Жетімді қуантқың келсе, асырап ал!

- Әттең... Кеш түсіндім бәрін... Дінге кеш келдік. Бәлкім, біздің жазығымыз да жоқ шығар. Атеистік жүйеде өмір сүрдік қой.
- Мама, не болды, нені кеш түсіндіңіз?


- 10 бөлмелі үлкен үйде өстіңдер. Бала кездеріңде ештеңеден тарлық көрмедіңдер. Сол кезде жетімдер үйінен бала асырап алсақшы. Ең құрғанда бір-екеуін. Үкімет барын берер, бірақ, мейірім бере алмайды ғой балаларға. Мейірімсіз баладан - мейірімсіз қоғам қалыптасады. Апырмай, босқа өткен екен өмірім. Осы бір өмірлік өкінішім болды. 80-ге келген маған енді бермейді ғой...
- Мам, олай демеңізші...
- Өз балаларың болса да, бала асырап алыңдаршы. Ана ретінде аманат айтам сендерге. Жетім бала асырап алып, барыңды беріп, мейіріміңді төксең, Алла да мейірімін төгер сендерге. Жетімді өзіңдікіндей көретін жүрек берсін сендерге, рухани көздерің ашылсын деп күні-түні тілек тілеп жатырмын сендерге...

Менің анам секілді өкініп қалмас үшін, желіде жылт еткен мынау ақпармен бөлісуді жөн көрдім:

Жетім балалардың деректер базасы құрылған.

Балаларды асырап алуға тілек білдіргендерге баланы есепке қою үшін қажетті құжаттар:

1) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы немесе жетім баланы асырап алуға тілек туралы жазбаша өтініш;

2) тұрғын үй-тұрмыстық шарттарға тексеру жүргізу туралы өтініш;

3) жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмелері;

4) баланы асырап алуға жақын туысқандардың жазбаша келісімі;

5) көршілердің 3-тен кем емес ұсыныс хаттары;

6) жиынтық табыс мөлшері туралы анықтамалар;

7) отбасы жағдайы туралы анықтамалар;

8) азаматтардың және жақын туысқандарының денсаулық жағдайы туралы анықтамалар;

9) соттылықтың болмауы туралы анықтамалар;

10) тұрғын үй меншігі құқығын немесе тұрғын үй немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжаттың көшірмесі.

Осы құжаттар тапсырылғаннан кейін, білім басқармасы органдары арнайы комиссияда Сіздің құжаттарды қарастырып, бала асырап алуға болатыны немесе болмайтыны туралы шешім шығарады. Оң нәтиже шығып жатса, Білім беру департаменті Сізге аңсаған ұлыңызды немесе қызыңызды тауып алу үшін балалар мекемелеріне жолдама береді. Екі жұма бойы Сіз баламен серуендеуге келіп тұруыңыз қажет. Егер де бала сізге үйрене алмай, сізден қорқып қалса да, сіз шыдамдылық сақтаңыз. Баланың шартын орындаңыз, қатты табандылық көрсетпеңіз, тәрбиешілермен достасып алыңыз, олар баланың мінез-құлқын, ерекшеліктерін түсінуге сізге көмек көрсете алады.

Танысу кезеңі өткеннен кейін сіздің және балалар мекемесі басшысының қорытындысы жазылған баланың құжаттары сотқа жіберіледі. Отырыс күні белгіленеді. Белгіленген күні Білім беру департаменті қамқоршылық және қорғаншылық органының өкілі және балалар мекемесінің басшысы, сонымен бірге прокурордың қатысуымен соттың жабық отырысы басталады.

Баланы асырап алу жөніндегі соттың шешімі шыққаннан бастап 15 күн өткеннен кейін ғана баланы алып кете аласыз.

Баланың заңды өкілдерінің келісімі туралы да ұмытуға болмайды. Баланы асырап алу үшін егер олар ата-ана құқығынан айрылмаса, оның ата-анасының келісімі қажет. 16 жасқа толмаған, кәмелетке толмаған ата-аналар баланы асырап алғанда, сондай-ақ заңды өкілдердің келісімі қажет (жазбаша түрде рәсімделеді, міндетті нотариалдық растауға) жатады. Кәмелетке толмаған ата-аналардың заңды өкілдері болмаған жағдайда немесе баланы кәмелетке толмаған ата-ана туғанда медициналық ұйымда қалдырса және оның тағдырына 3 айдан артық уақытта ешкім алаңдамаса, қамқорлық немесе қорғаншылық бойынша қызметті жүзеге асыратын органның келісімі қажет.

