Саңғыл би

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын мұқият оқып шықтым. Елбасы «қазақ баласы туған жеріңе туыңды тік» деп әрбір азаматты елін, Отанын сүюге шақырып, «Туған жер» бағдарламасын ұсынып отыр. Өз туған жерінің сай-саласын, киелі ескерткіштерін көрсетіп, насихаттау әр азаматтың парызы деп білемін. Қазақ тарихы кез келген адамның туған жерінен мәлімет беруден құралады. Тарих шаңымен көмескіленіп қалған деректер ел аузында жүрген көнекөз қариялардың ұрпақтан-ұрпаққа аңыз етіп, ауызша айтып келе жатқан мәліметтерімен толықса керек. Осы себептен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқына «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Өз жеріңнің тарихын біліп-тану – кіндік қаның тамған ауылыңды сүюден басталады. Бұл мақалада әрбір жер атауының төркіні туралы біраз аңыздар мен әңгімелер айтылады. Әрбір өлкенің халқына суықта – пана, ыстықта – сая болған есімдері, ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар деп көрсетеді. Президентіміз «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек деген ұсыныс білдірді. Әр елдімекеннің көне ғасырдан қалыптасып қалған киелі жерлері бар. Осы мақалада өз туған өлкемнің қасиетті есімдерін тарих шаңынан аршып алмақшымын. тарихшы емеспін, журналистік немесе қаламгерлік қасиетім де жоқ. Шежіре құрастыруға қажетті ма­ман­дық емес, меніңше жауапкершілік деп бі­лемін. Сондықтан шежіреден шыққан кем­шілікті сот емес, жазушының ар соты қарайды. Бұл мақаланы ту­ған-туыс, жақын-жекжат және ке­ле­шек жастарға, бауыр­ларыма, ұрпақтарыма үлгі-өнеге тастау ниетімен жазып отырмын.

2017 жылы 28 сәуір күні Оң­түс­тік Қазақстан жұртшылығымен кездесуінде Елбасы «бұл өңірдің тарихын тұтас қазақ елінің тарихы» деуге болатынын айтты. «Бұл ай­мақ – қазақылықтың қаймағы бұ­­­зылмаған абыз-әулиелердің қа­сиеті дарыған, Қожа Ахмет Яссауи мен әл-Фарабидің іздері қалған көне мәдени мұраға бай киелі мекен. Оңтүстік аймақтың өзінде 800-ден астам тарихи-мәдени есерткіш бар. Әлемге әйгілі жә­дігерлеріміздің көбі осында сақ­талған» деді Елбасы. Осы Оңтүстік Қазақстандағы Созақ өңірінің көне тарихи-археологиясы әлі то­лық зерттелмеді. Елбасы Н.Назар­баев тәуелсіздіктің баға жетпес 7 та­бы­сын айқындап берді. Со­лардың маңыздыларының қатарынан мынадай түйін айтылады: Біз өш­кенімізді жандырып, жоғал­ға­нымызды жаңғыртқан «Мәдени мұра»стратегиялық жоспарын жү­зеге асырдық. Осы «Мәдени мұра­ға» жататын Созақ өңірінде көп­теген киелі жерлер бар: Баба­түкті шашты Әзіз, Қарабура, Ыс­қақ бап, Ақбикеш және т.б. кесе­нелер.

