old.muslim.kz Екі рет жеміс берген құрма ағашы - Muslim.kz
Екі рет жеміс берген құрма ағашы

Харун Рашид уәзірі екеуі бір күні халық арасына шығыпты. Ел ішін аралап жүріп құрма ағаштарының көшетін отырғызып жатқан бір қарияға жолығыпты. Амандасқаннан кейін араларында мынадай әңгіме өрбиді:

- Алла Тағала қолыңызға қуат берсін! Қария, мына істеп жатқаныңыз не?
- Құрма ағаштарының көшетін отырғызып жатырмын.
- Ал, бұл егіп жатқан құрма ағаштарыңыз қашан гүлдеп, қашан жеміс бере бастайды?
- Е, кім білсін енді оны, мүмкін жиырма жылдан кейін үлкейіп жеміс бере бастайтын шығар.
- Ол кезде өміріңіз жетіп, көре алар ма екенсіз?
- Мына қартайған қалпымда көре алмайтын шығармын. Бірақ, бізге дейінгілердің жемісін жедік қой, біз де бізден кейінгілердің қажетіне жарасын деп құрма көшеттерін отырғызып жатырмыз.

Қарияның бұл жауабына тәнті болған Харун Рашит қалтасынан бір кесе алтын алып, қарияға ұсынады. Қария Аллаға шүкіршілігін білдіреді де артынша:

- Отырғызбай жатып ағаштарымның жеміс бергені қызық болды-ау.., - дейді.

Бұл сөзді естігенде Харун Рашит оған тағы да бір кесе алтын береді. Әуелден Аллаға шүкір еткен қарт бұл жолы да күлімсіреп былай деді:

- Елдің отырғызған көшеттері жылына бір-ақ рет жеміс берсе, менікі әу дегеннен екі рет жеміс берді.

date28.12.2015readCount5851printБасып шығару