Қарғыс алма, алғыс ал!

Хазірет Сағыд (р.а.) Куфа қаласында әкім болып тұрған кез. Бұл хазірет Омардың (р.а.) халифа болып тұрған уақыты еді. Бірде Куфа халқынан бір топ кісі келіп өздеріне әкім болып табылатын хазірет Сағыдтың үстінен шағым түсіреді. Шағымда мына мәселелер айтылады: хазірет Сағыд намаз оқуды білмейді, әскерді өзі бастап соғысқа қатыспайды, әділдік танытпайды. Хазірет Омар (р.а.) бұл шағымды естігенде, Меккеде исламды алғашқы жетінші кісі болып қабылдаған бұл қадірлі сахабаны дереу Мәдинаға шақыртады. Мәдинада хазірет Сағыдпен жүздеседі. Оған үстінен қандай мәселе бойынша шағым түскенін білдіреді. Әрине, бұл хазірет Сағыдқа жеңіл тимейді. Көңілі түсіп, әділ болғанын, намазды пайғамбарымыздан көргеніндей етіп оқытқанын айтады. Десе де хазірет Омар ол кісіні міндетінен алады. Өйткені әлгіндегідей адамдардың қиындығын осы тартқаны да жетер деп есептейді. Бұдан ары қинағысы келмейді. Орнына хазірет Аммарды жібереді. Оған қосып екі кісіні шағымның анық-қанығын тексеріп келу үшін міндеттейді. Хазірет Сағыд осы сапарда арнайы тағайындалған әлгі екі кісімен бірге жүргісі келетінін білдіреді. Хазірет Омар өзі міндетінен босатқан бұл қадірлі сахабаның сөзін жерге тастамайды. «Онда әлгілердің айтқанын өз құлағыңмен естіп қайт» дейді келісімін беріп.

Тағайындалған екі кісі мен хазірет Сағыд Куфада ел ішін аралап, мешіттерге тоқтайды. Кездесіп, жолыққандардың бәрі хазірет Сағыд жайлы жақсы пікірлерін айтады. Тек бір мешітте ғана (Бәну Абс мекені атты мешіт) Үсама атты әлдекім орнынан түрегеліп, былай дейді:

«Иә, Сағыдтың үстінен түскен шағым негізсіз емес. Өйткені ол әскерді өзі бастап соғысқа шықпайды, дүниені теңдей бөлмейді, үкімді әділ бермейді» дейді. Бұны естігенде хазірет Сағыд (р.а.) күйініп былай дейді:

«О, Жасаған ием! Егер мына кісі өтірік сөйлеп, жұрттың алдында беделімді түсіру үшін осыны әдейі айтып тұрған болса, онда мен де өзіңнен мына үш нәрсені тілеймін:

Уа, Аллам, бұл кісінің ғұмыр жасын ұзақ ет!

Бірақ оны сіңірі шыққан кедей ет!

Көзі жұмылып, өмір бойы жаманшылықтан көз ашпасын!»

Арадан көп жыл өтеді. Сол кездегі оқиғаға куә болған әрі осы деректі кейінгілерге жеткізген кісі былай дейді:

«Мен көп жыл өткен соң әлгі кісіні көрдім. Қатты қартайғандықтан, мыж-тыжы шығыпты. Көзі шүңірейіп, қасы түксиіп көзін жауып кетіпті. Әбден жоқшылық тартыпты. Әркімнен қайыр сұрап әрең күн көріп жүр екен. Осы жасына қарамастан әлдеқандай әйелдің даусы естіле қалса болды, солай қарай асығатын. Әр әйелдің соңынан қалмай тиісетін. «Мына қалжыраған жасыңа қарамай, әйелдерде нең бар?» дегендерге былай дейтін: «Мен не істеп жүргенімді өзім де білмеймін. Кезінде Сағыд қарғаған еді, содан осындай күйге түстім» (Бұхари, Азан, 95).

date04.03.2017readCount4511printБасып шығару