Ең уайымсыз жан иесі тасбақа ма?

Дүниеде бір армансыз, қамсыз, уайымсыз жан иесі бар болса, ол тасбақа шығар деп ойлаушы едім. Мейір шөпті тауып алып, соны тістеп жатып, жүз жыл жасай беретін, Құдайдың сүйген мақұлығы сияқты көрінуші еді.

Сөйтсем, деректі фильмнен көрдім, тасбақадан қасіретті жәндік жоқ екен. Теңіз тасбақасын айтамын.

Теңіз тасбақасы баласын жұмыртқадан шығарады. Бірақ жұмыртқаны суда туа алмайды. Теңізден шығып, жағалаудағы құмды қазып, жұмыртқа туып, құмға көміп кетеді екен.

Кетерінде көз жасы көл болып, іштен шыққан тұқымды қия алмай, құрлықта ұзақ уақыт қала алмай, амалсыз теңізге оралады. Міне, сұмдық сол сәттен басталады. Тасбақа жұмыртқасына алдымен адамдар әуес, тіпті жерік десе де болады.

Адам сондай болғанда, басқа жыртқыштарға не жорық? Олар да жұмыртқа жегіш.

Ал енді жегіштерден аман қалған жұмыртқалар құмның қызуымен ай-күніне жетіп, балақай болып, жарық дүниеге шығады ғой. Әне, содыр сойқан сонда басталады. Енді оларды аулауға аспандағы жырқыш құстар да шүйлігеді.

Тумай жатып, жарық дүниеге келмей жатып, ажал аранына түсетінін Жаратқанның берген түйсігі арқылы сезетін балақайлар сол сезім жетектеп, дереу теңізге жетуге асығады.

Теңізге жеткені – жетті, жетпегені – желкесі үзіліп, қорқаулардың құлқынына түседі.

Бұл да бір кем дүние, арпалыс әлемі.

Шерхан Мұртаза

date04.04.2017readCount3860printБасып шығару