old.muslim.kz
Мұсылман және уақыт
Дінмұхаммед Сманов
Үйімде зағип бар
Халиме Карабулут
Есік қағылғанда, кәрі әже таяғына сүйеніп орнынан баяу түрегеліп, дәліз бойлай сыртқы есікке беттеді: келгендер ұлының әскердегі достары екен. Екеуі де әженің әжімді бетінен сүйіп, амандасқаннан кейін ұзын бойлысы: – Апа, біздің уақытымыз тығыз. Сізге әшейін кіріп, амандасып, қал-жағдайыңызды біліп шығайын деген едік, – деді имене.
– Үйбай-ау, үйге кірген жыланның да басына ақ құйып шығарып салмаушы ма еді?! Асықпай отырып, дәмнен ауыз тиіңдер. Астан үлкен кім бар, – деп күйбеңдеген қарт ана баласының тірі кезінен қалған әдеті бойынша айтуын айтса да, істің арты қалай боларын сезбеген еді.
Екінші әскери киімді болса, қолындағы сағатына қарап: – Жарайды, апа, сіздің айтқаныңыз-ақ болсын. Бірақ қарнымыз тоқ, көп емес екіден жұмыртқа қуырып жіберсеңіз, сол да жетеді. Басқаға әуре болмаңыз, – деді. Онысы жеңіл-желпі де жетер, қарт ананы үлкен тамаққа әурелемейін дегені әрі ауладан қыт-қыттап жүрген тауықтарды да көзі шалып қалғандығынан еді. Бірақ олар сол тауықтардың соңғы күндері екі-ақ жұмыртқадан басқа тумай қойғандығынан хабарсыз болатын.
Қарт ана ас үйге аяңдап бара жатып әлгі балалармен әскерге барып Отан үшін жау қолынан соғыста шейіт болған өз ұлын еске түсірді. Ол да мына достары секілді үй тауықтарының жұмыртқасын қуырып жегенді ұнататын. Әжей дірілдеген қолдарымен жұмыртқаларды жармақ болып жатып, тұрмыс тапшылығына іштей налыды. Сөйте тура кедейлігін білдірмеудің жолдарын қарастырып жатыр. Бәрі де мейлі ғой, бірақ екіден жұмыртқа қуыра салыңыз онда деген бұл балаларым табақтарында бір-бірден жұмыртқа көргені маған қиын болатын болды-ау, әй қу жоқшылық, деп күрсіне қолға алған жұмыртқаларын жарған қарт әжей өз көзіне өзі сенбей аңтарылып қалды. Өйткені екі жұмыртқаның екеуінен де қос-қостан егіз уыз шыққан болатын.