Ері жұбайының жұмыс істеуіне рұқсат беру

Ислам діні қажет жағдайларда әйелдің де жұмыс істеп, табыс табуын құптайды. Тұрмысы нашар отбасыларда отағасына көмектесу үшін немесе жесір қалған әйелдің бала-шағасын асырауы үшін табыс табуына қарсылық білдірмейді. Сондай-ақ Ислам діні әйел адамның бостан-бос отыруын, жалқаулыққа салынуын да жаратпайды.

Кезінде сахаба әйелдер түрлі кәсіптермен шұғылданған. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұған қарсылық білдірмеген. Мысалы, ол кездері үйлену тойлары үшін қалыңдықты сәндейтін шаштараздықпен шұғылданатын, толғатқан ананы босандыратын, кісі жалдап сауда керуендерін шет елдерге жұмсайтын әйелдер болған. Ұхұд соғысында кейбір әйелдер майдан даласында жүріп жаралыларды емдеген. Үмбеттің ұстазы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінің асыл жары Хафсаға (р.а.) жазу үйрету ісін жүктеген. Сахабалардан Абдулла ибн Мәсғұдтың жұбайы Раита ханым қолөнермен айналысқан. Сол еңбегімен табыс тауып, отбасын асырап, күйеуіне көмек көрсеткен. Осы жағдайын бір естелігінде былай баяндайды: «Бір күні күйеуіме: «Балаң екеуіңді асырап-баққандығымнан менің Алла жолында садақа беруге мұршам жоқ. Бір жағынан сендерді де аш қалдырмай, бір жағынан Алла жолында садақа атауға да табысым жетпейді. Отбасының қамын ойласам, садақа сауабынан қағыламын. Садақа берсем сендерге қол ұшын созуға дәрменсізбін» деп, одан арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей сауап жинау үшін не істейін деп ақыл сұрадым. Күйеуім отбасыма арнаған табысымның садақаға жатар-жатпасын білмейтінін айтты. Сосын жағдайды Алла елшісіне барып айттым. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Иә, олар үшін жұмсауыңды тоқтатпа. Себебі, олар үшін не сарп етсең де, саған сый мен сауап бар», – деді».

Пайғамбарымыздың жұбайы Зейнеп бинт Жахш тері өңдеу ісінің асқан шебері еді. Осы еңбегімен тапқан табысының бәрін Алла Тағаланың жолына жұмсайтын.

Бірақ әйел қызметке тұру үшін күйеуінен рұқсат алуы тиіс. Тағы да бір ескеретін мәселе, қызмет атқаратын ортасы оны күнәларға жетелейтін жер болмауы керек. Сонымен қатар, табыс тапқысы келген әйел өзінің күйеуі алдындағы міндеттерін ұмытпауы тиіс. Себебі кәсіппен шұғылданып, дүние жинау тұрмыс құрған әйелдің уәжіп міндеті емес, ал күйеуінің алдындағы міндеттері болса уәжіп болып табылады.

date08.06.2017readCount2965printБасып шығару