АҮБ: Хадистерде айтылған Дәжжалдың сипаттары


Хузайфадан риуаят етілген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Дәжжалдың сол көзі соқыр, қалың шашты кісі. Оның қасында жәннәт пен от болады. Оның оты жәннәт, жәннәты болса тозақ" деген (Муслим риуаяты).

Хазіреті Хузайфа (р.а.) Хазіреті Пайғамбарымыздың былай дегенін риуаят етеді: «Әлбетте, мен Дәжжалдың қасында болатын нәрселерді одан жақсы білемін. Оның қасында ағып жатқан екі өзен бар. Олардың біреуі – көздің нұрын алатын аппақ су. Екіншісі – көздің жанарын алатын өз-өзінен тұтанып лаулап жанған от. Егер де кімде-кім оны көретін болса, от болып көрінген өзенге барсын. Содан кейін басын суға батырсын, артынан иіліп одан су ішсін. Өйткені, ол өзен мұздай су болады. Дәжжалдың көзі көрмейді. Көзінің үстінде қалың теріден болған перде бар. Оның екі көзі арасында кәпір деген жазу жазылған. Ол сөзді жаза алатын да, жаза алмайтын да әрбір мумин кісі оқиды» (Муслим риуаяты).

Хазіреті Әбу Бәкір Сыддықтан (р.а.) жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз: «Дәжжал шығыс аймағынан, Хорасан деген жерден шығады. Оған ергендердің жүздері терімен қапталғандай ірі денелі адамдар болады» (Тирмизи риуаяты) деген.

Әбу Амр әд-Данидің риуаят еткен бір хадисінде Дәжжал жайында былай делінеді: «Дәжжал шықпастан бұрын үш жыл жаңбыр жаумайды. Бірінші жылы жауатын жаңбырдың үште екісі жауып, үште бірі жаумайды. Жерді қолдап суарғанмен өсімдіктердің үште бірі шықпай қалады. Екінші жылы жауатын жаңбырдың үште екісі жаумай қалады да, өсімдіктердің үште екісі шықпайды. Үшінші жылы Алла Тағала жауын жаудырмай, өсімдіктерді шығармай қояды. Тіпті көктен бір тамшы су тамбай, жерден бір көгерген өсімдік шықпай қалады. Қуаңшылықтың болғандығы соншалық жер беті мыс секілді, көк жүзі шиша секілді болады. Адамдар ашаршылыққа ұшырап, өліммен тайталасып жатады. Сол кездерде фитналар, көтерілістер, төңкерістер көп болып адамдар бір-бірлерін өлтіреді. Мұның ақыры жер бетіндегі ірі  апаттарға ұласады. Міне, осындай қиын-қыстау кезде Исфаханнан Яһудилер ауылы деп аталатын жерден малғұн Дәжжал қашырға ұқсас, құйрығы кесілген бір есекке мініп шығады. Есектің екі құлағының арасы қырық құлаш ұзын болады. Бір аяғынан екінші бір аяғына дейінгі қашықтық төрт күндік жол. Дәжжал қолымен бұлттарды ұстайды. Алдында тұманды тау, артында да сол секілді тау бар. Екі көзінің арасында «кәпір» деп жазылған. Дәжжал елге қарап:

- Мен сендердің үлкен Раббыларыңмын, - деп айқайлайды. Дәжжалға еретіндер өсім жейтіндер мен зинадан туылған балалар»  (Китабун-Нихая, Ибн Кәсир, 1 том/131 бет)[1].

Басқа бір хадисте Хазіреті Пайғамбарымыз Дәжжалды сипаттаған кезде былай деп келтіреді: «Күмәнсіз, маған дейінгі пайғамбарлар өз үмметін Мәсих Дәжжалдың фитнасынан қорқытқан. Дәжжалдың:

1. Оң көзі соқыр.

2. Сол көзінде теріден қалың бір перде бар.

3. Екі көзінің арасында «кәпір» деген сөз жазылған.

4. Өзімен бірге екі жазық бар, біреуі - жәннат, екіншісі – тозақ.

5. Қасында пайғамбарларға ұқсас екі періште бар. Егер қажет болса ол пайғамбарларды өз атымен, әкесінің атымен айтып беремін.

6. Періштенің бірі Дәжжалдың оң жағында, екіншісі сол жағында тұрады (Екі періштенің бұлай тұруы адамдарды сынауы үшін). Содан Дәжжал адамдарға:

- Мен сендердің Раббыларың емеспін бе? Мен жан берушімін әрі өлтіремін, - дейді. Бұдан кейін періштелердің бірі Дәжжалға:

- Сен өтірік айтып тұрсың, - дейді. Бірақ бұл сөздерді адамдардың ешбірі естімей қалады. Ал екінші періште оның сөзін естіп, ол періштеге:

- Дұрыс айтасың, - деп үн қатады. Адамдар бұл жолы періштенің сөзін естіп, ол періште Дәжжалдың сөзін растап тұр екен деп ойлайды. Міне, сондықтан да Дәжжал үлкен бір бүліктің, адам айтқысыз фитнәнің басы болады.

Осыдан кейін Дәжжал сапарын жалғастыра отырып, Мәдинаға дейін келеді. Бірақ оның Мәдинаға кіруіне рұқсат етілмейді. Сонда Дәжжал:

- Бұл жер Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мекені, - дейді.

Осы жерден ол кері қайтар жолға шығып, Шамға барады. Алла Дәжжалды Афиқ өткеліне жеткенде өлтіреді» (Ахмед ибн Ханбал риуаяты).

Мына бір хадисте де Дәжжалдың бойынан табылатын белгілері жөнінде айтылады. Убада ибн Самиттен жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз: «Әлбетте, мен сіздердің адасушылыққа түсулеріңнен қорыққандықтан, Масих Дәжжал жайында көптеген мағлұмат бердім. Енді жақсылап ұғып алыңдар. Масих Дәжжалдың белгілері:

1. Дене бітімі ірі, қарынды, бірақ бойы аласа.

2. Аяқтары қисық.

3. Бұйра шашты.

4. Бір көзі соқыр.

5. Екінші көзі бұлыңғыр.

6. Көзі қабағынан шығып та тұрған жоқ, шүңірейіп те тұрған жоқ. Егер Дәжжалдың жайы сіздерге күмәнді болса, Раббыңыз көр емес екендігін жақсы біліңіздер» (Ахмед ибн Ханбал риуаяты)[2].

Дәжжал жайында айтылған хадистердің бірінде оның оң көзі соқыр десе, екінші бір хадисте сол көзі соқыр деп айтылады. Яғни, бұл жерде негізгі мәселе оның көзінің көр екендігі. Бір көзінің көр, ал екінші көзінің терімен қапталғандығы да екінші көзінің де соқыр болуға таяп қалғандығын білдіреді, сондықтан жоғарыдағы риуаяттардың қай-қайсысы болса да дұрыс дейді ислам ғалымдары.


[1] Имам Шарани, ж.к.е., 480-482 бет.

[2] Имам Шарани, ж.к.е., 483-484 бет.

Смайыл Сейтбеков
date07.03.2017readCount4474printБасып шығару