Қазіргі әжелер қандай ертек айтады?

Бір күні Шымкент-Алматы бағытына қатынайтын поезға екі немересін қасына ерткен әжемен бір купеге отырдым. Немерелерінің шулағанын қойдыра алмай, айтқанын істете алмай келе жатқан әже ұялы телефонына қайта-қайта үңіле берді. Қайта-қайта қарай бергені – далалық жерде желі болмай, байланысқа шыға алмай отырғанынан екен. Бір бекетке тоқтағанымызда, байланыс болып, біреуге қоңырау шалды. «Әй, пәленше, қалайсыңдар? Қазір «Ананди» басталады, маған не болғанын айтып отыршы, кеше қызық жерінен бітіп еді. Мен қазір поезда едім, көре алмай қалатын болдым деп ішім жанып бара жатыр. Ертең қайта береді, бірақ соны қазір білгім кеп тұр ғой», – деп күлді де, ұялы телефонды өшіріп, немерелеріне тыныш деп қойды. Поез жүрді, тағы да байланыс ажырады. Қасымдағы әжемен танысып, сөйлесе бастадық.

25 жыл мектепте тарих пәнінен сабақ беріпті. 25 жыл «атаң маймыл» деп үйреттік деді. Мен әжеден: «Бірақ соңында «атаң маймыл емес» деп айтқан боларсыз?» – дегенімде, маған таңырқап: «Неге олай емес, біз совет үкіметінде солай үйрендік, солай оқытты, солай қалды. Біз совет үкіметінің адамымыз ғой», – деп жауап берді. Қазір совет үкіметі емес, ақиқатты табуыңызға ешкім кедергі емес, Құранға сенемін дейсіз, Рахман сүресінде Адамның топырақтан жаралғандығы жайында айтылған деп ғылыми тұрғыда да қаншама дәлел келтірсем де, ойланбады да, тыңдап жарытпады. Әжеге «Ананди» туралы айтқанын естігенімді айтап:

– Үндінің сериалын не мақсатта көресіз? – деп сұрақ қойдым.
– Жай, қызық үшін ғой. Уақыт өткізіп... – деп жауап берді.
– Уақыт өткіземін дейсіз. Өзі ары қарай аз уақыт қалған жоқ па? Көп бөлігі онсызда өтті. Арғы өмірге дайындығыңыз бар ма? Намаз оқып дегендей..., –деп сұрадым. «Азғантай ғана уақыты қалғанда, сериалды осынша қатты уайымдап отқан адамда қайдан дайындық болсын» деп ішімнен ойлап қоямын. Менің сұрағымды ұнатпады ма, жауап қатпады. Мен тағы да:
– Немерелеріңізге Анандиден тәрбие бересіз бе? –  деп сұрадым. Неге бұлай сұрағанымның мәнісін түсініп:
– Ә, жоқ! Кеше қызық жерінен бітіп еді, соған ғой, не болады екен деп күйіп жатқаным.
– Сериалға жаны құмар, қайдағы біреудің өмірін талқылап, пайдасы да, зияны да жоқ, өзін танымайтын үнділерді уайымдап жүрген әжеден немерелері қандай өнеге алады екен?! – деп сұрақты төтесінен қойдым.  Маған тесіле қарап:
– Менің нем бар!? Өз ата-анасы бар, тәрбиені өздері береді, – деді.
– 25 жыл ұстаз болыпсыз, немерелеріңізге тәрбиелік маңызы бар аңыз-әңгіме, даналық сөздер айтасыз ба? – деп сұрадым. Менің бұл сұрағыма:
– Қазіргі жастар тіл алады дейсің бе, ондай аңыз-әңгімеге қызығатын бала қалмады ғой! – деп жас ұрпақты кінәлады. Ары қарай әңгімелескеннен пайда шықпайтынын түсіндім.

