Тұрмыс құрмаған қызбен үйлену

Жар таңдауда ер жігітке айтылған кеңестердің бірі – есік көрмеген оң жақтағы қызды таңдау. Ал оның артықшылығын Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде былай баяндайды:

«Есік көрмеген қыздарды алыңдар. Өйткені олардың тілі тәтті, құрсағы берекелі және аз нәрсеге разы болып келеді»[1].

Бірде Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Уа, Алланың елшісі, егер сіз бір баққа кірсеңіз, ол жерден жемісі желінген ағаш және жемісіне ешкім тиіспеген ағашты көрсеңіз, қайсысына баратын едіңіз?» − деп сұрайды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жемістері желінбеген ағашқа барамын», − дейді. Сонда Айша анамыз: «Олай болса әлгі ағаш менмін»[2], − деп, Алла елшісіне өзінің ғана қыздай тұрмысқа шыққанын мақтан еткен.

Сол кездегі мына оқиға да ғибрат аларлық. Бұл туралы Жабир ибн Абдулла (р.а.) баяндайды:

«Әкем қайтыс болды. Артымда жеті бірдей қарындасым қалды. Содан мен бір жесір әйелге үйлендім. Артынша Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жолықтырғанымда ол менен: «Үйлендің бе?» – деп сұрады. Мен: «Иә», – дедім. «Қызға ма, жоқ әлде, бұрын-соңды тұрмыс құрған әйелге ме?», – деп сұрады. Мен: «Жесір әйелге үйлендім», – деп жауап бердім. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Одан да өзіңмен ойнап-күлетін, сен де онымен ойнап-күле алатын жас қызға үйленбедің бе?» – деді. Мен: «Әкем қайтыс болып, артында қарындастарым жетім қалды. Сол себепті қарындастарыммен құрбылас жас қызды алуды ерсі санадым. Оларға қарайтын, дұрыс тәрбие беретін әйел алуды жөн көрдім», – деп жауап бердім. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алла саған берекесін берсін», – деп разылығын білдірді»[3], – дейді. Демек, кей жағдайда тұрмыс құрмаған қыз қайырлы болса, кей жағдайда жесір әйелге де үйленудің де қайыры бар. Бұл ер кісілердің ақылға салып шешетін ісі.

Жар таңдау мәселесінде Жүсіп Баласағұн бабамыз да хадистерде айтылған өсиеттерді өзінің өлеңдеріне арқау еткен екен:

«Әйел алмақ болсаң егер қарарсың,

Жіті бағып, таңдаулысын аларсың.

Жақсы болсын тегі, заты, ұрығы,

Пәк ұятты, болсын жанның тұнығы.

Дұрыс үйдің қызы ол қол тимеген,

Сенен өзге еркек жүзін көрмеген.

Сені сүйіп, басқа жанды білмесін,

Жаман тексіз қылық істеп жүрмесін».


[1] Ибн Мажә, Никаһ, 7.

[2] Бәйһәқи, Сүнән, VII, 81-бет.

[3] Сахих Бұхари 5/2347, 6024

Шәмшат Әділбаева
date17.01.2017readCount5074printБасып шығару