old.muslim.kz
Мұсылман және уақыт
Дінмұхаммед Сманов
Үйімде зағип бар
Халиме Карабулут
Әжесінің сөзі әліге дейін құлағының астында жаңғырып тұр: «Құлыным-ау, намазды осыншалықты кешіктіруге бола ма екен?». Әжесінің жасы жетпіске таяп қалса да азан дауысын естуімен-ақ, қарт жасына бергісіз жылдамдықпен орнынан тұрып, намаз оқитын еді. Ал, ол нәпсісін еш жеңе алмайтын. Намаздарын қашанда артқа тастап келеді. Сосын асығып-аптығып оқитын еді. Міне, осылар оның ой елегінен өтіп, сағатқа қарады.
Ақшамның кіруіне 15 минут қалыпты. «Намазды тағы кешіктірдім ғой», - деді өзіне-өзі. Жылдам дәрет алып, беті-қолын сүртпей бөлмесіне жүгірді. Тағы да солай асығыстықпен ғибадатын тәмамдады. Таспих тартып отырып, оның ойынан әжесі кетпей қойды. «Мына түрімді көрсе, ұрысып берген болар еді. Шіркін, әжем жарықтық қалай намаз оқушы еді!...»
Дұға жасап болғасын екі иығына ауыр жүк артылғандай әбіржіңкіреп барып сәждеге қарай созыла қалды. Көздері де жұмылып бара жатты. «Бүгін қатты шаршаппын» деп, ұйқыға кеткенін де байқамай қалды.
Қиямет күні... Махшарда адамдар қарбалас үстінде. Біреу не істерін білмей, орнынан тапжылмай тұрып қалған. Ал, кейбіреулер жан-жаққа аласұрып қашып жатыр. Тағы біреулер басын екі қолының арасына алған күйі тізесін бүгіп отыр...
Оның жүрегі кеудесінен шығып кетердей дүрсіл қақты. Маңдайынан мұздай тер ақты. Тірі жүрген кезінде қиямет пен сұрақ-жауап, таразы туралы оқыған болатын. Бірақ, Махшардың осыншалықты қорқынышты боларын ойламаған еді. Есеп-қисап жалғасып жатыр...
Бір кезде оның есімі аталды. Далбасалап бір оң жағына, біресе, сол жағына қарады. «Менің атым аталды ма?», - деп еріндері дірілдеді. Осы кезде аламан екіге бөлініп, қарсы алдында ұзын жол пайда болды. Екі періште екі иығынан ұстап алға қарай сүйрелей бастады. Таразының алдына барғанда екеуі де жоқ болды.
Оның бүкіл өмірі көз алдынан өтіп жатыр еді. «Шүкір, әйтеуір», - деді өзіне өзі, - «Өмір бойы тек дін жолында қызмет еткендермен бірге болдым. Әкем мал-дүниесін Ислам үшін сарп етті. Неше түрлі шариғаттың жөн-жоралғысын жасап, елге ас беретін. Ал, анам үйге келген барлық қонақты күліп қарсы алып, дастархан жаятын. Мен де адамдарға қызмет еттім. Оларға Алланың дінін түсіндірдім. Намаз оқыдым, ораза ұстадым. Не парыз етілсе, соның бәрін орындадым. Арамнан қаштым».
Көздерінен жас төгілген күйі: «Раббымды сүйемін»,- деп қайталап жатты. «Не істеген болсам да жәннатқа кіруім үшін жеткілікті емес, үмітім тек Алладан».
Есеп-қисап ұзағынан жалғаса түсті. Оның өне бойы дірілдеп, қара терге түсе бастады. Осы арада оның басынан неше түрлі ойлар өтті. Бір кезде қолына қағаз ұстаған періште адамдарға қарап үкімді оқуға кірісті. Ең бірінші оның есімі оқылды. Аяқтары дәрменсіз күйде еді. Құлап түсуге таяу тұр. Бірақ, бүкіл ыждаһатымен періштенің жеткізер шешіміне құлақ түріп тұр.
Алаң бір сілкініп түсті. Ол жәһаннамға үкім етіліпті! «Не?...». Өз құлағына сенбей жатты. «Мүмкін емес!...», - бүкіл дауысын салып ақырды. Есінен ауысқанша жан-жаққа жүгіре бастады. «Қалайша тозақтық боламын? Бүкіл өмір бойы дін үшін қызмет еттім ғой!»
Періштелер тағы да екі иығынан алды. Аяқтарын жерге тигізбей жалыны аспанға өрлеген жәһаннамға қарай сүйреп алып кетті. Ол тынбай жанталасты. Ауызынан жарым-жартылай сөздер шығып жатты: «Қызметтерім... ұстаған оразаларым... Құран оқығандарым... намаздарым... Ешбірі құтқарып қалмай ма мені?». Жанұшыра айқайлап, жалбарына бастады. Кәне, енді, періштелер құлақ салса ғой.
Бір кезде жәһәннамға өте жақын қалды. Тіпті, ыстық оттың лебі сезіле бастады. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Үйінің алдынан ағып жатқан суда күніне бес рет жуынатын адам қандай тазаланса, күніне бес уақыт оқылған намаз да адамды дәл осылай күналардан пәктейді», - деген еді. «Олай болса, намаздарым мені құтқарып қалмай ма?», - деп ойлады. «Намаздарым... намаздарым... намаздарым...»
Періштелер оның жалбарынып жатқанына мүлде мән бермеді. Жәһаннам арасына жақын келді. Одан шығып жатқан жалын бет-жүзін күйдіріп жіберетін дәрежеде еді. Ол үміт толы көздерімен артқа қарады: жоқ, ешқандай көмек жоқ! Қолынан ұстап тұрған саусақтар ажырала бастады... Оны тозаққа қарай итеріп жіберді.
Тура осы кезде оның қолын біреу іліп алды. «Ия, Алла!». Басын көтеріп жоғарыға қарады. Аппақ сақалы бар, жүзі нұрлы бір шал оны жәһаннамның ортасынан тартып алып жатыр еді.
- Сіз кімсіз?, - деп сұрады, алапат мекеннен алыстаған күйі. Жүзі нұрға толы ақсақал күлімсіреді:
- Мен сенің намаздарыңмын!