old.muslim.kz
Мұсылман және уақыт
Дінмұхаммед Сманов
Үйімде зағип бар
Халиме Карабулут
Тағы да бір сол тоқсаныншы жылдары мешіт салып жатқан уақыттан сөз етейін. Себебі, өмірімнің ең бақытты кезеңдеріне сол кезеңдерді жатқызатыным ақиқат.
Ауылымызда салып жатқан мешіт құрылысына бұрыннан танитын Кеңесхан деген ағамыз прораб болып көмекке келді. Ағамыздың атасы Ноғайбай молда кезінде Зайсан өңірінде екі мешіт салып, сауда ұстаған діндар болыпты. Кеңес өкіметі дін адамдарын қудалауға алған соң, Қытай асып, сол жерде дүниеден озыпты. Кейіннен ұрпақтары елге оралып, солардан тараған ұрпақтың бірі - осы ағамыз.
Кеңесхан аға бізге үлкен ұстаз болды. Біз ағамызға: "Аға, біз діннің әрпін үйрендік, ал Сіз болсаңыз, рухын үйренген адамсыз", - дейтін едік.
Расында да, солай еді... Ағамыз: "Ең маңыздысы - мешіт салу емес, адамдардың жүрегінде мешіт салу, яғни иман ұялату", - дейтін.
Ол кісінің сенімі, тәуекелі жөнінде мына бір оқиғаны мысал етсек де болар еді:
Бір күні мешіт құрылысы жүргеніне бір ай шамасы болғанда, қаражатымыз бітіп, алты-ақ мың теңге ақшамыз қалды. Құрылыста қырық адам жұмыс істеп жатыр. Кеңесхан аға: "Имам бауырым, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамның еңбекақысын беру жөнінде не деп айтқан?" - деп сұрады.
Мен болсам:
عن عبد الله بن عمر رضي الله عنهما قال: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: (أعطوا الأجير أجره قبل أن يجف عرقه)رواه ابن ماجه
Абдулла ибн Амирден (Алла екеуінен де разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (р.а.): "Қызметшінің еңбегін маңдай тері кепкенше беріңдер" (Ибн Мәжа), - дегенін жеткіздім.
Кеңесхан аға: "Ондай болса, тура солай жасаймыз", - деп жұмысшыларды жиып алып:
"Жігіттер, қыздар! Мен жаңа ғана имам бауырымыздан еңбекақыны Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қалай беруді бұйырғанын сұрадым. Адам еңбекақысы маңдай тері кепкенше берілу керек екен. Ал, қаражатымыз алты мың теңге қалыпты. Мен осыны сендерге теңдей етіп бөліп берем", - деді. Құрылысшылар да, менің де сеніміміз жетпей: "Аға, ертең бензинге болса да керек болады. Бір-екі мың теңгесін алып қалсақ қайтеді?!" - деп болмаймыз.
Кеңесхан аға: "Ең алдымен біз Алланың бұйрығын орындайық, ал екінші жағы Алланың құзырында. Біз хадиске сеніп, тәуекел етуіміз керек", - деп жұмысшыларға ақшаны толық таратып жіберді.
Ертеңінде құрылысшылар жұмыс басындағы қосқа келіп, бірісі бензин, бірісі шеге т.б. барлығы қажеттерін сұрап жатыр. Бәріміз де ақшаның таусылғанын біліп отырмыз.
Кеңесхан аға дәптерін алып, қаражаты бар адамдай жазып отыр. Есепшісіміз Мәрия апай, наиб имам Амангелді, Жұмаш ата, Нұрмұхамбет ата бәріміз бір-бірімізге жалтаң-жалтаң қараймыз. Сенімнің ең сыналатын сәтінде отырмыз. Тек жайбарақат шәй ішіп отырған Кеңесхан ағамызға қарап көңіліміз тыныштала түсетіндей. Бір сағаттай уақыт өтті... Бір мезетте қосымызға бір әйел адам кіріп келіп: "Алтайэнерго мекемесінен келдім. Кеше мешіт құрылысына ұжым болып көмек жинап едік, жетпіс мың теңге ақша жиналды. Мынау сол қаражаттың алғашқысы - қырық мың теңге. Қалғанын кейін әкелемін", - дегенде барлығымыз Алланың ісіне қайран қалғаннан басқа шарамыз қалмады.
Осылайша, жұмысшылар еңбегі күн сайын беріліп, мешіт құрылысы аяқталғанша осы "көмектің" ауыл-ауылдан намазхан ата-апаларымыздың жинауымен тоқтамай келіп тұрғанына куә болдық. Тіпті, алты ай бойы құрылысшыларға түскі асты халық болып тегін әкеліп, әр күні әр отбасы, не мекеме болып, дастархан жаятын. Жанымызда тұрған сол кездегі Абай орта мектебінің директоры Төлеген аға жарты ай бойы түскі ас беріп тұрды. Жалпы, айтқанда мешіт құрылысы - халықтық құрылыс болды. Алла баршасына разы болсын!
Расында, атам қазақ айтпақшы: "Тәуекел түбі - жел қайық, өтесің де кетесің", - дегендей, Аллаға сенсек те, кейбір уақытта мына қу тіршілікте тәуекеліміз жетпей-ақ жатады.
Ал, бұл оқиғадан түйетініміз сенім мен тәуекел бірге болу керек екен және осы оқиға, яғни мешіт құрылысы - тікелей Алланың жәрдемімен ғана салынуына тағы да бір дәлел емес пе?
Алла баршамызға шынайы сенім мен тәуекел нәсіп етсін!