қандай болмағы сипаты да берілген: Алла Тағала «...Біз адамдарға куәгер болуларың үшін әрі Елшінің сендерге куәгер болуы үшін (уа, мұсылмандар) сендерді орта (ең қайырлы) үмбет еттік» («Бақара» сүресі, 143-аят) деп мұсылман үмбетін орта жолды ұстанатын үмбет ретінде сипаттаған. Осы аятта аталған орта үмбетке әр мәселеде орта жолды ұстану керектігі баяндалған» («Бүгінгі мұсылман үмбетінің келбеті» жобасынан).

Міне осы айтылғандар негізінде форумда «Бүгінгі мұсылман үмбетінің келбеті» жобасы орта үмбетке әр мәселеде орта жолды ұстану керектігін баян етеді:

1. Орта жолды ұстанатын дұрыс сенімде болу.

2. Құлшылықта орта жолды ұстану.

3. Адамдармен қарым-қатынаста орта жолды ұстану.

Сондай-ақ қазіргі мұсылман үмбеті үшін аса қажетті зәрулік болған ғылымға көңіл бөлу. Отанына, туған еліне, тіліне, салт-дәстүріне, мәдениетіне деген сүйіспеншілігін танытатын – отаншылдық. Төзімділік пен сұқбаттастық құра білу, яғни мұсылман үмбеті төзімділік пен сұқбаттастықта өзгелерге үлгі болуы қажеттігі де айтылған. Көркем мінез-құлық. Ислам  көркем мінез бен әдепке негізделгендіктен әрдайым тазалық пен пәктікті насихаттауы қажет делінген. 

Аталған ісшараларды жүзеге асыруды мақсат еткен форум нәтижелі және жүйелі ұйымдастырылды. Бір күнге жоспарланған жиынның мазмұны мен маңызы өте ауқымды. Мұсылман үмбетінің қасиетті күніне белгіленген жиынның әр бір уақыты сәтті өтті десе де болғандай. Түске дейін жоспарланған пленарлық отырыс сағат 10:00-де басталып, 12:05-те аяқталды. Содан кейін алыс-жақыннан келген қонақтар қасиетті жұмаға әзірленді.

Еуразия мұсылман ғұламалары форумына Орталық Азия мен Еуропаның 21 елінен келген 35-тен астам делегат, еліміздің барлық өңірінің өкіл имамдары мен дін қайраткерлері республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіне жұма намазына бет алды. Барлығы бір сапта тұрып қасиетті жұма намазын оқыды. Намаз соңынан қасиетті Құран аяттары оқылып, дұға жасалды. Жамағат болып Жаратқаннан еліміздің тыныштығын, дініміздің абыройын, бүгінгі дұғаның қабыл болуын сұрады. Намаздан кейін ҚМДБ келген қонақтарға арнайы дастархан жайды.

Түстен кейінгі секциялық отырыс екі бағытта өрбіді. Бірінші секциялық отырыс «Зайырлы мемлекет ұстанымдары және Ислам құндылықтары: үйлесімділік жолдарындағы ізденістер» тақырыбы аясында, екінші секция отырысы «Мұсылман қауымдастығы және жаһандану үдерісі» айдарымен басталды.

Секциялық отырыстардағы баяндамашылар тақырыбы да бүгінгі таңдағы Ислам дінінің құндылықтары мен мәдениетінің дамуына және дінаралық ынтымақтастық, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара әрекеттесулеріне негізделді. Атап айтқанда, Татарстан Республикасы мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, мүфти Камиль Самигуллиннің «Татар діни пікірі және оның ислам мәдениетінің дамуына қосқан үлесі», Саратов облысы мұсылмандары Діни басқармасының мүфтиі Бибарсов Мукаддистің «Саратов аймағының байырғы мұсылман халықтары – татарлар мен қазақтар арасында дәстүрлі діни құндылықтарды нығайту жолындағы Саратов облысы мұсылмандары Діни басқармасының тәжірибесі», ҚМДБ төрағасының бас кеңесшісі Мұхаммед Хусейн Алсабековтың «Еуразия кеңістігіндегі ханафи мәзһабының біріктіруші ретіндегі рөлі», Украина Республикасы мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, мүфти Ахмед Тамимнің «Конфессияаралық ынтымақтастық – дінаралық бейбіт өмірдің және экстремизмге қарсы әрекеттің негізі», Румыния мүфтиі Мұрат Юсуфтың «Бүгінгі таңдағы мұсылман үмбетінің келбеті, орны мен рөлі», Эстония мұсылмандарының басшысы, мүфти Ильдар Мұхамедшиннің «Мұсылман қауымының мемлекеттік және қоғамдық құрылымдармен өзара әрекеттестігі – қоғам және мемлекет тұрақтылығының нышаны ретінде» т.б. тақырыптағы баяндамалар бүгінгі дін айналасында қаумалаған өзекті мәселелерге арналды.  

Кешке қарай әр секция бойынша оқылған баяндамалардың негізінде есеп түрінде түйінделген қорытынды отырыс өтті. Форум соңында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы жиынға қатысушыларға Еуразия мұсылман ғұламаларының қаулысын ұсынды. Оның негізгі бағыттары мыналар:

-  Орталық Азия аймағын «Мауараннахр» атымен (ханафи мәзһабы) діни мектебінің рөлін күшейтіп, жаңғырту мақсатында Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы осы аймақтағы ғалым-ғұламалардың, ойшылдардың, мұсылман қайраткерлердің, рухани көшбасшылардың бірлесе жұмыс жасайтын алаңына айналдыру; 

-  Еуразия мемлекеттеріндегі тұрақтылық пен азаматтық татулықты сақтау мақсатында білікті мамандармен өзара тәжірибе алмасу;

-  Мұсылман үмбетінің бірлігіне идеологиялық үлгісін әрі іргетасын қалыптастыруды мақсат ететін Еуразия елдерінің рухани жаңғыру концепциясын әзірлеу;

-  Ислам теологиясын жаңғырту әрі мұсылман ғалымдары мен ағартушылардың рухани мұрасын сақтау мақсатында діни төзімділік пен толеранттылыққа үндейтін авторлардың еңбектерін аударып, баспаға ұсыну;

-  Еуразия аймағында Ислам дінін дамытудың маңыздылығын ескере келе халықтарды өзара жақындастыру үшін Еуразия елдеріне арналған діни пәтуалардың ортақ базасын қалыптастыру.

Аталған қаулыларды жүзеге асыру үшін арнайы хатшылық құру, «Еуразия ғұламаларының форумы» ұйымының құқықтық нысанын анықтау, ресми сайт құру, тоқсан сайын шығатын ғылыми-теологиялық журнал шығару жоспарлары ұсынылды.

Қаулы қатысушылар тарапынан бірауыздан қолдау тауып, қабылданды. Жиын соңы осындай халықаралық форумды ұйымдастыру дәстүрлі түрде жалғасын табуы керек деген пікірмен аяқталды.

Айдос Имантай
date05.03.2018readCount2285printБасып шығару