Мұсылман және уақыт
Дінмұхаммед Сманов
Үйімде зағип бар
Халиме Карабулут
Жақында үйлену тойына бардым. Кештің басы – беташар. Сауысқаннан сақ келінді ортаға алып, біз тұрмыз. Қолына домбырасын алып, күйін келтіріп, асаба да ісіне кірісті. Бастапқыда бәрі жақсы басталған. Өлі аруақтардан бастап, әулеттің үлкендеріне сәлем еткізді. Туған-туыспен тізім бойынша таныстыра келе, «Үйіңе қонақ келсе егер, бір шиша арағыңды қой, келін» деп бүлдіргені болмаса… Бір қарын майды шіріткен құмалақ секілді бұдан кейін ойға оралған дүние молайды. Келіннің бетін ашудағы мақсат не? Беташар жырдың маңызы қандай? Беташар өзі қашан жасалады? Санаға сан сауал құйылды. Келіннің аяғы табалдырық аттағанына біраз уақыт болса да, тойдың алдында жасалатын жай жоралғыға айналып отыр. Ендеше, беташар – берекелі базына-тілектің бұлағы емес, бизнеске айналған деген сөз.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың бұл салт-дәстүрі, онда айтылатын жыр туралы былай дейді: «…Беташар өлеңінің не мақсаттан туып, не үшін айтылатынын тексерсең, мұнда үлкен мағына бар екенін айыру қиын емес. Беташар – беті ашылған жастың бетін ашып, өмір таныту, әрбір елдің өзі қолданған жол-жобасын түсіндіру. Тәжірибесіз жас әйел жаңа өмірге кіріп, жаңа қауымның ортасына келгенде, сол қауымның қадірлі, құрметті үлкендерін тану үшін керек. Солардың әрқайсысының орнын білуі керек. Жаңа қауымның қадірлейтіні кім, ұлық тұтып сыйлайтыны кім, жаста еркелетіп аялайтыны кім, жас келіннің бұларды топ алдында танып, біліп алуы қажет. Үлкендердің алдында келіннің тәжім қылуы – сол жаңа шарттарға көндім, қабыл алдым дегенінің белгісі. Екінші үлкен мағына: беташарда қазақ елінің жаңа түскен келінді келешекте ана болуға, қадірлі келін, үлгілі жеңге болуға үйретеді. Бұл өлеңнен қазақ жұртының әйелге жалпы көзқарасы білінеді. Әйел – үй ішінің, ауылдың, ағайын ортасының ұйытқысы. Солардың жарастығы, гүлі, берекесі. Күйеуі – сүйеніші, тірегі. Дос тауып, туысқан құрып беретін көмекшісі, досы. Өлеңде сол міндеттер толық айтылады». Демек, беташар жырда тәрбие мен тәлімнің болуы шарт. Өнеге ретінде келінге дұрыс бағыт беруді мақсат тұтады. Қазіргі тойға қарап, үлкендердің қарны ашатыны да осыдан. Жоғарыда атап көрсеткен мысалда, «үстелге арақ қой» дегені қай сасқаны?
Тойға қатысты тоқсан түрлі түсінік, көптеген келіспеушілік бар. Асабаның да естісі мен есері болатындығына куә болып жүрміз. Аузым бар екен деп айдалаға ауып кететін, қызыл сөзге ұсталығын емес, жаттанды сөзге құмар екендігін байқататындары тағы бар. Қош, әңгіменің басы – беташарға қайта оралсақ. Сәлем салдырудағы ниет – бата алу. Бірақ батаға бола бет ашу рәсімін жасау бүгінгі күнге тән емес. Қазір ол – кәсіп. Үй иелері жасаған тізімге сүйеніп, төрт жол «тақпақты» судыратып, кемі он-он бес адамды атап шақырады. Атың аталған соң, амал жоқ – банкаға ақша саласың. Тіпті бизнес екендігін жасырмай, «бес жүз теңге салғанға бес рет, мың теңге салғанға – он рет сәлем» деп қалжыңдайтын болған. Әулеттегілер де кімнің қанша ақша салғанын мұқият қарап тұрады. «Жасылын» салғанға жүзі жылиды. Тағы бір айта кететін дүние – той туралы келісім жасасу барысында жиналған ақша кімде қалатыны шешіледі. Батыс жақтың асабалары «банканы бізге берсеңіз» дейтін көрінеді. Ондағысы көп ақша жиналатынын меңзегені болса керек. Расымен, еліміздің батыс аймағы жайлы біраз аңыздар өріп жүр. Оның ішінде «той дегенде қу басы домалап, астындағы тайын сойып береді» дегенге саятынын жиі құлағымыз шалады. Бәсекелесіп, беташарға кім көбірек береді деген бәс те болып тұратын сыңайлы. Сыйластықтың ақшамен есептелмейтінін бір еске салсақ, артық болмас. Мұқтаж кезде қолдау білдіру басқа да, рия үшін ел алдында байлығын көрсету – басқа. Егер той иесі ақысын жемей, бір бағаға келісер болса, беташардың ақшасы үйде қалады.
