Мұсылман және уақыт
Дінмұхаммед Сманов
Үйімде зағип бар
Халиме Карабулут
– Сіз еліміздің күнтізбесіндегі Алғыс айту күнінің пайда болуын қалай қабылдадыңыз?
– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Біз – адамдар арасындағы алауыздыққа, діндер арасындағы дау-дамайларға тосқауыл қоюға талпынған, тыныштық пен татулықты басты тірек еткен елміз. Бауырмашылдық, мейірбандық, достық, қамқорлық сынды құндылықтар – қазақ халқының табиғи болмысында бар адамгершілік асыл қасиеттер. Соның нәтижесі болар, бүгінде қазақ топырағында өмір сүріп отырған қаншама ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында өзара сыйласып ғұмыр кешуде.
Бағзы заманнан бері береке мен бірлікті, ынтымақ пен ырысты, достық пен татулықты ту еткен қазақ елі тәуелсіздіктің санаулы жылдарында алыс-жақынның арасын жарастырып, діні бөлектерді бір дөңгелек үстел басына жинаған бітімгер мемлекетке айналды.
Біздің көп ұлтты қоғамдағы өзара құрмет пен сыйластықты нығайта түсу үшін барша азаматқа үлкен жауапкершілік артылады. Жаһандану заманында сан түрлі ұлттардың ынтымақ-бірлікте өмір сүруінің басты жолы – құрмет пен сыйластықта, бір-біріне деген сүйіспеншілікте, өзгеге тілекші болып, оған алғыс айта білуінде.
Елбасы Н.Назарбаев Алғыс айту күні туралы бір сөзінде: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» деген. Расында, бұл күн – біздің қоғам үшін маңызды күндердің біріне айналуда. Өйткені тағдыр тәлкегіне ұшырап, Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты мекені, екінші отаны – Қазақстан болды. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты бірге көтере білді. Біз өзгеге жасаған жақсылықты міндетсінуді білмейтін халықпыз. Алайда Елбасымыз айтқандай, сындарлы кезеңде адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту әділетті болар еді.
– Адамға алғыс айту туралы асыл дініміз – Исламда қандай өсиет айтылған?
– Мұсылман адам өзіне жасалған жақсылықтың қайтарымы ретінде Аллаға және адамға әрдайым алғысын айтуды міндеті санайды. Өйткені ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адамға алғыс айта алмаған Аллаға да алғыс айта алмайды», – деген.
Бізді өмірге әкелуге себепші болған ата-анамызға, думанды той мен топырақты өлімде қасымыздан табылған ағайын мен дос-жаранға, күнде шарапатын көріп жүрген басшымызға, қол ұшын беруде аянып қалмайтын көршімізге, қайғы мен қуанышты бөлісуге әрдайым дайын тұратын бауырларымызға әрқашан алғыс айтуымыз тиіс.
– Алғыс айту – адамдардың өзара қарым-қатынасына қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз? Өмірден мысал келтіре аласыз ба?
– «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» деген аталы сөз бар. Қиналған сәтте көмектескен адамның жақсылығы әрқашан есте қалады.
Қостанайда имам қызметін атқарып жүргенде, жат ағымның жетегінде кеткен, имамға да бағына бермейтін бір азамат болды. Енді не істеу керек? Ұрысу, күшпен бағындыру, талап ету – ұстанатын жол емес. Дін – нәзік дүние. Адам дінге жүрек қалауымен келеді. Сонымен, имам әлгі жігітті дәстүрлі дінге қанағаттандыру жолдарын қарастырды. Тек сөзбен емес, амалмен. Қайғысы мен қуанышына ортақтасты, қолдан келгенше отбасына көмектесті. Күндердің күнінде бала-шағасы имамды жақсы көре бастады. Діни сенімде көзқарасы қатайып кеткен жігіттің үйіне барған сайын азық-түлік, балаларына киім-кешек үлестірді.
Балалары имамды көрсе: «О-о-о, дядя имам келе жатыр», – деп қуанатын. Бәріміз ет пен сүйектен жаралған пендеміз ғой. Адам әсерленбей тұрмайды. Сонымен шынайы ниет пен жүйелі амалдың арқасында қатайған жүрек жібіді. Жігіт қатарымызға қосылды. Қазір көзқарасы дұрыс, Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Жігіттің отбасы мен туған-туыстары оның дәстүрлі діни жолға түсуіне себепші болған имамға әрдайым алғысын айтып, жүрек жарды тілегін білдіріп отырады. Көрдіңіз бе, шынайы ниетпен жасалған амал адамның көзқарасын өзгерте алады екен.
Қоғам қайраткері Асылы Осман апамыз әрдайым: «Біз қашанда қазақ халқына қарыздармыз» деп алғысын айтып жүреді. Ол кісі халқымызға алғыс айтып қана қоймай, ана тіліміздің жанашыр тұлғасына айналды. Байқап қарасақ, алғыс айту сол халықтың рухани құндылықтарына құрмет көрсетуден бастау алады.
– Жастарды алғыс айтуға, жалпы ізгілікке тәрбиелеу үшін қоғам, білім беру ұйымдары қандай әрекет жасауы қажет?
– Азат ойлы бүгінгі ұрпаққа тәуелсіздікті тойлаумен қатар, оның болашағын ойлау жауапкершілігі жүктеліп отыр. Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін әрбір азаматқа саналы жауапкершілік, парасаттылық, озық білім керек.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жазғандай, көзі ашық азаматтар жаңашыл ойлап, ұлттық сананы жаңғыртуға, бәсекелік қабілетті арттыруға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, туған жерді көркейтуге үлес қосуы тиіс.
Қазақтың әр баласына терең білім, көркем мінез, мықты рух, өз қадірін білетін биік сана және ең бастысы тонның ішкі бауындай татулық керек. Бүгінгі таңда күш те, қуат та – білім мен бірлікте.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет – мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген.
Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырларымыз ел-жұртқа пайда келтіретін білім ізденсе, жаһанның ең озық технологияларын үйренсе, ұлттық дәстүр-салтымызды, әдебиетімізді, мәдениетімізді көкейіне тоқып алса – елдің дамуына қосқан үлесі осы болмақ. Біз, барша саланың жетекшілері – осыған аса мән беруіміз керек.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, осы мереке барлық қазақстандықтарға мейірімділіктің, достықтың жарқын мерекесі болып, елдегі бірлікті нығайтуға әсер ете ала ма?
– Елбасымыз Н.Назарбаев ел халқына әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруді межеледі. Әрине, ол межеге жету үшін қоғамның тыныштығы, соның ішінде ұлтаралық әрі дінаралық татулық қажет. Сондықтан бабаларымыз: «Татулық – табылмас бақыт» деген.
Отанымыз – баршамызға ортақ мекен. Осы құтты мекенде тату-тәтті өмір сүру – бәріміздің алдымызда тұрған аса күрделі мәселе. Бүгінгі алмағайып, қым-қуыт дүниеде тату-тәтті ғұмыр кешіп, бейбітшілік пен ынтымақтың күшейіп, дамуы үшін, әсіресе дінаралық төзімділіктің мән-маңызы зор деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Шырын Сарымбекова