Мынадай жағдайларда баланы асырап алуға ата-анасының келісімі талап етілмейді:

1) сотпен белгісіз немесе өлген деп жарияланған, із-түзсіз кеткен деп танылғандар;

2) сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылғандар;

3) сотпен ата-ана құқығынан айрылғандар;

4) баламен бірге тұрмайды және сотпен негізсіз деп танылған себептер бойынша алты айдан артық тәрбиелеу және асыраудан бас тартқандар. Егер анасы ауруханада баладан бас тарту туралы жазса, ата-анасының келісімін растайтын өзге құжаттарды талап ете алмайды.

Баланы асырап алғысы келетіндерге қойылатын талаптар да аз емес.

Отбасында баланың қалыпты физикалық, психикалық, рухани және адамгершілік даму, тәрбие және білім алуы үшін шарттар болғанда рұқсат етіледі.

Сонымен Қазақстанда бала асырап ала алмайтындар:

1) сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған немесе әрекеті шектеулі деп танылған адамдар;

2) сотпен әрекетке қабілетсіз немесе әрекеті шектеулі деп танылған ерлі-зайыптылардың бірі;

3) сотпен ата-ана құқығынан айрылған тұлғалар немесе ата-ана құқығы сотпен шектелген адамдар;

4) ҚР заңдарымен оған жүктелген міндеттерді тиісті емес орындау үшін қамқоршы немесе қорғаншы міндеттерінен шеттетілген адамдар;

5) егер асырап алу олардың кінәсі бойынша сотпен жойылса, бұрын бала асырап алғандар;

6) *денсаулық жағдайы бойынша ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдар *;

7) тұрғылықты жері жоқ адамдар;

8) дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды ұстанатын адамдар;

9) асырап алу сәтінде қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар (соттылықтың болмауы туралы онлайн анықтама алу);

10) азаматтығы жоқ адамдар;

11) анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқығынан айрылуына байланысты үш жылдан кем емес баланы нақты тәрбиелеу жағдайларын қоспағанда тіркелген некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрмайтын ер адамдар;

12) асырап алу сәтінде ҚР заңнамасымен белгіленген, асырап алынатын балаға ең төменгі күнкөріс деңгейін қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдар;

13) наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдар.

Бұл жерде жұп бір баланы тәрбиелеу үшін міндетті түрде некені тіркеу керектігін білу керек. Жұпқа некеде болмай, бір баланы асырап алуға болмайды.

Сондай-ақ, жастағы айырмашылықты да ұмытпаңыз. Асырап алушы мен асырап алынатын баланың жасындағы айырмашылық 16 жастан кіші емес және 45 жастан үлкен болмауы тиіс. Сотта негізді деп танылған себептер бойынша жастағы айырмашылық қысқартылуы мүмкін.

Жыл санап елімізде жетім балалардың саны азайып келеді. Бұл ең біріншіден, бала асырап алудың есебінен мүмкін болуда. Егер тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстанда ата-анасыз қалған тұл жетімдердің саны 100 мың болса, қазір олардың саны 29 мыңға дейін азайды. 21 мың бүлдіршін асырап алынды және өздеріне қамқор болатын отбасыларын тауып отыр. Бүгінгі таңда жетімдер үйінде 8 606 бала қалды, оның 1 460-ы асырап алуға жатады. Бұлар тұл жетімдер, қалғандарында туған ата-аналары бар, бірақ олар ата-ана міндетін атқармауда. 100 мың жетім болған, қазір олардың саны - 1,5 мың. Қазір мемлекеттік органдар асырап алу жүйесін ашық, заңмен қатаң сәйкестігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқаруда. Басты басымдық - балаға жайлы болатын отбасыларды таңдау. Жүйелі жұмыс бұрыннан жасалуда, бірақ соңғы кездері оның нәтижелері жариялылыққа ие бола бастады. Егер қоғам бұдан әрі де немқұрыйлылықтан арылып жатса, ата-анасыз қалған балаларға құшақ ашуға дайын отбасы саны артар еді.

Дина Елгезек
date13.03.2017readCount3049printБасып шығару