Отбасындағы қатынас

Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалық дәуірінде бір жігіт келіп:
– Уа, мүміндердің әмірі! Әкем мүлкімнің барлығын алып, жаратып жіберуді қалайды, – деп әкесінің қылығына арызданады.
Әбу Бәкір (р.а.) әлгі жігіттің әкесіне қарап:
– Шын мәнінде оның мүлкінің ішінде сенің белгілі үлесің ғана бар. Қалғаны оның мүлкі,–дейді.
Әлгі жігіттің әкесі өзін ақтап:
– Уа, халиф! Пайғамбар (с.ғ.с.): Сен де, сенің малың да әкеңе тиесілі деп айтқан емес пе?! – дейді дауыстап.
Әбу Бәкір (р.а.):
– Ия, солай. Бірақ, бұл сөздің мағынасы – әкеңе қарайлас дегенді білдіреді, бар болғаны сол ғана – деп пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисын түсіндіріп береді.

Картинки по запросу family in islam

Әңгімеден алатын пайдалы сабақ

Отбасында әркімнің белгілі құқығы бар, егер адам сол мөлшерден асатын болса, онда басқаның құқығына қол салғаны, зұлымдық жасағаны.

Исламда отбасы мүшелерінің бір-бірінің алдында борыштары бар екені мәлім. Мысалы, әкенің бала алдындағы міндеті, ұлдың әкесінің алдындағы борышы сияқты т.б. Бірақ, жоғарыда айтылған оқиғадағы сияқты: «Менің, баламда ақым бар» деп баланың да жеке құқығы мен мүлкіне жөнсіз қол салуға әсте болмайды. Сол сияқты бала да отбасында «Бұл менің борышыма кірмейді» немесе «Мен міндетті емеспін», – деп ата-анасына қарсы келмеуі де шарт: Сағад ибн Масғут Ибн Аббаспен болған мына әңгімесін риуаят қылады:

«Мен Ибн Аббасқа:
– Менің әскерге барғым келеді. Ал, ата-анам дәлірек айтсам, әкем мұны құптамайды. Не істейін? – деп сұрадым. Сонда Ибн Аббас:
– Ата-анасы бар адам оларға күндіз-түні жақсылық жасасын,– деді. Мен:
– Олардың екеуіне де ме? –деп сұрағымды нақтыладым. Ол:
– Иә, олардың екеуіне де – деп, кейін: «Әлбетте, Алла ата-анасына жақсылық жасағанға жәннаттың есіктерін ашып қояды. Кім жақсылық жасап күн өткізсе, Алла әлбетте оған күні бойы жәннаттың екі есігін ашады. Ал егер, түнде жақсылық жасаса, оған түні бойы жәннаттың екі есігі ашық тұрады. Егер ата-анасының бірі ғана болса, оған күндіз жақсылық жасаса, күні бойы жәннаттың бір есігі ашық болады. Ал, түнде бір жақсылық жасап сосын жатса, оған түні бойы жәннаттың бір есігі ашық тұрады. Ата-ананың бірі ашуланса, ол разы болмайынша, Алла тағала разы болмайды, – деп түсіндірді.

Мұны естіген мен:
– Ал егер ата-анасы залым болса ше? – деп сұрадым. Ол маған:
– Залым болса да, – деп жауап берді».

Екінші пайдалы сабақ

Отбасындағы қарым-қатынас тек сүйіспеншілік пен өзара түсінушілік негізінде болатыны белгілі. Әйтпесе, баланың ата-ана алдындағы, әке-шешенің балалар алдындағы сияқты борыштары жетерлік. Мұсылман адам отбасына, жақындарына, өзін қоршаған азаматтарға жылы сөзбен және жақсы қарымғатынаста болуы тиіс. Бір күні екі адам келіп, пайғамбарға (с.ғ.с.) былай деп сұрақ қойыпты:

– Уа, Алланың елшісі! Адамдардың арасынан көркем сөзге ең лайықты адам кім?
– Көркем сөзге ең лайық адам – сенің анаң, – деп жауап береді.
– Сонан соң кім? – деп сұрайды.
– Көркем сөзге ең лайық адам – сенің анаң.
– Сонан соң кім? – деп сұрайды.
– Ең лайық адам – сенің анаң.
Сахаба тағы:
 – Сонан соң кім? – деп сұрайды.
Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Кейін, сенің әкең лайық. Сосын барып, кезекпен жақын туыстарың келе береді, – деп кімге жақсы сөз сөйлеу керектігін айқын көрсеткен.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
date10.09.2016readCount3126printБасып шығару