old.muslim.kz Тіліңді тый! - Muslim.kz
Тіліңді тый!

Имам Тирмизиден жеткен хадисте былай дейді:

«Муаз ибн Жабал айтты: «Мен Расулалламен (с.ғ.с.) бірге сапарға шыққан едім. Кетіп бара жатқанымызда Расулаллаға (с.ғ.с.) жақындап:

– Я, Алланың Елшісі, мені жәннатқа кіргізетін және тозақтан алыстататын істің хабарын берші, – дедім.

– Шын мәнінде ұлы нәрсені сұрадың. Ол Алла лайықты қылған адам үшін өте оңай: Аллаға ғибадат қылуың, Оған еш нәрсені серік қоспауың, намазға тұруың, зекет беруің, Рамазан айында ораза ұстауың, қажылық қылуың, – деді Расулалла (с.ғ.с).

Кейін Ол (с.ғ.с.): «Саған жақсылық есіктерін көрсетіп қояйын ба? Ораза – сақтаушы. Садақа, су отты өшіргендей, қателеріңді өшіреді. Адамның түнде оқыған намазы – салихтардың ұраны», – деді де: «Жамбастары жатар жайдан ажырайды», – аятын оқыды.

Сосын менен: «Саған істің басы, омыртқасы және өркешінің шоқысы жөнінде хабар берейін бе?», – деп сұрады.

– Әрине, Алланың Елшісі, – дедім.

– Істің басы – Ислам. Оның омыртқасы – намаз. Өркешінің шоқысы – жиһад, – деді пайғамбар (с.ғ.с.).

Кейін: «Саған осылардың барлығына қатысты нәрсенің хабарын берейін бе?», – деді. Мен: «Иә, Алланың Елшісі», – деп жауап қаттым. Сонда Ол (с.ғ.с.) тілін нұсқап: «Мынаны тый», – деді.

– Я, Алланың пайғамбары, біз сөйлеген сөзіміз үшін де сұраққа алынамыз ба?

– Ей, Муаз. Адамдарды тілдерінің жамандығы тозаққа жүзімен не тұмсығымен түсірмесе, басқа не түсіреді? – деп жауап берді пайғамбар (с.ғ.с)».

date23.09.2017readCount3673printБасып шығару