Хадистегі хауариждер

Хауариж – соңғы уақытта көп тілге тиек етілетін сөздердің бірі. Мұның мағынасы – көтерілісшілер. Ең әуелі халифалар Осман бин Аффан және Әли бин Әбу Талиб (Алла екеуінен де разы болғай) дәуірінде мемлекеттік жүйеге қарсы шыққан топ. Бұл атау бірқатар діни ұйымдарға қатысты қолданылуда. Соның ара-жігін ажырату үшін оның нақты белгі-сипаттарын тексеріп көрейік.

Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде мұсылман үмбеті ішінен шығатын топтар ішінде хауариждерге қатысты ғана 20-дан астам хадис айтылған. Бұл осы топтың үлкен зиянын аңғартады. Бұған қоса, аталмыш ағым сырт көзге ерекше тақуалық және ізгілігі оларды жұрттың ажырата білуін қиындатады. Сонымен бірге, олардың тұжырымдары тек ой-пікірмен шектелмей қан төгіске дейін баруы аса қауіпті ете түседі. Бұл ағымның хадисте айтылған белгілерін атап өтейік:

1. Жастар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Худасау әснан[1]», яғни жастары тым жас, - деген. Бұл ағымның басым бөлігін жастар құрайды. Араларында ақыл тоқтатқан және өмірлік тәжірибесі бар ел ағалары мен ақсақалдар жоқтың қасы.

2. Үстірт ой мен ақылдың таяздығы. Хадисте: «Ақырзаманда бір қауым келеді, олар жасы тым жас және ақыл-ойы жоқ[2]», - деген. Хауариждің бір белгісі, жеңіл және істің беткі жағын ғана ойлау, асығыстық пен қызбалық. Ойы мен танымы тар. Ал, ойлау көкжиегі мен көкірек көзі жоқтың қасы. Имам Науауи: «Бұл хадистен түйетін жайт: табандылық пен көрегендік жастың ұлғаюы – көп тәжірибе және ақыл күшімен келетіндігі[3]».

3. Тәкаппарлық. Хадисте: «Ақиқатында, сендердің араларыңда бір топ бар, олар құлшылық етеді және дағдыға айналдырады. Тіпті, адамдар оларға таң қалып, өздері де таңырқай түседі. Олар діннен аңды тесіп өткен жебедей алыстай түседі[4]», - делінген. Хауариждер басқа мұсылмандардан өздерін биік санап, тәкаппарлық ететіні белгілі. Олар өздеріне һәм іс-әрекеттеріне таңданып, таңырқап жүруі көп кездеседі. Хауариж ағымы ешбір тәжірибесіз, ғұламалар сөзін елемей біліміміз бар деп ғалымдарға үлкен мәселеде тай-таласу «қанында бар».

4. Құлшылықтағы құлшыныс. Олар намаз, ораза, Құран тиләуат ету, зікір және басқа құлшылықта ерекше жігерлілігі тәкаппарлыққа алып соқтырады. Бұл жайлы хадисте: «Сендердің Құран оқығандарың олардың Құран оқуының алдында түкке тұрмайды. Сендердің намаздарың олардың намазының алдында түк емес. Сендердің оразаларың олардың оразасының алдында ештеңе емес[5]» және «Олардың намазы жанында өз намаздарыңды, оразалары жанында өз оразасын болмашы деп көреді[6]»,-делінген.

Егер сахабалардың өзі олардың құлшылығына таң қалған болса, одан арысын ойлай беріңіз. Абдулла бин Аббас (р.а.) хауариждермен кездесіп келген соң айтқаны: «Мен кірген кезде олардай қатты құлшылық жасайтын елді көрмедім. Олардың қолы түйенің табаны сияқты күстенген ал маңдайларында сәжденің ізі бар[7]», - деген.

5. Құранды қате түсіну.  Хауариждер Құранды көп оқиды және одан да көп әр әрекеттеріне Құраннан дәлел айтады. Алайда, Құранды түсіну және жете білудің ешбір белгісі жоқ. Олар аяттарды тиесілі орында қолдануды білмейді. Сондықтан хадисте: «Олар Құран оқиды және Құран олардың пайдасына қорған деп ойлайды, алайда (Құран) оларға қарсы айғақ болмақ[8]» және «Олар Құранды тоқтаусыз оқиды алайда көмейінен аспайды», - делінген.

Имам Науауи: «олардың Құраннан алатын үлесі тек тілдерімен оқу ғана. Құран олардың көмейінен асып жүректеріне жетпейді. Әрине, жүрекке жетуі Құранға байлануы және мағыналарына терең бойлау[9]». Ал, Абдулла бин Омар (р.а.): «Олар кәпірлерге қатысты түскен аяттарды мұсылмандарға қарсы қолдана жөнелді», - деген.

6. Шешен тілді. Хадисте: «Сөзге мықты, амалға жоқ» ақиқат сөздерді ғана айтады. Бірақ, ол сөздерін өз мұрат мақсаттарын пайдаға асыру үшін ғана жасайды. Мәселен, «Үкім тек Аллаға тән» аятын ұран ететіндері сияқты.

7. Кәпір санау. Хадисте: «Олар Ислам жұртын өлтіріп, пұтқа сыйынатындарға тиіспейді[10]», - делінген. Міне, бұл белгі хауариждерде басқа жат ағымдардан бөлек етіп тұрады. Олар өздерінің ұстанымына келіспейтін әрбір мұсылман жамағатын кәпір санап, оларды өлтіруді рұқсат деп біледі. Құртуби: «Оның себебі, олар өздеріне қарсы шыққандарды кәпір деп үкім беріп, олардың қанын төгу адал етті», - дейді. Сонымен бірге, «Олардың бидғаттарына қарсы шыққан мұсылмандарға кәпір деп шешім шығарып, қаны мен мал-дүниесін өздеріне адалдайды[11]», - деп айтылған.

8. Сырт бейне. Олар басқа адамдардан айрықша бөлек етіп тұратын бір белгі ұстанады. Әрине, ол белгі заманына сай өзгеріп түрленіп тұрады. Мәселен, байрақ, киімнің түсі немесе бейнесі болуы мүмкін. Хадисте: «Олардың белгісі шашты тықыр алдыру[12]»,-делінген. Құртуби: «Олар бұл белгіні өздеріне дүние зейнетіп тәрк етудің бір нышаны және өздерін танытатын белгі етіп алды», - дейді.

Міне, хауариж тобының хадистегі бейнесі. Әрине, оқырман осы белгілер арқылы жат ағымды сонау жерден-ақ тани алады. Хауариждер «хауарижбін» деп жар салмайды. Тіпті, бұл күнде олардың аты талай рет өздерді.

Серікбай қажы ОРАЗ

ҚМДБ наиб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы


[1] Ибн Хажар, Фатхул Бари, 12/287

[2] Бұхари, Әбу Дауд

[3] Фатхул Бари

[4] Ахмед

[5] Муслим

[6] Мұттафақун алейһи

[7] Мусаннаф Абдураззақ

[8] Муслим

[9] Науауи

[10] Мұттафақун алейһи

[11] Мажмуғ фатауа

[12] Бұхари

date15.03.2017readCount5176printБасып шығару