«Кәпір боп кетем бе» деп қорқам

 

Табиғиндардың бірі Әсуәд ибн Язид де өз заманының ең биік тақуаларынан болған. Екі күнде бір Құран хатым шығарған. Әсіресе, түнімен үй төбесінде тікесінен тік намазда тұрып Құран оқитын. Әсуәдтің көршісінің бір жас баласы бар еді. Ол ылғи да түн жарымында далаға шыға қалса көрші үйдегі үй төбесінде қадаулы «бағананы» көретін. Бір күні ол түн жарымында далаға шыққанында әлгі бағананы көре алмайды. Ертеңіне анасына: «Анау көршінің үйінің төбесіндегі бағана жоқ», - дейді. Анасы: «Балам, ол қадаулы бағана емес, көршіміз Әсуәд деген кісі ғой. Ол кеше қайтыс болды», - деп жауап қатады. Міне, Әсуәд ибн Язид осындай кісі еді. Ол Хақ Тағаланы терең сүйген, сол үшін де күні-түні Оған көп құлшылық жасаған адам еді. Оның Хаққа көп құлшылық жасап, көз жасын төккені сонша замандастарының ішінде ең атақты тақуа адамдардың өздері келіп бұған: «Өз-өзіңді мұншама қатты қинай берме» дейтін. Олардың бұл сөзіне ол: «Қияметте есеп беру аса қиын», - деп жауап қайыратын. Осылайша өмір бақи Хақ Тағалаға құлшылық жасап, бір күні ажал сағаты да таяп, еріксіз төсекке таңылады. Оған сол заманның ең атақты ғұламасы һәм тақуасы, өзінің туысы Алқама келеді. Ақтық сағаты жақындай түскенде Әсуәд көзіне жас алып жылай бастайды. Алқама оған: «Неге жылайсың? Әлде күнәларым көп деп қорқасың ба?» - деп сұрайды. Әсуәд сонда: «Жо-жоқ бауырым, мен күнәларыма жылап жатқаным жоқ. Күнәларым көп болып өлсем менде арман бар ма?! Мен кәпір болып өліп, арғы жағалауға иман- сыз кетемін деп қатты қорқып жылап жатырмын», - деп жауап қатады. Бұл – өмір бақи Хаққа бас иіп, құлшылық қылып өтсе де өлерінде иманмен кетуді арман еткен тақуаның біздерге өшпес өнегесі.

date08.07.2017readCount3209printБасып шығару