Намаз – мұсылманның парызы

Біздің тілдік қолданысымызға парсы тілінен енген «намаз» сөзінің түп-төркіні араб тіліндегі «ас-салату» сөзінің негізінде жатыр. Араб тіліндегі «ас-салату» сөзінің мағынасы – «тілеу», «дұға оқу» дегенді білдірсе, ал шариғаттағы мағынасы – тәкбірмен басталып, сәлеммен аяқталатын, ерекше қимыл-қозғалыстар мен сүрелер, дұғалар оқудан тұратын қасиетті ғибадат ұғымын меңзейді.

Құран кәрімнің бірнеше аяттарында намаз оқудың парыз екені айтылады. Мысалы: «(Уа, Мұхаммед!) Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды»[1]; «Үй-ішіңді намазға шақыр және өзің де оған көңіл бөл»[2]. Соңғы аятта әр отағасының намаз оқып, бала-шаға, туған-туыстарды намаз оқуға уағыздау керектігі міндеттелген. Сонымен қатар Алланың мейіріміне бөлену үшін де намаз оқу керектігін: «Намазды толық орындаңдар да, зекет беріңдер. Әрі Пайғамбарға бойсұныңдар. Әрине (Алланың) мейіріміне бөленесіңдер»[3] – деп білдірген. Бұл намаздардың оқылатын уақыттарын белгілеп: «Расында намаз мүминдерге белгiлі уақыттарда парыз қылынды»[4] – деп бұйырған. Демек, намаздың парыз екендігіне ешкімнің де зәредей шүбә келтіре алмасы анық.

Сонымен қатар намаздың парыздығы жайында Алла елшісі (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа құдайдың жоқтығына және Мұхаммедтің Алла елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, шамасы келсе қажылыққа бару және Рамазан оразасын ұстау»[5] – деген.

Ендігі бір хадисінде Алла елшісі (с.ғ.с.) Муаз ибн Жәбәлді (р.а.) Йеменге шығарып салып тұрып, оған:

«Сен әһли кітап (яһудилер мен христиандар) қоғамына бара жатырсың. Оларды әуелі Аллаға құлшылық етуге шақыр. Бұны мойындаса, бір күнде бес уақыт намаз оқудың парыз екенін айт. Намазға жығылса, ауқаттыларына Алла Тағаланың зекет беруді парыз еткенін айт. Құп көріп, қабыл етсе, олардан зекет ал. Бірақ дүние-мүліктерінің ең жақсысын алма, жәбір көргеннің қарғысынан сақтанғайсың. Өйткені, оның дұғасы мен Алла Тағаланың арасында перде жоқ (яғни, қарғысы сол мезет қабыл болады)»[6], – дейді.

Намазға көңіл бөлуді осыншалықты өсиет еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазды көзінің нұрына балаған. Намазды шын жүрекпен, жан дүниесімен беріле оқып, рүкүғ пен сәждеде ұзақ уақыт тұратыны соншалық – аяқтары ісініп кететін кездері де болатын. Намаздан   алған рухани ләззатын: «Маған (дүние нығметтерінен) жұпар иіс пен әйел баласы сүйдірілді, ал намаз – көзімнің нұры, рухани ләззатым»[7], – деп жеткізген еді. Ер кісі әйел затын қаншалықты жақсы көрсе, Нәби (с.ғ.с.) Аллаһпен қауыштырып, жүректі нұрландыратын намазды одан да артық санады. Ақиық елшінің (с.ғ.с.) қалай намаз оқығанын көргендер аузының суы құрып тамсанатын. Рүкүғ пен сәждеде ұзақ кідіріс жасаған сәтінде «демі үзіліп кетпеді ме екен» деген ой келіп басқалар қатты қобалжитын.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) намазды қалай оқитындығын Айша анамыз (р.а.) былайша сипаттаған: «Кейде (нәпіл) намазында «Фатиха» сүресін оқыған соң «Бақара» сүресіне өтетін, оған «Әли Имран» мен «Ниса» сүрелерін жалғап, тоқтамай Құранның ұзақ сүрелерін оқи беретін еді»[8].

Намаз – барша құлшылықтың өзегі. Бізге жеткен хадистерде: «Намаз – діннің тірегі»[9] «Діннің басы – Ислам, тірегі – намаз, шыңы – күрес»[10], яғни кімде-кім дінін тіктегісі келсе, намазын оқып, қас дұшпаны болған нәпсісімен күрессін делінеді. Өйткені, намаз – ақыретте ең алғаш сұралатын амал. Осыған орай Әбу Хұрайра (р.а.) мына хадисті жеткізген:

«Қиямет күні пенденің амалдарынан ең әуелі есепке алынатыны – намаз. Намазы дұрыс болса, онда пенде қуанышқа бөленіп, игілікке қол жеткізеді. Ал намазы дұрыс болмаса, онда күйзеліске ұшырап,қатты қайғырады. Егер пенденің парыз амалында кемшілік болса, Хақ тағала «Нәпіл амалдары бар ма екен? Сонымен парыздарының кем-кетігін толтырсын» – дейді. Әлгінің басқа амалдары да осы тәрізді есептеледі»[11].

Намаз – жұмақтың кілті. «Фатиха» сүресі Құранның негізгі ұстанымдарын қалай қамтыса, намаз да сол секілді барлық ғибадаттарды толық қамтиды. Айталық, намазға тұрған адам ішіп-жемегендіктен, ораза ұстағандай күйде болады. Сол сияқты намазда зекет те бар. Ол – уақыттың зекеті. Намазда қажылық та бар. Өйткені, намаз оқуға ниеттенген адам қасиетті Қағбаға бет бұрады. Намазда куәлік сөзі (шаһадат) де бар. Ол әрбір отырыста айтылады. Тіпті, періштелердің де ғибадаттарын қамтиды. Себебі, періштелердің кейбіреулері тік тұрып құлшылық жасаса, кейбіреулері үнемі рүкүғқа барған бойда иіліп, қалғандары тек сәжде жасаған күйі құлшылық қылады. Ал, адамдар болса, осылардың бәрін бір намазда орындайды.


[1] Анкабут, 45.

[2] Таха, 132.

[3] Нұр, 56.

[4] Ниса, 103

[5] Бухари, Иман, 1/2

[6] Бухари, Зәкәт, 41, 63.

[7] Нисаи, Аширатун-ниса, 1/7, 61.

[8] Кандаһлауи, Хаятус - сахаба, 3/503.

[9] әл-Муттақи Хинди, Кәнзул-уммал, 7/284.

[10] Тирмизи, Иман, 8/2619.

[11] Тирмизи, Сунән, 2/269.

date18.09.2017readCount3719printБасып шығару