Терең ойға кеттім. Шынында, кім кінәлі?! Дүние есігін аша салып, тіл алмайтын бұзақы жастар ма, кәріс, түрік, үндінің сериалындағы отбасының уайымын өзінің отбасынан артық қойған үлкендер ме?! Кешегі Абай атамыздың «Дара Абай, дана Абай» деп аталуына ең көп үлес қосқан оның әжесі Зере емес пе?!  Зеренің ұлағатты сөздерінен Ұлы Абай нәр алып өскен жоқ па?! М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайт­қанда» дейтін тарауында: «Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. … Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан ...Абай қажымай, жалықпай ылғи ғана ынтыға тыңдайтын» деп келетін жолдар бар. Әңгімені дәмді қылып айтса, неге қазіргі жастар тыңдамайды?!

Мұхтарды биік белеске жеткізген әжесі Дінәсілдің берген тәлім-тәрбиесі мен рухани мұрасы епес пе еді?!

Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы болған – Айғаным ше?! Болашақ ғалымның сан-салалы ілім мен ғылымның қайталанбас қайраткері болып қалыптасуына ықпал еткен, көркіне ақылы сай, білімді, парасатты әже Айғаным емес пе?! Оған тәрбие беруде сұлтан әулетінен шыққан әжесі Айғанымның ықпалы күшті болды. Ол жас Шоқанға ежелгі қазақ аңыздарын, әңгімелерін, мақал-мәтелдері мен даналық сөздерін жиі айтып отыратын. Міне, осыдан Шоқан Шоқан болды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлы да әжесінің өнегелі ертегісі мен аңыздарынан нәр алып өскен жоқ па еді?! Бауыржан Момышұлы өзінің «Ұшқан ұя» еңбегінде: «...Бірде-бірі нақ өзімнің әжемдей, әке-шешем мен ауылдың қадірлі ақсақалдарындай өсиет айдынына жүздіре алған жоқ, молынан құлаш сермете алған жоқ», – деп өзінің өміріне ықпал еткен әжесінің өсиетін атап айтып еді. Қазақ қоғамының сүт бетіндегі қаймағындай болған азаматтарының, тарих парағына есімі өшпестей етіп қашалған тұлғалардың қалыптасуында да әжелердің сіңірген еңбегі зор болғанын көреміз.

Қазақтың қай шығармасын алсаң да, бұрынғы ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігіне, өміріне үңілсек, бəрі намазда, бəрі шариғатты жақсы біледі, бəрі Құранның ақ жолымен жүреді... Қазіргінің əжесін қарап тұрсаң жастармен жарысып шаштарын неше түрлі ғып қыйған, етегін қысқартып, кеудесін ашып  алған. Сөйтіп жүріп жастарға наразы болады.

Болашақ ұрпақты тәрбиелеуде әженің рөлі өте маңызды. Бесікке салу, бесік жырын айту, шілдехана секілді салт-дәстүрге әже тікелей қатысты. Қазақ қоғамында әулетті тура жолдан тайдырмай, дұрыс жолға салуда, жастарды тәрбиелеуде ақ жаулықты әжелердің алар орны қашан да ерекше болған. Әжелер барлық тәрбиенің, барлық құндылықтың бастауында тұрады. Обал, сауап, ынсап, парыз, аманат, борыш, қанағат секілді ұғымдар маңызының айқындалып, бала санасына тереңнен сіңуіне де әже ықпалының айрықша болғаны айдан анық. Әжелердің тәрбиесі жас аналар, келіндер, бойжеткен қыздар үшін бала тәрбиесінің академиясы іспетті. 

Әрине, барлық әжелерді кінәлаудан аулақпын. Ұрпағына жаза басқызбай, сақтандырып, өнегесімен өрісін кеңейткен әжелер болған, келешекте де бола береді.

Батыстан келген «сыртқы күштермен» бізге сіңіп жатқан мына заманда осы бір рухани құндылықтан ажырап, яғни әжелер салған ізгі жолдан жаңылмасақ екен.  «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді Мұхтар Әуезов. Бұл бесіктің түп негізін әжелер қалайтыны белгілі. Бұл ұлағатты сөз кез келген адамды, ең алдымен, өз елінің салт-дәстүріне деген жанашырлыққа, ұлттың ұлы мұратына деген адалдыққа, Отанға деген шынайы тазалыққа үйретері және имани нұрға жетелері хақ.

Мақала болашақ әжелерге арналады.

Айдос Әділбекұлы
date10.10.2016readCount3623printБасып шығару