Ақиқа құрбаны жайында не білесіз?

Араб тілінде «Ақиқа» деп жаңа туған нәрестенің шашын айтады. Нәресте дүние есігін ашқанда немесе сәбидің шашын алатын күні Аллаға шүкіршілік ретінде шалынған құрбан «ақиқа» деп аталады.

Ханафи мәзһабында ақиқа құрбанын шалу мубах. Басқа үш мәзһабта ақиқа құрбанын шалу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хасан мен Хұсайынның (р.а.) екеуіне де арнап ақиқа құрбанын шалған, әрі жаңа туған ұл мен қызға арнап мұсылмандардың құрбан шалуын мақұл көрген. Әрине, сәбидің дүниеге келгенін туыс-туғандар, дос-жарандарға хабарлап, қуанышты бірге бөлісу құптарлық іс. Шалынған құрбандықтың етінен қаласа үй иелері де жейді, болмаса кедей-кепшіктерге садақа ретінде таратуына болады.

Сәбиге жеті күн толғанда ақиқа құрбанын шалу – мұстахап. Осы күні құрбан шалғаннан кейін азан шақырып ат қойып, шашын алу және шашының салмағындай алтын немесе күмістен садақа беру – сүннет. Фатима анамыз дүниеге Хасанды әкелгенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Нәрестенің шашын ал және шашының салмағындай күмістен садақа бер»[1], – деген. Ғұламалар алтынды күміске қияс (салыстыру) қылған. Ақиқа құрбанын сәби балиғат жасына толғанға дейін шалуға да рұқсат етілген.

Құрбан айтта құрбандыққа жарайтын малдар ақиқа құрбанына да жарайды. Яғни, шалынатын малдың екі көзі де көретін, тістерінің жартысынан көбі сау, мүйзінің бірі немесе екеуі бірдей түбінен сынбаған, құлағы мен құйрығының жартысынан көбі сау және көтерем дейтіндей арық емес болуы керек. Жаратылысынан құлағы мен құйрығы жоқ, сондай-ақ өз аяғымен жүре алмайтындай дәрежедегі ақсақ мал ақиқа құрбанына жарамсыз. Қыз балалар үшін де ақиқа құрбанын шалады. Ұл не қыз деп бөлежармай әрқайсысына бір қойдан шалса жеткілікті[2]. Ал, «ұл баласына екі қой», «қыз баласына бір қой» сойғысы келгендердің бұл ниеттері  де Алла Елшісінің сүннетіне теріс емес[3]. Ақиқа құрбанын шалар кезде: «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар. Аллаһым, бұл сенің ризалығың үшін шалынған пәленшенің ақиқа құрбаны» – делінеді. 


[1] Ахмад, (Нәйлүл-әутар, 5/136)

[2] О.Н.Бильмен, Ғылымхал: Ақиқа құрбаны бөлімі

[3] Ибн Мәжа, 3163

date27.06.2017readCount4605printБасып шығару