Фатима анамыздың тақуалығы

Хазіреті Фатима мен хазіреті Әлидің алғашқы кездерінде кейбір аздаған келеңсіз жайттар болмаса одан кейінгі өмірлері бір-бірлеріне ыстық ықыласпен, терең сүйіпеншілікпен өтті. Хазіреті Әли әрқашан Пайғамбарымыздың жанында болып оған көмекші болғандықтан үйдегі жоқшылыққа хазіреті Фатима сабырлық танытып, үй істерін жалғыз өзі атқара білді. Бір ауыз да хазіреті Әлиге «неге отбасыңа нәпақа іздемейсің?» деп қарсы келген емес. Өйткені оның Ислам жолында көп істер атқарып жүргенін жақсы білетін.

Ол – Ақырғы пайғамбардың ең жақсы көретін қызы еді. Сол себепті Алла елшісі: «Фатима – менің бір бөлігім. Оны қуандырған мені қуандырар, оны ренжіткен мені ренжітер»,[1] деген болатын. Сөйте тұра Фатиманың үй шаруашылығына жәрдемдесер ешкімі жоқ болатын. Су тасудан, диірмен тартудан қолдары күс болып, иықтары да жара-жара болатын. Хазіреті Әли мұны көріп, қатты қиналып, бірақ қолынан еш нәрсе келмей жүретін. Бұл ауыртпалық ұзақ уақыт бойы жалғасты.

Негізінде, оның мінезі әкесінің мінезіне қатты ұқсайтын. Өз ісін өзі істеуі де әкесіне тартқандығы еді. Жүріс-тұрысына дейін әкесінен айнымайтын[2].


[1] Бухари, Фәда’илу’л-Асхаб, 12,16; Муслим, Фәда’илу’с-Сахабә, 93- 94.

[2] Бухари, Менақиб, 25; Муслим, Фәда’илу’с-Сахабә, 98-99.

date23.06.2017readCount3668printБасып шығару