old.muslim.kz «Құдайдан қорқам» - Muslim.kz
«Құдайдан қорқам»

Бұрынырақта Исрайылұлдары арасында құлшылыққа берілген тақуа бір кісі өмір сүрді. Күндердің күні сол отағасының дастарханы жұтап, бала-шағасымен аш қалды. Түк таппаған кезде шарасыздықтан бір нәрсе тауып келу үшін әйелін көшеге жұмсады.

Әйелі бір саудагердің үйіне барып, бала-шағасының қатты ашыққанын айтып, көмек сұрады. Саудагер болса әйелге: «Көмек беремін, бірақ...» – деп өзінің жаман ойы барын білдіреді. Әйел ештеңе де жауап айтпастан кері бұрылып үйіне қайтып кетеді. Үйіне барғанмен, көзі қарайып аш отырған балаларын көргенде, жүрегі шыдамай қайта сыртқа шығады. Лажсыз саудагерге барады. Саудагерге бала-шағасының аш қалғанын айтып, тағы да көмек беруін сұрайды. Саудагер: «Менің ұсынысыма көнесің бе?» – дегенде, лажсыздан келісетіндігін білдіреді. Екеуі оңаша қалған мезетте күтпеген жерден әйелдің аяқтары дірілдеп қалтырай бастайды. Тіпті сүйектері сынып кетердей қатты қалшылдайды. Саудагер: «Саған не болды?» – дегенде, әйел: «Құдайдан қорқам», – деп жауап қатады. Сонда саудагер: «Сен мынадай қатты қиналғаныңа қарамастан, күнә жасауға Құдайдан қорқып тұрсың. Анығында сен емес, менің қорыққаным жөн ғой», – деп жаман пиғылынан бас тартады. Әйелге жәрдем беріп, үйіне қайтарады. Әйел алғандарын бала-шағасына әкеліп, балалары тойынып, қатты қуанады.

Осы кезде Аллаһ тағала Мұса пайғамбарға уахи түсіріп: «Пәлен деген құлыма айт, мен оның барлық күнәларын кештім» дейді. Мұса пайғамбар саудагерге жолыққанда, «Айтшы, ол қандай сауабы мол құпия іс?» – деп сұрайды. Саудагер болған оқиғаны әңгімелейді. Сонда Мұса (а.с.) оған: «Ендеше, осы амалың үшін Аллаһ тағала өткен күнәларыңның бәрін кешірді», – деді. 

Құдайберді БАҒАШАР
date15.02.2016readCount6669printБасып шығару