old.muslim.kz
Мұсылман және уақыт
Дінмұхаммед Сманов
Үйімде зағип бар
Халиме Карабулут
Бір күні тақуа Хатим ибн әл-Асим деген кісі қажылыққа баруды ниет етеді. Сөйтіп бала-шағаны жинап:
– Мен қажылыққа бармақпын – деп ниетін айтады. Ұлдары жылап:
– Уа, Әке! Бізді кімге тастап кетпексің, бізді кім асырамақ? – деп аш қалу қорқынышы мен уайымдарын айтады. Сонда араларынан әпкелері тұрып:
– Жыламаңдар! Одан да әкемізге қажылыққа аман-есен барып келуіне дұға қылайық. Ол ризық беруші емес қой. «Күмәнсіз, Ол – Алла, ризықтандырушы және мықты күшке ие» (Зәрият, 58) – деген аятты оқып, ақылға шақырады.
Мұнан соң әкелері қажылыққа кетеді, балалар әлгі әпкелерін айыптап, аш күйде жатады. Әлгі қыз:
– Ей, Алла! Маған бұлармен қосып күнә жаза көрме! – деп мінәжат етеді.
Ертесінен бұл үйдің ауласымен нөкерлерін ертіп, қаланың сұлтаны өтеді. Сапардан шөлдеген сұлтан аулада жүрген балалардан су сұрайды. Балалардың бірі жаңа қазылған құдықтан жүгіріп барып сұлтанға су алып береді.
Шөлін салқын сумен басқан сұлтан:
– Бұл кімнің ауласы? – деп сұрайды.
Нөкерлердің бірі:
– Хатим ибн әл-Асимнің ауласы, – деп жауап береді.
Әкім бір алтын тастайды, сосын нөкерлеріне қарап:
– Кім мені сыйласа, осылай жасасын – дейді. Қасындағы нөкерлерінің барлығы солай жасайды.
Мұны көрген Хатим ибн әл-Асимнің қызы тоқтамай жылайды. Анасы оған:
– Қызым-ау, неге жылайсың. Алла бізге мейірімін төкті емес пе? – дейді.
Қызы:
– Анашым! Біз жаратылған мақлұқтың (адамның) назар салғанына осынша байып, алғыс айтудамыз. Ал егер бізге Жаратушы Алла назарын салса онда қайтеміз?!
Түйін: Адам баласы Аллаға тәуекел етеді. Ризықты беретін де, тарылтатын да Алла Тағала. Адам бар болғаны сол ризықтың келуіне себепші. Сондай-ақ, мұсылман адам Алла Тағаланы таршылықта, молшылықта да естен шығармаса, нағыз шүкіршілік деген сол болмақ.
Жалғас СӘДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы