Күнә жасағың келсе...

Бірде Ибрахим ибн Әдхамға жас жігіт келіп, өзінің күнәлі іске барып қоятындығын, сол үшін тәубе еткісі келетіндігін, бұдан кейін күнәлі істен сақтанудың жолын көрсетіп, насихат айтуын өтінеді.

Сонда ол кісі: «Егер мына бес нәрсені орындай алатыныңа кепілдік берсең, қалаған күнәңді жасай бер» дейді. Дүйім жұрттың бетке ұстар адамынан мынандай жауапты естігенде, таң қалысын жасыра алмаған әлгі адам: «Ол айтқандарыңыз не?» деп сұрайды. Ибрахим ибн Әдхам болса: «Күнә жасағың келсе  жаса, бірақ  бұл жерде жасама, Алланың жаратылысынан тыс, басқа бір мекен таба алсаң егер, сол жерге барып жаса» дейді. Жігіт: «Бұл не дегеніңіз, мен қай жерге аяқ бассам да, мейлі ол өзіміз тұрған мына жер беті болсын, басқа жер болсын, оның барлығы Алланың меншігіндегі мүлік қой, Алланың жаратқан жаратылысы ғой», - деп таң қалады. Жақсы олай болса екінші шартты айтайын: «Егер күнә жасағың келсе жаса, бірақ Алланың ризығын жеме» дейді. Жігіт: «Онда менің тіршілігім тоқтайды ғой, үшіншісі не, ей имам?» - деп сұрайды. Үшіншісі: «Егер күнә жасағың келсе Алла көрмейтін жерге барып жаса» дейді. Жігіт: «Бұл мүмкін емес қой, Алла Тағала көместі де, тіпті көкіректе не жасырынғандығына дейін білуші ғой» дейді. Ибрахим ибн Әдхам сөзін одан  әрі жалғап: «Егер саған өлім сәті келген кезде, жасаған күнәларыңа тәубе еткеніңше өлімді кешіктіре ала алсаң, қалаған күнәңді жаса» дейді. Әлгі жігіт: « Өлімді қалайша кешіктірмекпін, ол менің құдіретімдегі іс емес қой» дейді қобалжыған сыңай танытып. Бесіншісі: «Ертең қияметтің күні болғанда, азап періштелері сені тозаққа қарай сүйреген  кезде, олардан сытылып шығып өз еркіңмен жәннатқа кіре алатын болсаң, жасағың келген күнәңді жасай бер» дейді. Жігіт болса: «Жоқ, бұған да менің шамам жетпейді», -  деп басын шайқайды.

Сонда Ибрахим ибн Әдхам  жігітке бұрылып: «Алланың саған бесік етіп жаратқан жерінде тербетіліп, ризық-несібесіне бөленіп жүрсің. Өлімді бір сәтке де кешіктіре алмайтыныңды білесің. Жәннатқа кіруің үшін де Раббыңның мейіріміне мұқтажсың. Жаратушы Иеңнің сені әрдайым көріп, бақылап тұрғанынан да хабардарсың. Осының бәрін біле тұра Алладан ұялмайсың ба!?» дейді. Бұл насихатты естіген жігіттің шыңғырған даусы шығып: «Я Раббым! Алла Тағалам! Бір Өзіңнен кешірім тілеп, бір Өзіңе тәубе қылдым», - деп жылаған екен.

date13.07.2017readCount3279printБасып шығару