Мүфтияттағы кадрлық ауыс-түйіс не береді?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысын жаңғырту мақсатында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының пәрменімен кадрлық өзгерістер орын алды.

ҚМДБ-ның кадрлық әлеуеті мен бөлімдер қызметінің тиімділігін арттырып, жұмысты оңтайландыру үшін «Насихат және қоғаммен байланыс» бөлімі ашылғаны хабарланды. Бөлім қарамағына «Жастар ісі», «Әйел-қыздар» секторлары мен «Хикмет» студиясы қосылды.

«Насихат және қоғаммен байланыс» бөлімі бірыңғай уағыз-насихат жұмыстарын жүргізеді. Бөлім мемлекеттік мүдде, ұлтаралық келісім, дінаралық татулық, ұлттық салт-дәстүрлер, т.б. қоғамда қалыптасқан жалпы адамгершілік құндылықтар уағыз-насихат барысында ескерілуін қадағалайды. Бөлім қызметкерлері республика бойынша насихат жұмыстарының бірыңғай тәртібі мен әдебі туралы арнайы Ереже әзірлеуде.  

Әлеуметтік желілер мен электронды ақпарат құралдарында айтылып жүрген уағыздарда зайырлы қоғамның құндылықтары ескерілмей, халықтың сан ғасырлық дәстүрі мен ғұрпы мансұқталып жатқаны жасырын емес. ҚМДБ әзірлеп жатқан Уағыз айтудың тәртібі мен әдебі туралы Ереже жоғарыда айтылған мәселені болашақта болдырмауды көздейді.

Қоғамдық шараларды ұйымдастыру, жастар, әйел-қыздар арасында діни ағарту шараларын өткізу, деструктивті діни ағымдардың арбауында жүрген азаматтарға жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізу, қоғамдық маңызы бар тақырыптар бойынша әлеуметтік аудио, бейне роликтер шығару – Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің негізгі жұмысы болмақ. «Хикмет» студиясының ҚМДБ қарамағына өтуі мүфтияттың ақпараттық-насихат жұмыстарына серпін береді деп күтілуде.

Мүфтиятта тағы бір жаңалық: Діни істер бөлімі қайта құрылып, «Діни істер және талдау» бөлімі болып ашылды. «Ғаламтормен жұмыс» секторы осы бөлімнің қарамағына қосылды. Діни істер және талдау бөлімі ҚМДБ-ның сан-салалы қызметіне талдау жасап, стратегиялық бағдарламалар мен жобаларды ұсынады. Дін қызметкерлерін аттестациядан өткізу шарасын үйлестіреді. Сонымен қатар, ҚМДБ бекіткен негізгі жұмыс бағыттар (оқу-ағарту, уағыз-насихат, деструктивті ағымдармен жұмыс) бойынша имам-молдалардың қызметіне мониторинг жасайды, дін қызметкерлерінің білімі мен тәжірибесін арттыру бағытында республикалық семинарлар мен тренингтер ұйымдастырады.

Қазіргі ақпараттық қоғамда ғаламтор мен әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану – маңызды жұмыстардың бірі. Өйткені, жастардың басым бөлігі діни білімді ғаламтордан алады. Сөйтіп, қазақтың дәстүрі мен салтынан бейхабар, біздің қоғамда қалыптасқан қазіргі жағдайды білмейтін экранның арғы бетіндегі шетелдік «шейх» бүлікке бастайтын, түсінбеушілікке әкеп соғатын түсініксіз пәтуа береді. Соның салдарынан отбасы дағдарысы орын алуда. Әке өз баласын түсінбейді, бала өз әкесін түсінгісі келмейді. Ата-ана мен баланың байланысына сына қағатын мұндай пәтуалар, өкінішке қарай, ғаламтор арқылы беріліп жатыр. «Ғаламтормен жұмыс» секторы ақпараттық діни кеңістікті дұрыс діни мағлұматтармен толтыруға күш салады. Бұл өте маңызды. Бас мүфти бұл бағыттағы жұмыстарға жіті көңіл бөлуді тапсырды.

Мүфтиятта жақсы бастаманың бірі – ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі жанынан арнайы «Сараптау» секторының ашылуы. Сектор қызметкерлері діни мазмұндағы әдебиеттерді сараптамадан өткізеді. Бұл жұмыс осыған дейін де атқарылып келді. Қазіргі мақсат – сараптама қызметін күшейту. Жалпы қоғамға, жамағат арасына ұлтаралық, дінаралық келісімге нұқсан келтіретін, осылайша жамағатты бүлікке бастайтын күмәнді діни материалдарды, бейне-аудио өнімдерді, кітаптарды мыңдаған тиражбен таратуды көздейтіндер жоқ емес. Мұндай әрекеттердің кезінде ашық жасалғанын көз көрді. Мұндай мәселені алдын алуда «Сараптау» секторы маңызды рөл атқармақ.

Бас мүфти бұйрығымен ҚМДБ Қажылық, Халал стандарттау бөлімдері біріктіріліп, «Қажылық және халал стандарттау» бөлімі болып қайта ашылды. Аталған бөлімнің жұмысын жаңғырту жолында арнайы жобалар әзірленуде. Бөлімнің қызметін тиісті мемлекеттік мекемелердің жұмысымен үйлестіру шаралары қолға алынуда. Мүфтият қажылық саласына жіті көңіл бөлуде. Өйткені, көптеген қажылық фирмалары бұл саланы тек қана табыс табу көзіне айналдырған.      

ҚМДБ жанынан «Халықаралық қатынас және хаттама» бөлімі ашылды. Бөлім ҚМДБ-ның халықаралық деңгейдегі шараларын үйлестіреді, ҚМДБ-ның Кіші және Кеңейтілген Төралқа жұмысын, сонымен қатар Ғұламалар Кеңесінің хатшылық қызметін жүргізеді. Ғұламалар Кеңесінің жалпы Ережесі бікітілгені белгілі. Қазіргі кезде Кеңес мүшелерінің пәтуаларды талқылау, пікір айту, ұсыныс білдіру, т.б. этикасы мен регламентінің жобасы дайындалуда. Бүгінгі таңда Ғұламалар Кеңесі діни мәселелер бойынша пәтуа шығаратын қуатты қоғамдық институтқа айналды.

Аталған өзгерістер мен игі жобалар діни саладағы қызметті оңтайландырып, ҚМДБ-ның идеологиялық және ақпараттық жаңғыру жұмыстарының уақыт талабына сай жүргізілуіне ықпал етпек. Бұл – заман талабы. 

Ағабек Қонарбайұлы
date14.10.2017readCount1352printБасып шығару