Созақ – қарт Қаратаудың те­ріс­кей беті. Басынан неше қилы за­ман өткен, сонау «Ақтабан шұ­бырындыда» босыған біраз халық­қа пана болған өңір. XII-XIII ға­сырда Шыңғыс хан заманында Ал­тай – Моңғол үстіртінен көпте­ген түркітектес ру-тайпалармен бір­ге қоңыраттар да осы өңірге ке­ліп, Қаратаудың күнгей, теріс­кей, Сыр бойы, Бетпақдала, Ар­қаға дейінгі иен далаға жай­ғасқан деген мәліметтер бар. Бөрте ха­ным­ның інісі, Жошы ханның бас уә­зірі әрі кеңесшісі болған Қоңырат Саңғыл би Жошы ханның әмі­рімен бұл аймаққа «Мөрші би» бо­лып, соңынан ілескен ру ағайын­дарын Шыңғыс ханның ба­тыс­қа жорығына ілестірмей, аман алып қалған деген ел арасында тара­ған әңгімелер де ай­тылады. Созақ ауданы­ның ең су­лы, шұрайлы жерлерінің бірі – Қозы­мол­дақ – Сызған елдімекені. Осы өңірді көрген Қоңырат Саңғыл би көш басын тоқтатып, еліне «Малтығыңдар», яғни «дема­лың­дар» деп туын тік­кен екен. Сол XIII ғасырдан бас­тап Қоңырат Саңғыл бидің ұр­пақ­тары, ағайын-туыс­тары жер ауыс­тырмай осы жерде өсіп-өніп, Қаратаудың күнгей-теріскейін жайлап жатыр. 8 ұлынан тараған ұрпақтарына Саңғыл бидің: «Ме­нің ұрпақтарым қыз алыс­паңдар, жат боласыңдар» деген өсиетінен кейін 9 ғасыр өтсе де, қыз алыспай бір рулы ел болып отыр. Қазіргі Қоз­молдақ елді-мекені сол ХІІІ ғасырдан бері осылай аталған. Сызған – сол мекенді сырт жау­дан қорғаған Саңғыл бидің батыр ұрпақтарының бірі. Қоңырат Саң­ғыл би туралы жазбаша тарихтан мәліметтер келтірейік. Саңғыл би – 1180 жы­лы дүниеге келген, Шың­ғыс ханның замандасы болған тарихи тұлға. Үйсін Майқы бимен үзеңгілес жүр­ген. 1822 жылы Қазан қаласында жарық көрген Хал­фин­нің «Ахуал Шыңғыс хан уа Ақсақ Темір» атты кітабында Қоңырат Саңғыл би, Үйсін Майқы би ту­ралы мынадай деректер келтіріл­ген: «1219 жылы Майқы би баста­ған 10 би Шың­ғыс ­ханның үлкен мәжілісіне шық­ты. Сол мәжіліске «өз билеу­ші­леріміз бар» деп төрт би келмей қалған. Олар: Қоңырат би, Қытай би, Селжут би, Қият би». «Өз би­леу­шілеріміз бар» де­ген­ге қара­ғанда, олар Хорезмшахқа бағы­нышты болуы ықтимал. Шың­­­ғыс хан төрт би келмегенін кек тұтпай, келген билерге таңба, ұран беріп, шы­ғарып салады. Жо­ғарыда келмей қалған төрт бидің бірі Хо­резмшах жақтағы қыпшақ­тар ара­сында өмір сүрген Қоңырат би болса керек. Алқалы жиынға кел­ген билердің бірін Арғылы Саң­ғыл деп атайды. Бұл деректерге қара­ғанда XIII ғасырдың бірінші ши­регінде қоңы­раттардың екі жақты ел бо­лып, Сыр бойында жә­не Хо­резмға қарасты қыпшақтар ара­сында отырғанын аңғарамыз.

Саңғыл бидің есімі Шыңғыс ханды таққа отырғызуға арналған жиынға қатысудан басталады. Жеке тұлғалар қанша атақты болғанымен өмірден өтеді, ал рулы қауым мейлінше ұзақ жасайды. «Саңғыл» атауы – тарихта еш даусыз кісі есімі. Бүгінде ол кісінің есімі ұрпақтарына ру атауы болып қалды. Саңғыл би есімі бірнеше тарихи еңбектерде кездеседі. Аристовтің «Заметки об этничес­ком составе тюркских племен и народностей и сведения об их чис­лен­ности» (СПб, 1897), Шәкәрім Құдайбердиевтің «Шежіресінде» Саңғыл бидің есімі Сенгеле деп берілген, профессор А.Машанов­тың әл-Фарабиге арналған зерт­теулерінде «Саңғыл би» деп анық жазылған. Бабамыздың аты «Қа­зақтың қысқаша тарихында» Саң­ғыл би, Қ.Салғариннің зерттеуінде «Саңғұл би» деп берілген. Дерек­көздерінде сәл өзгертіліп аталға­нымен, бәрінің түбірі бір «Саңғыл би» екені анық. Осы тарихи мәлі­меттерге, Қозмолдақ елдімеке­ніндегі ұрпақтарына қариялардың өз аузынан жеткен аңыз әңгімелер­ге сүйене отырып, 1991 жылы 21 шілде күні республикалық «Заң» га­­зетіне бабамыз туралы мақала жарияладым. Сол мақа­ланы 2004 жылы Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының тұңғыш Прези­денті Н.Назарбаевтың бастама­сы­мен жарық көрген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының 10 томдық «Ата заңдары» атты кітап сериясының 3-томына «Саңғыл би туралы дерек» (138-140 беттер) де­ген тақырыппен енгізілді. Осы кітаптың редакциялық алқасын бас­қарған ұстазым, белгілі акаде­мик С.Зиманов ағамыз мына­дай пікір жазған: «Саңғыл би – ХІІ ға­сырдың аяғы ХІІІ ғасырдың бі­рінші жартысында өмір сүрген түркі тегінен шыққан, Шыңғыс хан­ның замандасы болған қазақ­тың арғы бабаларының бірі. Оның нақтылы биліктері жөнінде мәлі­мет жоқ».

Заманымыздың ойшыл сурет­кері Ә.Кекілбаевтің 1997 жылы 14 наурызда «Егемен Қазақстан» га­зетіне шыққан «Елдік пен ерлік кие­сі» атты мақаласында Саңғыл би­ге қатысты мәліметтерді терең зерт­теген. Ауызша мәліметтерге сүйене отырып, 1990 жылы Саңғыл би ұрпақтары бабаның жерленген жерін тапты. Оның басына (аумағы 75 шаршы метр, биіктігі 18,3 метр) кесене тұрғызды. Осы кесене құ­рылысы жүріп жатқанда сол кез­дегі Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның әкімі мен бұрынғы мемлекет­тік хатшы Ә.Кекілбаев Саңғыл бидің басына арнайы келіп, құран бағыштады. Ә.Кекілбаев жоғарыда аталған мақаласында Шыңғыс ханды хан көтерген жиынға қазақ руларының ішінен Үйсін Майқы би мен Қоңырат Саңғыл бидің қа­тысқанын» айтады. Шыңғыс­ ханды ақ киізге отырғызып, хан сайлаған сол жиында үйсін Майқы биге: «ұраның – Салауат, құсың – бүр­кіт, ағашың – қара ағаш, таңбаң – сүргі болсын» депті. Қоңырат Саңғыл биге: «Ұраның –Қоңырат, құсың – қыран, ағашың – алма, таңбаң – ай болсын» деген екен. Сол үйсіннің ұраны заман ағы­мына қарай бабалардың есімімен сан рет өзгерді. Қоңыратта «Мүл­ка­ман», кейінірек «Алатау» деп ұрандатты. Саңғыл руының ұраны «Мүлкаман» болғанына қарап, көне­көз қариялар Саңғыл Мүлка­ман батырдың немересі деп те есеп­тейді. Саңғыл руының шежі­ре­сінде (16-бет) былай делінген:«Мүлкаманнан – Сарқұл мен Бәйімбет қатпа. Сарқұлдан Саң­ғыл, Бәйімбеттен Маңғытай деп таратады».

Қазақтың қалың Қоңырат руына ұран болған «Алатау» – кейінгі Есім ханның әскери қол­басшыларының бірі болған Алатау батырдың есімімен тікелей байла­нысты. Ә.Кекілбаев ағамыздың тұжырымдап айтқан осы деректе­рінде үлкен мән бар. Моңғол ше­жіресінде де Саңғыл бидің есімі қалғанына қарап, жергілікті өлке­тану­шы, тарихшы Рахман Жап­парқұлұлы оны 1180 жылы туған деп тұжырымдайды.

Белгілі қаламгер Әнес Сарай өзінің «Көнелік» атты зерт­теу еңбегінде Қытай деректеріне сүйе­не отырып: «Дей шешен ұрпа­ғы – «Маңғытай» деп көрсетеді. Қоңы­раттың Маңғытай, Саңғыл деген ұрпақтары бір атадан тара­ған. Ескі заманда бір-бірімен қыз алыспаған ағайын болыпты. Саң­ғыл бидің тарихи орны мен еңбегі жайлы жазушы С.Бақбергенов «Бөрте – Шыңғыс ханның жұбайы» деген повесінде де атап өтті.

Теріскейдегі Қозмолдақ, Сыз­ған, Күмісті, Үштөбе, Жартытөбе, Бақырлы (қазіргі Қаратау ауылы) Саңғыл руының ата қонысы, ал­тын ұясы екені атадан балаға ама­наттап айтылып келеді. Бүгінде Саң­ғыл руының ұрпақтары Оң­түс­тік Қазақстан облысының көп­теген аудан-қалаларында қоныс­тан­ған. Көбірек шоғырланған жер­лері – Созақ, Түркістан, Ащы­сай, Кентау, Отырар, Мақтарал ау­дандары. Шымкент, Тараз, Ал­ма­ты және Астана қалаларынан басқа аймақтарда да Саңғыл би ұрпақтары баршылық.

ХV ғасырда Керей – Жәнібек сұл­тандар алғаш рет Қозыбаста қа­зақ хандығын құрып, ту көтер­генде Қаратаудың теріскей бетін мекен еткен қалың Қоңырат, оның ішінде Саңғыл бидің ұрпақтары алғашқылардың бірі болып хан­дық­қа қосылғаны даусыз. Үш гек­тар аумақты алып жатқан Саңғыл би кесенесінің айналасында бау-бақша жайқалып тұр. Жылда әр аймақтан жиналған ұрпақтары Саңғыл атаның басына жиналып, оның әруағына бағыштап Құран оқу, ас беру дәстүрге айналған. Тарихта қазақ хандарының атасы са­налатын Жошы ханның уәзірі болған Саңғыл бидің Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Қозмолдақ – Сызған елдімеке­ніндегі кесенесі кейінгі ұрпақ­қа үлгі, тәрбие болары сөзсіз.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласында көте­рілген «Ту­ған жер» бағдарламасы баста­ма­сын қолдай отырып, сонда айтылған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына Саңғыл би кесенесін енгізу қажеттігін қа­дап айтқымыз келеді. Қай жағынан алып қараса да, Саңғыл би кесенесі аталған картаға енгізуге лайықты тарихи орындардың бірі саналады.

Әділхан Берікқараев
date01.08.2017readCount1953printБасып шығару