old.muslim.kz
Мұсылман және уақыт
Дінмұхаммед Сманов
Үйімде зағип бар
Халиме Карабулут
Омардың (р.а.) заманында ішкілікке салынған бір мұсылман болыпты. Жақындары қанша ескерту жасағанымен, осы бір жаман әдетінен өздігінен айыға алмайды. Туыстары жаны ашып «бұл әрекетіңнен Омар хабардар болса, жағдайың қиын болмақ» десе де, құлағына ілмейді.
Омардан (р.а.) қаншалықты ұзақта жүргенімен, араға уақыт салып, ұнамсыз әрекеті халифаның құлағына жетеді. Омар (р.а.) хатшысын шақыртып, «Рахман әрі аса Рақымды Алланың атымен (бастаймын). Ха Мим. (1) Кітаптың түсірілуі, өте үстем, аса білуші Алла тарапынан. (2) Күнәны жарылқаушы, тәубені қабыл етуші, азабы да қатты және кеңшілік иесі. Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Әрі қайтар орын Сол жақ. (3)» деп басталатын «Мүмін» сүресінің алғашқы үш аятын жаздырады.
Қызметшісіне хатты табыстап тұрып: «Егер ол мас болатын болса, толығымен өз-өзіне келгенін күт. Мастығы тарқағаннан кейін ғана хатты қолына ұстат», – деп тапсырма береді. Айтқандай-ақ, қызметшісі үш күн күтіп, мастығы тарқаған соң қолына хатты ұстатады. Қызметші хатты Омардың (р.а.) беріп жібергенін айтқанында, хатты оқып тұрған әлгі кісі:
– Бұны жіберген Омар емес.... Менің тәубеме келуім үшін хатты Раббым жіберді... Мендей күнәһар құлын назардан тыс қалдырмаған Жаратушым неткен мейірімді еді... Арақты біржолата тастаймын, мүлдем аузыма алмаймын, – деген сөздерді өксік араласқан дауысымен әрең айтты.