Түркия Рамазанға ерекше дайындалады

Түркия Рамазанға ерекше бір дайындықпен кіреді. Рамазанға арнап 30 күн бойы ауызашар дастархандары үшін шатырлар тігіледі. Ауызашарсыз қаламын деп алаңдамайсыз. 30 күн бойы ғибратты да рухани кеш өткізу үшін арнайы сахналар да құрылады. Ауыз ашып, қарныңызды тойғызғаннан кейін рухыңызды да рухани азықтандырасыз. Сондай-ақ, түрлі қайырымдылық жәрмеңкелері де өтеді. Рамазанның соңғы он күнінде Түркия бойынша 8 мыңға жуық мешіт и'тикафқа дайындалады. Діни-діни емес деп бөліп жармастан барлық телеарналардан Рамазанға арналған бағдарламалар жүргізіледі. Радиолар да тынымсыз сауап алуға жарысады. Халық балаларға да түрлі сыйлықтар жасап, ерекше көңіл-күй сыйлауға тырысады. Қысқасы, көшелерден Рамазанның ерекше хош иісін сезесіз.

Аллаға шүкір, біздің елден де соңғы жылдары оң өзгерістер байқап жүрміз. Көшелерде Рамазанмен құттықтаған билбордтар, 30 күн бойы ауызашар беретін мейрамхана, кафелер, әлеуметтік желілерден келетін дамылсыз құттықтаулар, кейбір ауылдарда Рамазан айының құрметі үшін арақ сатудан бас-тартулар, Рамазан айының құрметі үшін жасалып жатқан қайырымдылықтар, т.б. Рамазанның лебі бізде де жақсы есе бастады. Аллаһ Тағалаға сансыз шүкір. Кешегі коммунистік дәуірдің батпандап кірген идеологиясы мысқалдап болсын шығуда. Ең бастысы шығуда. Түбімізге қайырылудамыз. Бабалар жолына бас қоюдамыз. Талай әулие шыққан топырақ қайта құнарлығына қауышуда. Бәрі ниетке байланысты екен. Бір қауым ниетін өзгертпейінше, Алла Тағаланың ол қауымы үшін берері де өзгермейді. Бұл Алланың уәдесі.

Ендеше, игі ниетті ағайын! Нәпсінің тізгінделіп, ізгі ниеттердің күшейе түсетін Қасиетті Рамазан айы мүбәрак болсын! РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ айы құтты болсын!

Салтан САЙРАНҰЛЫ

date29.05.2017readCount2443printБасып шығару