Нәпсісін жеңе білген жігіт

Мешітте бес уақыт намазға азан шақырып, мешіт имамдарына көмекші болып жүрген осы жігітті көргенде, кімнің болса да жүрегі елжірейді. Туғаннан екі аяғы кемтар болса да, бал-бұл жайнаған жүзінен оны сезбейсіз. Керісінше Қайраттың нұрлы да  жайдарлы жүзінен әрдайым қуаныш көресіз.
Оның бойынан Құранда: "Алла оларға разы, олар да Аллаға риза..."(Бәйинә, 8) - деп келген аяттағыдай сипатты табасыз.
Өзі спорттың қолкүрес (армрестлинг) түріне қатысып, параолимпиадаларда ауданда, облыста, республикада жеңіп, кейін Түркияға да барып жарысқан екен. Сол жарыста басынан өткен оқиғаны айтып берді:
"Жарыста бірінші орынды алғалы тұрғанмын. Қарсыласым жасы үлкен түрік, ол да мүгедек орындығымен келген. Бір уақытта өзімнің нәпсімді тыңдап көрсем, даңдайсып,мақтанып барады екен:
- Әй,нәпсі тәкаппарланба, сен күшті емессің Алла күшті,-деп, жарыс басталғанда әдейі жеңіле салдым. Қарсылас та, жаттықтырушым да әдейі жеңілгенімді біліп қойды.
Мен болған жайды айтып беріп едім, мені жеңген түрік ағаға аударып еді, ол кісі келіп менің маңдайымнан сүйіп:
"Нағыз мұсылман екенсің бауырым. Мен болсам олай ете алмас едім. Жеңіп тұрып, жеңіле салдың", - деп таңданысын жасыра алмады. Мен ішімнен нәпсімді жеңуге қуат берген Аллаға шүкір етіп тұрдым.
Ал, біз солай ете аламыз ба?

 

***

Тағы бір қызық, мешіттің имамы ай соңында Қайраттың еңбегін берсе, қолын қойып, алған соң қайта жәшікке апарып салады екен, мәнісін сұраса: "Аллаға шүкір, менің зейнетақым бар, маған берді, қайта салдым, садақам", - деп жауап береді.

Расында, арамызда осындай ғажап жандар бар екенін кейде байқамай қаламыз ғой шіркін...

Мешіт жамағаты өзіне акуммулятормен жүретін мотоцикл алып беріпті. Байқасам, бұрынғыдай емес, балдақпен де сүйеніп жүре бастапты. Ендігі арманы адал жар сүйіп, әке болсам деп жүр. Алла жар болсын бауырымызды арманына жеткізсін!

Мешітке келсеңіз, үнемі осы жігітті табасыз. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жеті түрлі адамға Алла тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен орын береді, Олар: әділ имам (басшы), Аллаға бойұсынып өскен жігіт, мешітке жүрегі байланған кісі, бірін-бірі Алла жолында жақсы көріп, Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін мәжілістерінен айырылатын екі кісі, мансапты да көрікті әйел шақырғанда: мен Алладан қорқамын деген кісі, Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа еткен кісі;, жалғыз қалғанда Алла тағаланы еске алып, көзінен жас алған адам» (Бухари), - деп баян етілгендей, жүрегі мешітке байланған жандар осындай болар-ақ.
Алла баршамызға осындай ықыласты нәсіп етсін!

Абдолла Байжігіт
date03.03.2017readCount6451printБасып шығару