old.muslim.kz
Мұсылман және уақыт
Дінмұхаммед Сманов
Үйімде зағип бар
Халиме Карабулут
Кезекті іссапармен жолға шығып, тірлік тындырып, «Астанам, қайдасың?» деп қайтып келе жатқам. Жаныма түнде бір әйел баласымен мінді. Шекарадан өтерде шекарашылардың жарық жаққанынан аңдадым. Қайта ұйықтап кеткем.
Таңда оянсам, қырыққа қадамдап қалған әйел пыс-пыс еткен, екіден енді асқан сүп-түйкімді қызымен ұйықтап жатыр екен. Күн көтеріліп келеді, перденің өз жағымдағы бұрышын түрдім де кітап кеміруге кірістім. Бір уақытта барып әйел оянды, әрлі-берлі ұйқысын ашты. Сәлемдесіп, қол жуып, бірге оразамызды аштық. Анша-мұншаны жарата бермейді әрі әңгімеге қойып кете қоймайды екен. Сөйте тұра сөзді өзі бастады: «Менің күйеуім де кітапты көп оқиды», – деді, жанымда жатқан үш кітапқа қарап. «Кітап оқыған адамның өресі жоғары болады ғой», – деп және жалғады. «Күйеуіңіз қай салада жұмыс істейді?», – деп сұрадым, қаламгер боп қалар деген оймен. «Ол – дәрігер. Мен содан қалған кітаптарды оқимын. Серігіңмен сөзің жарасу үшін соның деңгейін шамалауың керек қой», – деді, технология институтын инженер мамандығы бойынша тәмамдаған әйел. «Қайран да қазақ әйелі» деп жылы жымидым. «Әйелді өзімен бірге биіктететін де – ері» екен-ау деп азаматынан айналдым. Сол сәт ол алдындағы ыдыстарды ысырып, шықырлаған пакеттен бір моншақтарды шығара бастады. Таныс. Оқушы күнімде көрші қыздарға аттарын жазып тоқып берген бисер-білезіктерім есіме түсті. Ол қызыл түстісін алды да сабақталған ине тұрған жерден жалғастырды. «Қызыммен декреттік демалыста отырғанда ойға алғаным ғой, әдетке айналып кетті. Алдыңғыларым ұл болғаннан ба, әшекейге онша көңіл бөлмеппін. Ал қызды көркемдегің келіп тұрады. Әрі мынау кәдімгідей тыныштық береді», – деді. Жалпы қол жұмысының қай-қайсы да жүйкеге жақсы әсер ететіні дәлелденген дүние екенін қосып қойдым. Ол: «Иә, оны өз өмірімнен де көрдім. Менің екінші ұлымда қиын диагноз болды(атын айтты, ұмыттым). Әкесі дәрігер ғой, бірдеңе біледі. Бірақ соның жазылуы ауырлау тиді. Бір адамның айлығы Астанада бір отбасыны қалай асырасын, со балам тә-тәй басқаннан жұмысқа шығып кеттім. Бала күтуші жалдадым. Бағыма орай жақсы қыз жолықты. Жыласа талып қала беретін баламнан алғашында қорықты, кейін білдім, жылап та жүрген екен. Бірақ мен оған «саған сенемін!» дедім. Соны сезінді. Балаларды бір психологиялық дамыту орталығына бердім, олар ұлыма майда тастармен, балшықтармен жұмыс істетеді екен. Сол сенген қыз үйге келгенде ермексаздың майда-майда түйіршіктерінен түрлі нәрсе жасатқан. Соған ерінбеген ғой. Ұйықтаса да, ойнаса да, тамақтанса да психологтың айтқанын орындаудан жалықпаған. Тоқтаусыз тірлікпен 2 жыл жылжыды. Ұлымның құлап қалуы сирей бастады. Мен жұмыс пен үйдің арасында жүгірем де жүрем. Содан соң балам сурет салуға қызықты, үйірмесіне бердім. Ол сурет салғанда дүние төңкеріліп кетсе де бітірмей тұрмайды. Қазір кәдімгідей шебер болып алды. Мектебінің атынан жарыстарға да қатысады. Сол қызға «бағың ашылсын!» деп батамды бердім. Бүгінде өзі де ана, балалары бар. Өзіне сай кеңпейілді жігітке тұрмысқа шықты. Не істеп жүр екен өзі?...» – деп күлімсіреді, жібін түйіндеп жатып. «Арнаулы білімі болмаған, тәжірбибесі тағы жоқ қаршадай қыз бір баланың шырағын қалай жақты, бір бұлақты қайтіп ашты?» деп ойладым. Сонда барып, аяқтап қалған алқасын кішкентай қызғалдағына тағып көріп жатқан анаға көзім түсіп, сөзі қайта ойыма оралды: «Мен саған сенемін!»
Не деген тәуекел, неткен жүректілік деймін де. Сенді! Ол негізі Құдайға сенді. Сенім деген сезім қандай ғаламат еді, ол жүректен жоғалмаса, тауды да төңкереді екен-ау...
Өзіңе, жақыныңа, жарыңа, жолдасыңа, бауырыңа, балаңа, сүйгеніңе, серігіңе сену қандай ғажап еді! Бар бақыттың бастауы қайда десем?...