old.muslim.kz
Мұсылман және уақыт
Дінмұхаммед Сманов
Үйімде зағип бар
Халиме Карабулут
Жазғы демалысқа шығысымен әке-шешесі Сәбитті айран-қымыз ішсін, құрт-май жеп толыссын деп, ауылдағы атасының үйіне апарып тастады. Сәбит енді жайлауда асыр салып жүр. Ет жеп, қымызға қызара бөртіп жүретін болды. Енді ол бұрынғы жүдеу Сәбит емес, көркі көз тартарлық палуан Сәбитке айналды.
Атасы оған бір қара қасқа тай сыйлады. Сәбит тай мініп шапқылауды да үйреніп алды. Жайлаудағы балалармен жарыса түскенде басқаларды шаңына да ілестірмеді.
Бір күні атасы екеуі балық аулауға барды. Мөп-мөлдір өзеннің ішінде балықтар көзге емін-еркін шалынады. Лыпылдап жүрген шабақтарды көргенде қуанғанынан алақайлап жүгірді. «Сен шегіртке ұстап әкел», – деді атасы Сәбитке. Сәбит тынбай шегіртке қуалады. Сәбит: «Ата мұнда балық көп екен, анау, жүрген шортан емес пе?» Мен енді үлкен бір шегіртке ұстап әкелейін, шортан түсер ме екен деді де жүгіре жөнелді. Кенет Сәбиттің «ата-ау!», «ата» мынау немене? тез...жет» деп айғайлаған дауысы қатты шықты. Қармағын қоя салып атасы да жүгіре жетті.
- Ата, мынау немене, шегіртке патшасы ма? - деді өңі өзгеріп. Көз алдындағы жап-жасыл жәндікті нұсқап.
- Ол дәуіт шегіртке ғой құлыным - деді атасы.
- Адамға тимей ме?
- Жоқ, бұл адамға дос, ешкімге залалы жоқ. Өте жақсы жәндік.
- Құйрығындағы пышағы не ата? – деп сұрады Сәбит көзі алақандай болып. Ұстасаң қолыңды кеспей ме?
- Жооға, ол өзінің қорғаныс құралы ғой! Жыланнан қорғанады. Ұстасаң ештеңе де етпейді деді атасы.
- Ата, таспен бір қойып езе салайыншы!
- Жоқ, құлыным. Өйтпе обал болады.
- Неге, өлтіріп қармаққа шаншыйықшы.
- Болмайды, балам, өзіңе ешқандай қастығы жоқ тіршілік иесін өлтіруге болмайды. Тіпті құмырсқаның өзін өлтірсең жаман болады. Күнәкар боласың. Шөп екеш шөптің өзін бет алды таптауға, жұлуға болмайды. Судың да сұрауы бар, балам. Обалына қаласың! Есіңде болсын деді.
- Неге?
- Негесі бар ма? Олардың да әке-шешесі, бала-шағасы бар. Егер мына дәуітті өлтірсең үйіндегі бала-шағасын кім бағады. Олар жетім қалады ғой! Торғайды өлтірсең, балапандары аштан қырылады. Аққу екеш аққудың жұмыртқасына тиісуге болмайды, киесі атады. Сен жайлауда жүрсің әке-шешең сені сағынып жүрген шығар. Бұлар да сендер сияқты тіршілік иесі, бұларды да Құдай жаратқан. Ешкімге қылдай қиянаты жоқ. Осыны есіңе сақтасаң қапыда қалмайсың! Жүр үйге кеттік, деп атасы қармағын жинастыра бастады. Сәбит ұялғанынан басын салбыратып ләм-мим деместен атасының артынан ілесе жөнелді.
Бұл оқиға көпке дейін Сәбиттің көз алдынан кетпей қойды. Бір күні бүлдірген теруге шыққан Сәбит кішкентай достарынан адасып қалады. Достарын іздей-іздей шаршайды. Әбден қалжырағандықтан ұшқаттың түбінде, жыланқияқтың үстінде маужырап ұйықтап қалады. Кенет басы айналып, құсқысы келді. Ысылдаған дауыстан ояна кеткен еді. Ұшқаттың пұтағында қара шұбар жылан өзін арбап жатыр екен. Енді біраз болғанда есінен танып, улы жылан шағып өлтіретіндей. Қап-қара айыр тілін жалаң-жалаң еткізеді. Сәбиттің денесі жансызданып, қозғала алмай қалыпты. Жылан әбден арбап тастаған екен. Иіріліп келіп дізесіне топ ете түсті. Мұздай суық. Кеудесіне қарай сырғып келеді. Сәбит тек шынтақтап жатып, басын көтеріп қарауға ғана шамасы келді.
Осы сәт Сәбиттің кеудесіне жыланның қарсы алдына үлкен бір дәуіт ұшып келіп қонды. Атасының дәуіт адамға дос, қас жауы жыланнан қорғайды деген сөзі есіне оралды. Дәуіт керемет шапшаң қимыл көрсетті. Кері айналды да жыланды артқы екі аяғымен келістіріп отырып бір тепті. Жылан жерде тыпырлап жатты. Дәуіт жыланның екі көзін ағызып жіберген екен. Сосын пышағымен жыланды бөлшектеп-бөлшектеп тастады. Сәбит дәуітті өлтірмекші болғанына бұрынғыдан да қатты опық жеді. Қыстығып жылап жібергенін де сезбей қалды. Дәуітті қимай-қимай үйіне аяңдап бара жатты. Көз жасын әлі тия алмаған еді.
Болған жайды атасына түгел баяндады. Атасы тыңдап болған соң: «Е, құлыным-ау, ажалдан аман қалыпсың. Ана дәуіт, сен өлтірмекші болған дәуіттің дәл өзі екен. Жыланды өлтіріп, сені ажалдан арашалағаны саған деген алғысын білдіргені ғой! Шегіртке болса да неткен адал десеңші! Біз адамдар кейде осы шегіртке құрлы құнымыз жоқ» деп толқып кетті.