old.muslim.kz Соңғы тілек - Muslim.kz
Соңғы тілек

Зәйд ибн Амр ибн Нүфәйл – Исламға дейін тәухид сенімін жақтайтын ханиф дінінде болған кісі. Ол яһуди мен христиан діндерін зерттей келе, бұл діндердің көп бұрмалауға ұшырағанын көрді. Ақиқат дінді табуға қатты құмартты. Шам тарапына жол тартып, көне жазбаларға қанық кісілермен жүздесті. Ақыры бір монахты жолықтырды. Монах оның жағдайын түсініп:

–  Ей, Меккелік адам, қазіргі діндерден бұлтартпас ақиқатты табуың қиын. Одан да өз еліңе қайт. Аллаһ өз қауымыңнан Ибраһимнің дінін қайтадан жаңалаушы біреуді жібереді. Егер соңғы пайғамбарды көруге өмірің жетсе, соған мойынсұн, – деп кеңес береді.

Бұны естіген Зәйд дереу атының басын кері бұрды. Хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлық міндет жүктелгенде, Зәйд оны көре алмады. Өйткені жолай қарақшылардың қолынан қаза тапты. Өлер алдында оның:

–  Я, Раббым, бұл шапағатты істен мені құр қалдырсаң да, ұлым Сайдты  құр қалдыра көрме, – деп дұға еткендігі айтылады.

Содан болар, ұлы Сайд ибн Зәйд (р.а.) Ислам дінін шын жүрегімен қабылдаған алғашқы мұсылмандардың бірі болды. 

Құдайберді Бағашар
date02.08.2016readCount5388printБасып шығару