Материалдық жағдайдың маңызы жоғары екендігін ескерсек, бұл салттың көпшілік алдында жасалғаны жөн-ақ. Табаққа салған ақшадан теңізге құйған тамшыдай болсын көмегіміз тисе, жақсы емес пе? Дегенмен дәл осы жерде келесі мәселенің төбесі көрінеді. Беташар қашан жасалады? Оның той үстінде, қуаныш басталмас бұрын жасалуы шарт па? Бүгінде осындай жазылмаған заңдылық пайда болыпты. Мұнысын той иесі қайта-қайта жұртты жиып, той жасайтын жағдайдың жоқтығымен түсіндіреді. Ауылдың үлкендерін шақырып, бата алу қазіргілер үшін аздық етеді. Бұл да – шындық. «Бата бәлкім, болашағымызға береке берер, бүгінгі тойдың ақысын беташарсыз қалай шығарамыз?» деген ой маза бермейтін секілді. Сол үшін де бір оқпен бірнеше қоянды атып түсіріп жүр. Мейлі, әркім өз жағдайының келгенінше жасайтыны анық. Бізге түсініксіз жайт мынау: келін сол үйдің босағасына енгеніне қанша уақыт өтсе де, той енді жасалып жатыр. Бұған да материалдық жағдай кінәлі. Бірақ олай болар болса, жұмыртқадан ақ келін деп ел-жұрт әбден танып алған соң барып, бетін ашқанның сәні неде? Той жасауға жағдайың келмесе, тым құрығанда үлкендердің басын қосып бетін ашып алуың керек емес пе?! Салттың негізгі өзегі де осында жатыр. Табалдырықты енді аттаған келінге берілген тәрбие әрі танысу. Айналасындағының жартысы танып үлгергенде ашылған бет – тек қана әдемі әрленген макияжды көрсету жоралғысы ғана.
Бұдан кейінгі мәселе: кімге иіліп сәлем ету керек? Тойда арғы атадан бастап, кеше туған сәбиге дейін аты аталып, шақырылады. Сәйкесінше, әрқайсысына жеке-жеке ақша салу керек деген. Осы мәселеге қатысты Зейнеп Ахметованың былай дегені бар: «Беташарда сені бермеске қоймай, атап шақырады. Бір тойда атаны айтты, ата жоқ, атаның орнына барып салдым. Сонымен біткен шығар десем, Бәкеңді айтты, Бақытжан ағаларың үшін барып ақша салдым. Енді келіп, мақтап-мақтап келіндердің символы деп өзімді айтты. Үшінші рет барып салдым да, біткен шығар десем, ауылда өтіп жатқан тойда Алматыда жатқан Ержанымды айтты. Оған да барып ақша салдым. Бұдан өткен не дарақылық бар? Сосын онда кімнің қанша салғанын қарап тұрады. Бұл өте ұят нәрсе. Содан кейін келін күйеуінен үлкенге ғана сәлем салады. Бізде кішкене балаға дейін сәлем салғызады. Негізінде, соны әулет иелері беташар айтатын адамға «айналайын, жолыңды беремін, табағыңды қойма» деп ескертуі керек. Келінге 7 сәлем жетеді, бұл өзі киелі сан. Әйтпесе, онсыз да кешігіп басталатын тойда беташар айтылып біткенше, шаршап қаласың. Сосын асабалардың да жөнсіз кететіні бар, анекдот айтып, көп мылжыңдап кетеді. Жаттап алғандарын айтып, сарнайды. Бұл – шеберлік емес. Не көрсек, соны жасайтын жаман әдетіміз бар. Мысалы, тойда келін жарты денесі ашық көйлекпен тұрады. Бетінде бір жапырақ фата, оған неменеге беташар жасайды? Онсыз да оның жарты денесі ашық қой. Бетін ашқаннан кейін қарасаң, қайынатасы келіннің жалаңаш денесін ұстап билеп жүреді. Намыс қайда?!»
Жадыра АҚҚАЙЫР
Айқын.кз