Бұрыс (фасид) неке

Жүзеге асу шарттары толық болумен қатар дұрыстық шарттарында кемістігі бар некені «бұрыс (фасид) неке» деп атайды. Атап айтқанда:

Бірінші: Куәларсыз қиылған неке бұрыс болып табылады.

Екінші: Әйелінің қыз бауырын, немере әпке, нағашы әпкесін әйелінің үстіне алу Құранда тыйым салынғандықтан жарамсыз болып саналады. Егер әйелінің үстіне осылардың бірін алса соңғы алғаны бұрыс болады.

Үшінші: Тұрмыстағы әйелмен оның тұрмыста екенін білмей үйлену жарамсыз. Өйткені тұрмыс құрған бір әйел ажырасып немесе ері өліп «ғиддат» күту мерзімін аяқтағанға дейін тұрмысқа шығуына болмайды. Мысалы, ері ұзақ уақыт бойы жоғалып кейіннен оның өлгенінен хабар алған әйел немесе өзін талақ еткенін естіген соң бөгде бір ерге тұрмысқа шықса бірақ кейіннен бұрынғы ерінің тірі екенін не болмаса өзін талақ еткені жалған болып шықса, кейінгі күйеуі де бұдан бейхабар болса екінші неке жарамсыз деп табылады.

Төртінші: Бір адамның үш талақпен ажырасқан әйелінің өзге біреумен тұрмыс құрып, одан қайта ажыраспай тұрып қайта үйленуі жарамсыз.

Бесінші: Үйленулері өмірлік харам болған қан, қайынжұрттық (сихри) немесе сүт туыстарының бірімен үйленуі жарамсыз. Бұл жерде өзіне жақын екенін білу, не білмеу мәселені өзгертпейді. Сәби кезінде екі жаққа кетіп бір-бірлерінің жақын екендерін білмей кейіннен кездесіп туыс не болмаса сүт бауырлар үйленетін болса бұл жарамсыз болып табылып дереу ажырасулары қажет.

Алтыншы: Уақытша неке қию да жарамсыз. Әбу Ханифа, Әбу Жүсіп, имам Мұхаммед бойынша мұндай мерзімі белгіленген неке жарамсыз болып табылады. Олар мұны «мұта» некесімен салыстырып үкім берген. Мысалы, бір ер бір әйелге «саған мұнша мәһір беріп, қарымына сені бір айға өзіме әйел етіп алдым» деп, әйел де осыны қабылдайтын болса, бұл уақытша неке болып саналады. Ханафилардан бөлек қалған үш мәзһабта да осы некені жарамсыз, жалған деп пәтуа берген[1].

 

Бұрыс некенің нәтижелері

Бірінші: Жарамсыз бұрыс некеде ерлі-зайыптылар бірге тұрулары адал емес. Олар дереу ажырасулары қажет. Болмаса қазы оларды зорлықпен ажырастырады. Олар осыдан кейін де бір-бірімен төсек қатынас жасайтын болса, онда оларға зина жазасы беріледі.

Бірақ бұл жерде қателікті түзеуге мүмкіндік болса, түзейді. Мысалы куәсыз қиылған некені қайта куәлардың көз алдында қиып түзеуге болады. Сондай-ақ уақытша некені де қайтадан өмірлік деп қиса неке түзеледі. Бірақ қан, қайын жұрттық, сүт туыстығы сияқты мәңгілік тыйым салынған жағдайларда кемістікті түзей алмайды.

Екінші: Жарамсыз үйленуде өздерін ерлі-зайыпты санағандар бір-бірімен төсек қатынасын жасамаса, онда ешқандай, мәселе туындамайды.

Үшінші: Егер төсек қатынасы болса, онда мынадай нәтиже туады: Туатын бала әке жағынан нәсілі айқындалады. Бірақ бұл үшін бала ең азы алты ай және ең ұзағы бір жылдың ішінде дүниеге келуі тиіс.


[1] Касани, а.а.е. 2/268.

date18.09.2017readCount1924printБасып шығару