Дүниеден «Уау» болып өтейік

Хафиз Осман деген хуснихад өнерінің бір шебері болған екен. Сол Хафиз Осман бір күні Стамбұлдың Анадолы жағасынан бұғаз арқылы қарсы бетке өтпек болып қайыққа отырады. Қайық жағалауға жетіп қалғанда қайықшы жол ақысын жинауға кіріседі. Хафиз Осман ақшасын үйінде ұмытып кеткенін есіне түсіреді. Не істерін білмей абдырап қалған шебер: «Саған бір «уау» әрпін жазып берейін. Сурет сататын сатушыларға апарып сатарсың, ал түскен ақшасы бүгінгі жол ақым болсын» дейді. Қайықшы амалсыз көнеді. Содан бір күні әлгі қайықшы сурет сатушылардың жанынан өтіп бара жатып, Хафиз Османның суреті есіне түседі. Қалтасынан жазуды алып, сол жерде отырған бір сатушыға ұсынады. Сатушы жазудың Хафиз Османдікі екенін бірден танып, әжептәуір бағаға сатып алады. Сатушының берген ақшасы қайықшының бір апталық табысынан көп еді. Бірде Хафиз Осман тағы да әлгі қайықшының қайығына мінеді. Жол ақысын жинауға шыққан қайықшы Хафиз Османды көре салып: «Сізден ақша алмаймын, бар болғаны бір «уау» әрпін жазып бере салыңыз» дейді. Қайықшының бұл сөзіне езу тартқан Хафиз Осман: «Уау» әрпі әр уақытта жазылмас. Сен дұға ет. Келесі жолы мен тағы ақшамды үйде ұмытайын. Сол кезде жазып берермін» дейді. Міне, сол кезде арзан болмаған «уау» әрпі, Түркия елінде бүгін де өз бағасын жоғалтқан емес.

«Уау» әрпінің негізгі сыры, асыл мәні Алла алдында бас қойып, дәрменсіздігін мойындаған, бойұсынып басын төмен иген, адамдарға әдептілік танытып, кішіпейілділік көрсеткен момын құлдың бейнесін еске түсіреді. Яғни, «уау» адамның Алла алдындағы құлдығының символы. Бір қарасаңыз «уау» әрпі ана құрсағында жатқан нәрестенің де бейнесіне ұқсайды. Түріктерде: «Адам «уау ﻭ» боп туар, жүре келе өзін «әлиф ﺍ» (мұрнын көкке шүйірген, тәкаппар адамның бейнесіне ұқсағандықтан) санар» деген сөз бар.

Ендеше, «уау» болып дүниеге келіп, сол дүниеден «уау» болып өтейік!

Салтан Сайранұлы
date21.02.2017readCount6875printБасып шығару