old.muslim.kz Төсек жаңғыртқың келмей ме? - Muslim.kz
Төсек жаңғыртқың келмей ме?

Табиғиндерден болған Әбу Уадаға былай әңгімелейді:

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мешітінде өтетін атақты табиғин Сағид ибн Әл-Мүсәйябтың алқасына үзбей қатысып жүрдім. Көпшілікпен араласып, білім алуға тырыстым. Бір кездері бірнеше күн бара алмай қалдым. Сол кезде Сағид ибн Әл- Мүсәйяб мені іздепті. Мені ауырып қалды ма, әлде бір жағдай болды ма деп ойлапты. Алқаға қатысушылардан сұрапты. Бірақ ешкім мен жайында хабарым бар деп айта алмапты. Біраз күннен кейін қайта барғанымда, мені қолпаштап:

– Қайда болдың, Әбу Уадаға? – деп сұрады. Мен оған әйелімнің қайтыс болғанын, соның жұмыстарымен бос болмағанымды айттым. Сонда ол:

– Неге бізге хабар бермедің? Біз саған көңіл айтып, жаназасына қатысатын едік. Саған көмектесер едік.

– Алла риза болсын! – деп тұруға асыққанымда тоқтатып, мені алып қалды.

– Төсек жаңғыртқың келмей ме?

– Алланың мейірімі болсын! Кім мен сияқты жетім, кедей өскен жігітке қызын берсін. Менің 2-3 дирхамым ғана қалды.

– Мен саған қызымды беремін.

Тілім күрмеліп, сөйлей алмай қалдым. Әрең дегенде:

– Сіз бе? Менің жағдайымды біле тұра қызыңызды маған үйлендірмексіз бе?

– Иә. Діні мен мінез-құлығы ұнағандарға береміз. Сенің діндарлығыңа біз дән ризамыз, – деп айналасына қарап, жақын отырғандарды шақырды. Адамдар жиналғаннан кейін, Алла Тағаланы мақтап-мадақтап, Пайғамбарына салауат пен сәлем айтып, қызын маған қосты. Қалың малын екі дирхам етіп тағайындады. Мен қуанғанымнан әрі таң қалғанымнан не дерімді білмей тұрып кете бердім. Үйге келісімен, тұтқан оразамды ұмытып кетіппін. Өз-өзіме «Бұдан да өлгенің артық, Әбу Уадаға! Өзіңе не істедің? Кімнен аласың енді?! Кімнің есігін қағасың!» деп жүйкемді жеп шықтым. Ойланып жүріп мағриб уақытының кіріп қалғанын азан даусынан білдім. Парызды оқып болып, аузымды нанмен, маймен ашып отырғанымда, есік қағылғанын естідім.

– Кім? – деп сұрағанымда:

– Сағид, – деп жауап берді. Ойыма мен білетін Сағидтердің бәрі келіп, тек осы Сағид ибн Әл-Мүсәйяб қана кірмеді. Өйткені, ол қырық жыл бойы тек өз үйі мен мешіт арасында ғана жүретін. Есікті ашсам, алдымда Сағид ибн Әл-Мүсәйяб тұр. Көкейіме үйлендіру жайында пікірін өзгерткен екен ғой деген суық ой келді.

– Сіз шақыртсаңыз жетіп келер едім ғой. Неге әуре болдыңыз? Үйге кіріңіз, – дедім.

– Жоқ, саған бір жұмыспен келіп тұрмын.

– Алланың мейірім болсын, ол не шаруа?

– Бүгіннен бастап менің қызым – Алланың заңы бойынша сенің жұбайың болды. Қасыңда сағынышыңды басатын жан жоқ екенін білемін. Сенің басқа жерде, әйелің басқа жерде жатқаны дұрыс емес деп саған алып келдім.

– Өзіңіз әкелдіңіз бе? Құрыдым!

– Иә.

Қарасам артында қызы тұр. Ол қызына бұрылып:

– Күйеуіңнің үйіне Алланың атымен, берекесімен кір, қызым, – деді.

Қадам баса беріп, ұялғанынан етегіне сүрініп құлап қала жаздады. Мен де таң қалып, не айтарымды білмей сасып қалдым. Кенеттен әлгі жеп отырған тамағым есіме түсіп, үйге келіншегімнен бұрын кіріп, легенді шырақ алдынан ығыстырып тастадым.

Жоғарыға көтеріліп, көршілерді шақырдым. Олар маған:

– Не болып қалды қараңғы түнде? – деп менен сұрап жатыр.

– Сағид ибн Әл-Мүсәйяб бүгін қызы мен менің басымды қосты. Жаңа ғана қызын өзі алып келіпті. Енді бар жөн-жоралғысын жасауға өздерің көмек беріңдер, – дедім.

Сонда бір кемпір:

– Сенің есің дұрыс па? Не деп тұрғаныңды өзің білмейсің-ау. Сағид қызын қалай саған бере салсын? Өткен жолы қызын халифа Уәлид ибн Әбдүлмәликке бермей қойған Сағид қалайша қызын кешке өзі саған алып келеді? – деп сене алмай отыр.

– Иә, сол, – деп жауап бердім. Келіңдер, көріңдер, сол қыздың өзі.

Әйелдер әлі сенер емес. Үйге кіріп, келіншегімді көріп, бастау айтып жатыр.

Үш күннен кейін көргенімде мұндай жанның дүниеде бар екенін енді біліп, таңқалдым. Мәдиненің ең сұлу әйелі, Алланың кітабын түгел жаттап алған, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін риуаят етуде алдыңғы қатарда, күйеуінің құқығын ең жақсы білетін келіншек екен.

Кейін мешіттегі шәйхтің алқасына келдім. Сәлем беріп, амандастым. Маған сәлем қайтарды да, артық ләм демеді. Дәріс біткеннен кейін бәрі тарасып, екеуімізден басқа ешкім қалмады. Маған:

– Әбу Уадаға! Жұбайыңның жағдайы қалай? – деп сұрады.

– Дос қызығатындай, дұшпан қызғанатындай жағдайда, – деп жауап бердім.

– Аллаға шүкір!

– Үйіме қайтып оралғанымда, тіршілігімізге жарататын көп қаржы жіберіпті, – деп аяқтайды ол өз әңгімесін.

date30.09.2016readCount15693printБасып шығару