Құлқын мен құмыра
Алысқа сапар шеккен екі жігіт жолда кездесіп, біріне-бірі серік болады. Күндердің күнінде екеуі бір таудың етегіне жетіп, сылдырлап аққан бұлақты көреді. Бұлақтың қасындағы биік жартаста екі құмыра тұр екен. Құмыраның біреуі үлкендеу, сырты зерлі, әсем болса, екіншісі қарапайым, кішілеу көрінеді екен. Екі ыдыстың астындағы жартастың бетіне «Ей, жолаушы! Қалағаныңды таңда, қазынаға жолығарсың. Бірақ таңдағаныңда не барын бір бие сауым уақыттан соң анықтап қара!» деп жазылыпты. 
Сонда маңдайы жарқыраған, кең иықты жігіт қасындағы жолдасына таңдау кезегін ұсынады. Серігі бірден келісіп, құмыраның әсемдеу келгеніне қол созады. Екіншісінің еншісіне кіші құмыра тиеді. Құмыралар салмақты екен. Біраз жүрген соң екеуінің қары талады. Сәл дамылдаған соң, қақпағын ашып ыдыстың ішіне үңіледі. Кіші құмыраға алтын, гауһар молынан салыныпты. Ал үлкенінің іші толған топырақ екен. Сонда алғаш таңдаған жігіт қатты өкінген деседі.
Тәмсіл. Бие сауым уақыт дүние базарында жұрт кісіні сырт ажарына, беделіне қарап таңдайды. Байлығы, билігі барды жанына медет тұтады, иіліп төсек, жайылып жастық болады, қажет уақытында көңілін табады. Бірақ уақыт өте келе, тойымсыздың құлқынын топырақ толтыратынын біліп, түбінде опық жер. Ал сәл сабыр сақтап, оймен барлаған жан қарапайымның да кеудесінен гауһар табады. Сонымен мұңдас, сырлас болады. Даңқ пен беделдің олар үшін тарыдай, достық көңілдің таудай қадірі бар. Жер қойнауына енгенше, біріне-бірі рух сәулесін, жұпар шашып жүрер.
Нұртай АЛТАЙҰЛЫ
date25.02.2017readCount5115printБасып шығару